ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ — 111 ЖЫЛ!

Бүгін қазақтан шыққан аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері Қонаев Дінмұхамед Меңліахметұлының туғанына 111 жыл толып отыр!
Осы орайда, біз өзіміздің болашақ кітабымыздың бірер бетін Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мұнда жазғанымыздың барлығы да архив құжаттарына негізделген. Сондықтан, күмәндарыңыз болмасын!

…КСРО-дағы тың игеру науқаны аясында 1960 жылға қарай Н.Хрущевтің Қазақстанға қатысты волюнтаристік жаңа саясаты қалыптасты. Қазақ халқының өз жерінде азшылыққа айналып, ұлт қайраткерлерінің КОКП ОК алдындағы дәрменсіздігін сезінген ол Қазақстанда Тың өлкесін құрып, оны бөліп алып кетуді жоспарлай бастады.
1960 жылы 25 қаңтарда ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ ССР Совхоздар министрлігін құру туралы» жарлығы шығып, министрлік Ақмола қаласына орналастырылды. ҚКСР Совхоздар министрлігіне Қостанай, Ақмола, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының ауыл шаруашылығына басшылық ету міндеті жүктелді. Совхоздар министрі болып бұрын ешқашан Қазақстанда жұмыс істемеген, 1953-1955 жылдары КСРО совхоздарының министрі болған А.И.Козлов тағайындалды. 26 қаңтарда ҚКП ОК хатшыларының міндеттері бөлініп, бекітілді. Д.Қонаев бірінші хатшы әрі ОК бюросына жетекшілік жасауы тиіс болса, Қазақстанға ешқашан қатысы болмаған, 1960 жылға дейін Ресейдің Новгород, Пермь обкомдарының бірінші хатшысы болған Т.Соколов ҚКП ОК-нің Солтүстік облыстарындағы жұмыс жөніндегі бюросының төрағасы болып бекітілді.
1960 жылы 26 желтоқсанда «Республиканың солтүстік облыстарында шаруашылық және мәдениет құрылысын басқаруды онан әрі жақсарту және олардың орасан мол ресурстарын неғұрлым толық пайдалану мақсатымен» деген желеумен ҚКСР ЖК Президиумы төрағасының орынбасары К.Крюкова мен Президиум хатшысы үшін С. Мұқанов қол қойған «Қазақ ССР құрамында Тың өлкесін құру туралы» жарлық шықты. Ол бойынша ҚКСР құрамында Тың өлкесі құрылып, Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жері осы өлкеге енгізіліп, өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласы болып белгіленді. Осы жарлықпен Ақмола облысы таратылып, оның аудандары тікелей Тың өлкесінің қарамағына берілді. 28 желтоқсанда өткен Тың өлкекомының Пленумында Т.И. Соколов бірінші хатшы, С.Б. Ниязбеков екінші хатшы болып сайланды. Ал 29 желтоқсанда шыққан ҚКСР ЖК Президиумының «Тың экономикалық әкімшілік ауданын құру туралы» жарлығы бойынша орталығы Ақмола қаласы болып табылатын, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және таратылған Ақмола облысының Ақмола, Атбасар, Балкашин, Баранкөл, Вишнев, Есіл, Калинин, Қима, Қорғалжын, Макин, Новочеркас, Сталин, Шортанды, Еркіншілік аудандарын біріктіретін Тың экономикалық әкімшілік ауданы құрылып, 1957 жылы құрылған Қостанай және Солтүстік Қазақстан экономикалық әкімшілік ауданы таратылды. Тың өлкелік кеңесі аткомының құрамы бекітіліп, бұрын ешқашан Қазақстанға қатысы болмаған, КСРО Мемжоскомы төрағасының орынбасары болып істеген В.В. Мацкевич атком төрағасы болып бекітілді. Осылайша, Хрущев үй ішінен үй тігіп, Тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алуды жоспарлай бастады.
Н.Хрущевтің Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу әрекеті «көмір өндірісін төмендетіп аламыз» деген ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қасарыса қарсы тұруы және КСРО Минкеңесінің төрағасы Хрущевтің орынбасары А.И. Микоянның қолдауы барысында жүзеге аспай қалды. Осы өзгеріс барысында 1961 жылы 4 қаңтарда ҚКСР Конституциясына тиісінше өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Міне дәл осы кезеңде ҚКСР Минкеңесінің төрағасы Ж.А. Тәшенев қызметінен босатылды. Тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алу бағыты одан ары жалғасты: 1961 жылы 3 ақпанда Тың өлкелік соты ұйымдастырылды; 1961 жылы 11 наурызда ҚКСР ЖК Президиумының «Қазақ ССР Дайындау министрлігін және Қазақ ССР Министрлер Советінің Тың өлкесі жөніндегі Дайындау бас басқармасын құру туралы» жарлығы бойынша құрылған басқарма тікелей Тың өлкесіне бағынатын болды. 1961 жылы 21 наурызда ҚКСР ЖК Президиумының төрағасы И. Шәріповтың жарлығы бойынша Хрущев «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. 1961 ж. 20 наурызда ҚКСР Совхоздар министрлігі таратылып, осы министрлік негізінде еңбекшілер депутаттарының Тың өлкелік Кеңесі аткомының совхоздар басқармасы құрылды және Ақмола қаласын Целиноград қаласы деп атау туралы ҚКСР ЖК Президиумының жарлығы жарияланды. 1961 жылы 21 сәуірде ҚКСР Тың өлкесінің құрамында Целиноград облысы құрылып, облыс құрамына енген Ақмола ауданының аты Целиноград ауданы болып өзгертілді.
Қазақстанды бірнеше өлкеге бөліп, жұлма-жұлмасын шығарып, әрбір өлкені Москвадан келген Т.Соколов сияқты эмиссарларға бағындырған Н.Хрущев 1962 жылдың соңына қарай Маңғышлақ түбегін Түрікменстанға беру туралы бастама көтерді. Бірақ, оның бұл әрекетіне Д.Қонаев тағы да қарсылық білдіріп, нәтижесінде бұл бастама аяқсыз қалды. Ал 1962 жылдың желтоқсан айында Н. Хрущев Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін аудандарын Өзбекстанға беру туралы алдын-ала бекітілген жоспарын Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы И.Юсуповтың ұсынысы арқылы КОКП ОК Президиумында бекітіп, бұл шешімді орындауды Д.А. Қонаевқа табыстады. Осы шешімді орындау жөніндегі тапсырманы естіген кезін Д.Қонаев былай деп еске алады: «Өзімді сабырға шақырып, әдептен аттап кетпеуге тырыстым. Әйтсе де, ойымдағыны іркіп қала алмадым.
— Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын. Біріншіден, біз тың игеруде әлдеқайда бай тәжірибе жинақтадық, екіншіден, шөл даланы игеруді бастаған да біздің республика. Оған тек мақтаның шығымдылығы жөнінен ғана емес, сонымен бірге басқа да өнім түрлерінен аса жоғары көрсеткішке қол жеткізген «мақтарал» совхозы дәлел. Техника мен қаражат беріңіз, мақта өндірісін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы, Оңтүстік Қазақстан республикадағы тұрғылықты халықтың ең тығыз орналасқан жері. Біз отпен ойнап отырмыз: республикалардың арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кетуі мүмкін.
Өкінішті-ақ! Менің айтқан уәждерім Хрущевке мүлдем ұнамады. Өйткені, ол әлдеқашан өз байламын жасап қойғанды».
Н. Хрущевтің мақта өсіретін аудандарын Өзбекстанға беру туралы талабын қолдай қоймаған бірінші хатшы Д. Қонаев 1962 жылы 26 желтоқсанда өткен ҚКП ОК-нің пленумында орнынан алынып, бұл орынға 1914 жылы туған, ұлты ұйғыр И.Юсупов «сайланды». ҚКП ОК-нің шешімі 1963 жылы 19 қаңтарда өткен КОКП ОК Президиумының мәжілісінде мақұлданды. И. Юсуповтың ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы болып «сайлануына» тек қана оңтүстіктегі мақта өсіретін қазақтың жерлерін Өзбекстанға беру үшін ғана емес, Қытай Халық Республикасы мен КСРО арасындағы шиеленіскен саясат та әсер еткені түсінікті. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Сонымен, 1962 жылы 26 желтоқсанда Д.Қонаев ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы қызметінен босатылып, оның Қазақ КСР Ғылым академиясының Тау-кен институтына сұранғанына қарамастан, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Ал 1962 жылы 30 желтоқсанда ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы И. Юсупов пен Қазақ КСР Минкеңесінің төрағасы Д. Қонаев қол қойып, Мақтарал және Киров аудандарын Өзбекстанға беруді ұсынған хат Орталық комитетке жолданды.
Әрине, бүгінгі таңда Қонаев ол хатқа қол қоймауы керек еді, отставкаға кету керек еді деген пікір айту оңай. Бірақ, сол кезде қалыптасқан партиялық тәртіп пен номенклатурада қалыптасқан дәстүрді бұзу ешкімнің қолынан келген жоқ болатын. Кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып тұрған Ж.Тәшеневтің өзі де сол партиялық тәртіпке бағынғандықтан, 1956 жылы 21 қаңтарда ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Елтай Ерназаров қарсы болып (бұл жеке әңгіме), бермей қойған Бостандық ауданын және Мырзашөл каналының маңындағы 95 мың га жерді, Бетпақ даланың бір бөлігін Өзбекстанға беруге қарсы тұра алмаған болатын (бұл да өз алдына жеке әңгіме). Осылайша, 1963 жылы 17 қаңтарда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша аталған қазақ жерлері Өзбекстанға беріліп, 1963 жылы 19 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ КСР және Өзбек КСР арасындағы шекараны ішінара өзгерту туралы» Жарлығымен бұл алыс-беріс заңдастырылды.
Арада екі жылдай уақыт өткенде, 1964 жылғы қазан пленумында Н.Хрущев тағынан тайып, ол орынға Л. Брежнев келді. Осыдан көп ұзамай, 1964 жылы 7 желтоқсанда өткен ҚКП ОК-нің пленумында Д. Қонаев қайтадан ҚКП ОК бірінші хатшысы болып сайланып, бұл шешім 1965 жылы 4 қаңтарда өткен КОКП ОК Президиумының мәжілісінде толықтай мақұлданды.
1963 жылы қаңтарда Өзбекстанға берілген қазақ жерлерін қайтару оңайға соққан жоқ. Ара 8 жыл өткеннен кейін, 1971 жылы 22 ақпанда Өзбекстан КП ОК хатшысы Ш.Рашидов пен Қазақстан КП ОК хатшысы Д.Қонаев бірлесе отырып, Л. Брежневтің атына Киров, Мақтарал және Жетісай (1965 жылы құрылды) аудандарын Қазақстанға қайтаруды сұраған хат жолдады. Осындай хаттың жазылуы жәй ғана формализм болатын. Осы хаттың негізінде 1971 жылы 23 сәуірде КОКП ОК Саяси бюросы аталған жерлерді Қазақстанға қайтару туралы шешім қабылдады. 1971 жылы 28 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша екі республика шекарасындағы ішінара өзгерістер заңдастырылды. Ал осындай жағдайға қол жеткізу үшін Д.Қонаевтың қаншама тер төккені әзірге бір өзі мен бір Аллаға ғана белгілі болар. Бұл мәселе де алдағы уақытта кешенді зерттеуді талап етеді…
Фото РГА КФД қорынан алынған.

Сәбит Шілдебай,
тарих ғылымдарының кандидаты