Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі
Алматы облысы — республикадағы ең ірі көлемді және көпұлтты, түрлі конфессиялар көп қоныстанған аймақ. Осыған байланысты, сәйкесінше, діни бірлестіктер мен филиалдар да аз емес. Республикада тіркелген 18 конфессияның 12-сі өңірде діни қызметін атқарып келеді. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 427 мешіті, 48 орыс православ, 11 Рим-католик шіркеулері, 95 протестанттық және 2 дәстүрлі емес бағытындағы діни бірлестіктері бар. Облыста әртүрлі ұлт өкілдерінің көптігіне байланысты миссионерлік қызметпен келген дін өкілдері де жұмыс атқаруда.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында 25 жұлдызды күндердің шеңберінде діни жетекшілер клубының салтанатты жиынында зайырлы мемлекеттегі діннің рөлін айшықтау мақсатында дін істері басқармасы «25 үлгілі діни ғибадатхана», «25 үздік діни қызметкер», «25 сауапты іс» номинацияларын қарастырып, салтанатты түрде жеңімпаздарын марапаттау рәсімін атқарды. Мемлекет пен дін бөлек ұғым болса да, дін мемлекеттің рухани капиталы әрі әлеуметтік серіктестігі екенін айқындайтын көріністер аз емес. Рухани тәрбиенің қайнар көздерінің бірі — діни кітаптар. Оны шығаруға мемлекеттің мүдделі болуы және үлес қосуы — ішкі саясат тұрғысынан болсын, зайырлылыққа тән руханиморальдық қағидаттар тұрғысынан болсын — заңды құбылыс. Осыған орай, діни әдебиет сатылатын арнайы орындар да бекітілген. Тағы да айта кетерлік жайт, Алматы облысы дін істері басқармасының ғимаратында діни әдебиеттер қоры жинақталған кітапханасы бар. Оның құрамы әрдайым жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Жүргізілген ақпараттық-насихат жұмысы бойынша облыстық, аудандық БАҚ-тарда дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, діни экстремизмнің алдын алу және радикалдық идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған өзекті мәселелер бойынша Алматы облысының дін істері басқармасының, жергілікті атқарушы органдарының, «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының қызметкерлері, ҚМДБ өкілдері мен православ дінінің өкілдері, тілшілер тарапынан облыстық, аудандық БАҚ беттерінде дін мәселесіне қатысы бар қазақ және орыс тілінде мақалалар үнемі жарық көруде.
Облыс бойынша құрамында 383 мүшесі бар 1 облыстық, 3 қалалық, 16 аудандық 20 ақпараттық-түсіндіру топтары жаңартылып жұмыс жасауда. Облыстық ақпараттықтүсіндіру топтарының құрамында мемлекеттік қызметкерлер, беделді азаматтар, Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени топ өкілдері, ҚМДБ имамдары және басқа да діни бірлестіктердің өкілдері, дінтанушы, исламтанушы, теологтар, құқық қорғау органдары қызметкерлері, мәдениет, өнер және спорт саласының өкілдері, партия жетекшілері мен мәслихат депутаттары, мектеп, колледж директорлары мен мұғалімдері, жастар ұйымдарының өкілдері және БАҚ өкілдері бар. Халықты діни сауаттандыру мен жалған діни ағымдарға арбалғандарға көмек беруде теологтардың алар орны ерекше. Соған байланысты Алматы облыстық дін істері басқармасы мен орталықта білікті теолог, дінтанушы мамандар қызмет етуде. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасауда. Түзету мекемелерінің қызметкерлері мен бас бостандықтарынан айырылғандар арасында да жұмыс қарқынды түрде ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, түзету мекемелерінде де экстремистік немесе террорлық әрекеттері үшін жазасын өтеп, бостандыққа шыққан азаматтармен де нүктелі жұмыстар жүргізіледі. Кездесу қорытындысы бойынша түзету мекемесіндегі имамдар тарапынан жүргізілген ақпараттықтүсіндіру жұмыстары нәтижесінде діни көзқарастары дәстүрлі исламға толығымен өзгергенін көріп отырмыз. Ағымдағы жылдың тамыз айында түзету мекемесінен шыққан азамат А. Шалимбаев дін істері басқармасының қолдауымен Алматы қаласы Шет тілдері және іскерлік карьера университетіне «Дінтану» мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Алматы облысындағы діни ахуалды талдау барысында, аймақта тұрақтылықтың, толеранттылықтың, конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулық негізінде айқындалғанын атап өтуге болады. Өткізілген іс-шаралар оң нәтиже беріп, тұрғындардың ақпараттық-танымдық деңгейлерін арттыруға игі ықпал етіп отырғандығын байқатады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанда дін қоғамнан бөлінбеген, сондықтан да мемлекет бұл саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден шет қала алмайды. Сондай-ақ, діни сенім адамгершілік негіздеріне құрылғанын және аса ірі гуманистік әлеуетке ие екендігін ұмытпауымыз керек. Біз оны қоғамның рухани құндылықтарын дамытуға, қазақстандық патриотизмді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға және діни экстремизмнің алдын алуға пайдалануымыз қажет» және де ел бірлігі, адамдардың бір-бірімен татулығы — басты байлығымыз. «Тіліміздің тұғырлылығы, дініміздің тұрақтылығы, ағайынның бірлігі — баға жетпес құндылығымыз», — дегені Қазақстанның жарқын болашағы жолындағы баға жетпес құндылық.
Рахмет Есдәулетов,
Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы