Домбауыл мерген туралы хикая

Қазақ шежіресінде Домбауыл мерген аты ерекше аталады. Ол бірде әфсаналық Алаша хан жанында жүрсе, бірде тарихи дәуірдегі Жошының тәрбиеші-аталығы.

«Алаш хан-Жошы хан» аңызы

«Алаша ханның Домбауыл деген мергені болған. Түп-тегі Қыпшақ (Аңыздың басқа нұсқаларында Түркімен, Торғауыт болып кездеседі-Ж.А.) . Жошы хан жеті жасқа келгенде, бір күні Домбауыл мергенге: Аңға шығайық, маған бүгін құлан атып бер, құлан атқаныңды көргем жоқ деп болмай мергенді аңға, құлан атуға алып шыққан екен. Елсіз далада келе жатса, құланның мың қаралы көп тобы көрінеді. Домбауыл мерген балаға айтады:
— Бұрынғылар айтушы еді: «Қалың табын атпа, қағар киелісі болады!» – деуші еді десе.
Бала болмай:
— Біреуін атып бер! – деп, болмаған соң:
— Ал ендеше мен атайын, сен екі атқа ие болып күтіп тұр, – деп, бұғып атуға жөнеледі.
Мерген барып атады. Мылтық дауысынан үркіп шошып, қаптап жөнелгенде, ат ұстап тұрған баланың үстін басып, ат пен бала құланға араласып, көп құлан атты да, баланы да еліктіріп алып кетіп, екі атты да, баланы да быт-шыт қылып жеп кеткен. Артынан қарап, бірнеше уақыттан кейін баланың бір жалғыз сирағын тауып алып, соған арнап там салған. Ел болып хан жарлық қылып:
— Құлан менің тұқымымды құртты, мен құланның тұқымын құртамын! – деп, өзіне қараған барлық халқын жиып, құланды қыратын ор қаздырған. Осы күнге “Құлан өтпес” деген өзен содан қалған…
Сонда көзге көрінген құланнан бір топ құлан көптен құтылып кетіп бара жатқан соң, Домбауыл мерген Аққабақ пен Еңкейторы атты бірісін мініп, бірісін қос атқа алып, бірнеше жолдаспен құланның соңына түсіп, бір сөтке қуып, бәрін қырып, ең аяғында бес құлан құтылады. Бір көлдің суалған орнына барып, қыр соңын жалап тұрады. Екі ат ұшып шыдамай өледі. Екі аттың өлген жері аттар атымен аталып қалған: Аққабақ, Еңкейторы аты – бүгін бар ат. Бес құлан құтылған жер «Бес құлан» аталған…».
Бұл аңыздың тым көне екендігін біз тек Домбауыл атының кірігуінен ғана емес, сонымен бірге Құлан өтпес, Бес құлан т.б. жер-су атауларының шығу тарихынан да анықтай аламыз. Домбауыл батыр жалпы түрік-моңғол халықтарының көне аңыздарының кейіпкері қазақ шежіресіне біресе қыпшақ, біресе торғауыт т.б. елдің өкілі ретінде кіреді, яғни оның шығу тегі тым әріде болғандықтан нақтыланбаған. Осы сұраққа үшінші дәлел Ұлытаудағы Домбауыл діңі. Таудың қызыл тастынан биік қылып өрілген, ерекеше мығым құрылыс тым көне дүниенің жұрнағы сияқты. Құрылыстың өзі қазақ «әулие» деп атайтын, басына түнеп, тәу ететін тау үңгірлерін еске түсіреді.

«Моңғолдың құпия шежіресі»

Енді бір қызық мәселе Домбауыл атының моңғол шежіресінде кездесуі. Моңғолдың билеуші әулетінің негізін салған Бөрте Шино мен Гао Маралдың батыстан келгені тарихнамада дау тудырмаса керек. «Моңғолдың құпия шежіресінде»: «Шыңғыс қағанның тегі: Тәңірі бақытты етіп жаратқан Бөрте -Чино зайыбы Гуа Маралмен бірге талай теңіз-дарияны кешіп өтіп келіп, Онон өзенінің жоғарғы бойы Бурхан Халдун тауын тұрақ еткен кезде Батцагаан атты бір ұл туады.
Батцагаан ұлы Тамаша, Тамаша ұлы Хоричар мерген, Хоричар ұлы Уужин буурал, Уужин буурал ұлы Саль хачау, Саль Хачау ұлы Ихнүден, Ихнүден ұлы Шинсочи, Шинсочи ұлы Харчу.
Харчу ұлы Боржигидай мерген еді. Боржигидай мергеннің зайыбы Монголжин гуа, онан туған ұл -Торголжин бай. Торголжин байдың Борогчин гуа зайыбы, Боролдай суялби деген жас жалшысы, жауыр екі көк аты болатын. Торголжин байдың ұлы Дуа соқыр, Добу мерген екеуі еді» делінеді. Осы жерде «Моңғолдың құпия шежіресі» келіп қазақтың арасында жиі тараған Домбауыл туралы аңызбен астасып кетеді. Моңғолдың «Добу мерген» дегені қазақтың Домбауылы болып шығады. Оған дәлел моңғолдың шежіресінде де, қазақтың аңыздарында да айтылатын Домбауыл мергеннің жолдасы Дува (Дуа) соқыр маңдайында жалғыз көзі бар, сол жалғыз көзімен қияндағыны көретін қырағы адам.
«Моңғолдың құпия шежіресіндегі» деректерді жалғастырайық: «Бір күні Дува соқыр Добу мерген бауырымен бірге Бурхан Халдун тауына шығады. Дува соқыр Бурхан Халдун тауынан қараса Түнхелег бұлағына қарай бір топ ауыл көшіп келеді екен.
Сонда Дува соқыр: «Мына көшкен ауылдың ішінде, бітеу арбаның алдында бір сұлу қыз кетіп барады. Егер біреудің жары болмаса, бауырым, Добу мерген, саған айттырып алып берейін,-деп оны көріп келуге Добу мерген бауырын жібереді.
Добу мерген манағы көшке барып, қызды көрсе, шынында хас сұлудың өзі екен және біреудің жары емес екен. Есімі Алан-гуа екен».
-Міне, осы Алан-гуа Добу мергенге тұрмысқа шығып, одан Бүгүнтай, Белгүнтай деген екі ұл туады. Бір замандарда Добу мерген қайтыс болыпты. Осыдан кейін Алан гуа Бұқа Хатаги, Бұқату салджи, Боданшар-мунхаг атты үш ұл туады. Осы үшеуі қайдан туды дегендерге Алан-гуа «Алланың асасынан берген ұлдар, күннің нұры болып келіп жатырыма енді. Оларды тобырларға теңеуге болама ? Қарапайым адам қаған болса ғана оның мәнін түсінер,-деп бой бермейді екен.
Осы Добу мерген мен Алан гуа ұрпағы моңғол шежірелерінде және олармен көрші елдердің арасында « қият» аталады. Мысалы Темужин тоғызға жасқа келген уақытта оған қыз айттырам деп Олхонут еліне келе жатқан Есугей батыр жолда қоңырат Дай шешенді кездестіреді. Сонда Дай шешен Есугейге түнде көрген түсін айтып, ай мен күнді шеңгелдеп ұстаған бір аппақ сұңқар қолыма қонған екен дей келе: «Сіздің қиат руының киесі келіп, маған түс болып көрінген шығар» дейді.

«Алтынбел хан туралы» аңыз

Енді қазақ арасында белгілі осы әңгіменің бір нұсқасын берейік: «Бір Алтынбел деген хан болған. Ханның жалғыз ұлы бар еді, аты- Қайшылы хан. Сонан басқа баласы жоқ еді. Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болды. Бір уақытта бір қыз бала келтірді: «Ай дейін десе, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар.» Ол қызды тапқан шешесі қызын көріп, көркінен талып қалды. «Сондай бір қыз келтірді!»- деп, ханға айтады. Хан балгер, бақсыларын алдырып:
Осы туған баланың бақ- талайына бал ашыңдар!- деді.
Балгерлер бал ашты: Бақ-талайы зор, бұрын ешкімнен мұндай бала тумаған. Бұған екі нәрседен қатер бар: Осы қыз он бес жасқа жеткенде, ер ұл табады. «Ол қайдан табады?»- десең, не желден табады, не күннен табады. Бұған күн көрсетпей, жел тигізбей, бағу керек!- десті.
– Не желден, не күннен бұл баланы күн көрмейтұғын, жел тимейтұғын қараңғы жерге бақтырыңыз!- деді. Хан да:- Өзім де осыны ойлап едім!- деп, адамға көрсетпей, кісі көрмесін- деп, жасырын асыратты…».
Содан бір күндері Күннің нұрынан қыз құрсақты болды- Алланың әміріменен.
“Хан айтты: Олай болса, өлтір оны!- деді.
Қатыны айтты ханға:- «Хан қызын өлтіріпті!»- деген атақ жаман болар.
Хан айтты:
— Енді не қылсаң-дағы көзімнен жоғалт!- деді.
Қатын өлтіруге қызын қимады. Бір алтындатқан әбдіреге салып, аузын жауып, кілтін сыртына байлап, ағып жатқан дарияға салып, қоя берді. Салып жіберген дариясы- ұзын аққан Ертіс.
Сол судың бойында көшпелі болып жүрген Қалмақ деген жұрт бар екен. Домбауыл деген мерген, Шабасоқыр деген түрікпен қарауылшысы мен екеуі аң аулап, елсіз, күнсіз су бойын жағалап жүр екен. Шабасоқыр түрікпен күндік жерден көреді екен де, түстік жерден есітеді екен. Дарияның ортасында ағып келе жатқан әбдірені көрді:
— Ай, жолдас, дарияның ортасында судың ағыны еріксіз айдап, бір нәрсе ағып келе жатыр!- деді.
Домбауыл мерген айтты:
Көкте тәңірім жар болса, біз оны алармыз. Ала қалсақ, сен ішін аламысың, тысын аламысың? Күн бұрын үлеселік, қолымызға келген соң, қызықты нәрсе болса, бірімізге біріміз қимай, таласып, араз болармыз! Шабасоқыр түрікпен айтты:
— Менің көзім жалғыздық қылмаса, жарқ-жұрқ етіп, алтын мен күмістей күнге шағылысып келеді. Не болса да, мен сыртын аламын!- деді.
Домбауыл мерген айтты:
— Мен ішін аламын, не шықса, ол шықсын. Мейлі дәнеме шықпасын, бағымды байқаймын!- деді. Жақындап келген соң, алтын әбдіре екендігін таныған соң, жібектен жіп есіп, оққа байлап, атпақшы болғанда, Шабасоқыр түрікпен қарауылшы:
— Қия ат, қия ат!- деді.- Туралап атпа, ішінде жанды нәрсе бар болса, оқ тиіп, өліп қалар!- деді.
Сол: «Қия ат!»- дегендігінен, «Қият»- атанып кетіп, мұның үрім-бұтағы өсіп-өніп, көп ел болды….
Шабасоқыр түрікпен мен Домбауыл мерген баланың атын «Шынқыз» қойды. Бала жасында не деп атаса, сонымен атанып кетеді ғой: «Шынқыз». Бара-бара: «Сағымнан пайда болған, садағын сағымға ілген Шыңғыс хан!» аталды.
Бұл Шыңғыс хан ақылды, данышпан, терең ойлы адам болды. Қанша жұртты қырып, қиратып алып жүргенде, ешкімнің дініне қарсылығы болмаған. Бұхарай-Шәріфке барып, дін жайын сұраған:- Құдайдың бірлігіне, барлығына, күштілігіне өзім әбден сенулімін!- деген.
Намаз, ораза, зекетке қарсылық айтпаған. Жалғыз-ақ: «Қағба тасы»- деген сөзге:
— Өзі осындай айдай әлемді жаратқан Құдай болады да, бір-ақ үйден табылады деген сөз ғақылға сыймайды!- деген»
Қазақтың ортасында сақталған аңызда айтылатын «Домбауыл деген мерген, Шабасоқыр деген түрікпен қарауылшысы мен екеуі аң аулап, елсіз, күнсіз су бойын жағалап жүр екен» деген тұлғалар -бұлар түркі-моңғол халықтарына ортақ әфсаналық кейіпкерлер, аңызда түркімен атының аталуы да оның көне (прото) оғыздық тамырына байланысты болса керек. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Дува соқыр мен қазақ шежіресіндегі Шаба соқыр бір аңыздық тұлға.

«Қият» атауы туралы
Моңғол шежіресінде Шыңғыс әулетінің неге «қият» атанғаны түсіндірілмейді, ал қазақ аңызына қарасақ -«Қия ат!»- дегендігінен, «Қият»- атанып кетіп, мұның үрім-бұтағы өсіп-өніп, көп ел болды…». Біздің ойымызша көне жырларда, ортағасырлық тарихи жазбаларда Домбауылдың ұрпағы аталатын Қият деген ел байырғы заман жазбаларындағы хион, хон т.б. Бұл тайпа белгілі дәрежеде Орта Азиядағы эфталит үстемдігі кезеңімен де байланысты. «Садағын сағымға ілу»-бұл ұғым билік жүргізетін әулеттің ерекше қасиеттілігінің белгісі ретінде (харизма) қазақ эпикалық жырлары мен аңыздарында жиі қолданылады.
Боржыгын аталатын бұл атаның шежіресі Бөрте Чинодан бастап Жошы ханға дейін жиырма үш ұрпақ болады. Егер біз әр атаға жиырма бес жас беріп санайтын болсақ, Бөрте Чино мен Жошы хан аралығында бес жүз жылдай ғана уақыт өткен болдып шығады. Бұл қарапайым есеппен алғанда біздің жыл санауымыздың УІ-УІІ ғасырлары болмақ, яғни Түркі қағанатының өмірге келген дәуірі. Осыған қарап боржігін шежіресі Түрік қағанаттарының дәуірінде қайта бір електен өтті деп пайымдауымызға болады, ал Бөрте Чино сияқты аңыздық тұлғаның тарихы тым ерте дәуірлерге жалғасып кеткен Бөрте Чино және Гао Марал есімдеріне қатысты тотемдік түсініктерден белгілі. Оған бір себеп моңғол ғалымдары жиі жазатын Бөрте Чиноның Қият тайпасынан шығатын тегі.
Бұл қай заманда болған оқиға ? Қият деген ел қай ел, ол қай заманда қазақ жерін мекендеді ? Ұлытауда зәулім дыңы тұрған, Орхон бойында аңыздың кейіпкері болып жүрген Домбауыл кім ? Осы сияқты сұрақтарға жауап таппайынша біз қазақ тарихы толық жазылып бітті деп айта алмаймыз. Біздің алдымыздағы ұстаздарымыз Мәшһүр Жүсіп пен Әлкей Марғұлан «елінен қуылған Домбауыл мерген» туралы жазады (Ежелгі жыр, аңыздар», 141 б.). Кілт осы сөзде сияқты, сіздер қалай ойлайсыздар ? Қалай болғанда да Домбауыл батыр (Дамдағұл, Тоқтағұл, Дабу Мерген) және Дуа соқыр (циклоп) түркі-моңғолдың түпкі этногенетикалық бастауынан. Осыған қарағанда Жошы хан туралы аңыздарда бірнеше ерте тарихи замандардың әңгімелері қабаттасып кеткенге ұқсайды.