Діни салада атқарылған жұмыстар аз емес
Ақпанның 21 жұлдызында, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқа мәжілісінің жұмысына ҚР Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, дінтанушы ғалымдар және сарапшылар қатысты.ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Министрліктің 2017 жылы атқарған жұмысының қорытындылары және ағымдағы жылға жоспарланған міндеттері туралы баяндама жасады. Министрліктің жұмысы үш стратегиялық мақсатты орындауға бағытталған: зайырлылық принциптерін қамтамасыз ету және діни тұрақтылықты сақтау; азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың серіктестігін дамыту; елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жастарды тарту үшін жағдай жасау. Басты бағдары анықталған маңызды сала, өткен жылда атқарылған жұмыстары мен келер жылға деген жоспарларымен бөлісті.
Дін саласы.ҚР Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Тұжырымдама негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы аясында 12 нормативтік құқықтық актіге (3 кодекс пен 9 заң) 53 түзетулер енгізу қарастырылған. Қазіргі уақытта Заң Парламент Мәжілісіне енгізілген. Қазіргі таңда ғаламтор желісіне бақылау жүргізудің өзіндік жүйесі қалыптасып та келе жатыр. Бұл төңіректеде біраз жұмыстар атқарылған екен. 2017 жылы тек қана министрлікпен 10 774 интернет-ресурстың мазмұнына талдау жүргізіліп, оның ішінде күмән тудырған 3555 сайт анықталды. Сондай-ақ, 4332 материалға діни сараптама жүргізілді, оның ішінде 196 объектіге теріс қорытынды берілді. Олардың ішінде қылмыстық атқару жүйесіндегі кітапхана қоры да бар. Олардың ішінде 13 деструктивті контент анықталған.
Азаматтық қоғам саласы. «Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Құжат 2017 жылдың мамыр айында Парламент Мәжілісіне енгізілді.«Волонтерлік қызмет туралы» ҚР Заңы қабылданды, волонтерлік ұйымдардың реестрін жүргізу бойынша ережелер қабылданды. Үкіметтік емес ұйымдарға грант тағайындау ережесіне өзгерістер енгізілді.«Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорының» жұмысы жолға қойылды. Дерекқорда 2017 жылы 3 мыңға жуық қазақстандық және шетелдік ұйымның тәжірибесі жинақталды.«Қоғамдық кеңестердің Үлгілік ережесін бекіту туралы» Үкіметтің Қаулысы әзірленді. Құжатта қоғамдық кеңес жұмыстарының тетіктері нақты жазылған.Азаматтық қоғам саласында жалпыұлттық диалог шеңберінде басты екі диалог алаңдарының жұмысы қамтамасыз етілді: Қазақстанның азаматтық форумы және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесі.
Жастар саясаты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттерін ескере отырып, 2020 жылға дейінгі «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары өзектендірілді.Жастар ҮЕҰ жобаларын қаржыландыру тәсілдері өзгерді. 2017 жылы алғаш рет гранттық қаржыландыру енгізілді. 2017 жылы жастар ҮЕҰ 30,9 млн. теңге сомасында 3 грант іске асырылды.ҚР Президентінің 2017 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Кеңесті Мемлекеттік хатшы басқарады, құрамына орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары кіреді.ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша жастардың бос уақытын өткізуді ұйымдастыру мақсатында барлық өңірлерде 2020 жылға дейінгі жастардың бос уақытын ұйымдастыру жоспарларын іске асыру басталды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын жыл сайын беру туралы шешім қабылданды. 2017 жылы жазғы демалыстар кезінде «Жасыл елдің» 24 537 жасағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыруға, оның ішінде «Нұрлы жол» объектілеріне — 3 249 адам тартылды.
Бүгінде дін саласы төңірегінде талай шетін жағдайлардың өмір сүріп жатқандығы жасырын емес. Осы саланың маңыздылығын ескерген Елбасымыз, бірер жыл бұрын жаңа министрлк құрған болатын. Сонан бері жаңа мекеме біраз жұмыстың басын қайырып үлгерді. Осыған қанаттас ҚМДБ да, діни саланың қоғамдық өмірдегі беделін күн санап арттырып келе жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жылы деп жарияласа, 2016 жыл – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Әрі осы төңіректе ғылыми еңбектерды жарыққа шығарып, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырған. Ал биылғы жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы деп атау туралы ұсыныс бірауыздан бекітілді. Бұл атаулы дата аясында, «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шаралар өтеді. Мұнымен қоса, отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады. Мешіт жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығын» ашу жоспарлануда. Халқымызыдң рухани әлеміне ықпал ететін маңызды мекеме осылайша қоғамдық ортаның нығаюы, адамдар арасында берекелі де жарасымды қоғам орнату жолында еңбек етіп келе жатыр.
Ерқазы Сейтқали