Домбыра туралы 7 дерек пен аңыз

Қазақ халқының ең кең тараған музыкалық аспаптарының бірі домбыра екені белгілі. Қазақтың арғы-бергі тарихында домбыра үнімен баяндалатын деректер өте көп. Назарларыңызға домыраға қатысты жеті дерек пен аңыз әңгіме ұсынамыз.

1. Домбыра – ең ежелгі аспаптардың бірі. Алматы облысында билеп жүрген адамдардың тасқа қашалып салынған суреті және қазіргі домбыраға ұқсайтын аспаптың суреті табылған. Суреттер ниолит дәуіріне жатады. Демек,  домбыраның төрт мың жылдық тарихы бар деген сөз.

2. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби домбыра аспабында ойнаған. Ол музыканы адам жанын тәрбиелеуге арналған құрал екендігін айтып кеткен.

3. Қазақстанда  домбыра сабағы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұған дейін ЖОО мен арнайы мектептерде оқытылып келген дәстүрлі музыка енді жаппай оқытылатын болды. Жуырда 6-7 сыныптарға арналған оқулық дайын болды.

4. Қазақтың атақты әншісі Әміре Қашаубаев Парижде домбыра үнімен Еуропаны таңдай қақтырса, оның ізін белгілі жырау Алмас Алматов жалғап, Парижді таң қалдырған екінші адам атанды. Сондай-ақ, Қайрат Байбосынов , Ерлан Рысқали, Ұлжан Байбосынова, Димаш Құдайберген секілді өнерпаздар да алыс-жақын елдерге домбыра үнін естіртіп жүр.

Әміре Қашаубаев                          Алмас Алматов

 

5.Қазақ ақындары домбыраға байланысты көптеген өлеңдер шығарған. Шөмішбай Сариевтің «Даламыздың үнісің сен, домбыра!», Қадір Мырза-Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген сөздері ел арасына кең тараған. Домбыраға байланысты көптеген әндер шықты. Солардың шоқтығы биігі — Кеңес Дүйсекеевтің «Домбыра туралы баллада» әні.

К.Дүйсекеев,Ш.Сариев, Қ.Мырза-Әлі

6. Домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2010 жылы Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындады.

Шыңжан қазақтары

7. Елімізде айтыс ақындары арасында 2012 жылдан бастап «Алтын домбыра» сайысы өткізіліп тұрады. Оның алғашқы жеңімпазы – Мұхтар Ниязов.

 

 

Төмендегі фотода домбыра құрылымы көрсетілген.

 

Домбыра туралы аңыздар

Бабаларымыз өнерді «арғы әлеммен» сырласудың құралы ретінде ұғынғандықтан оны үнемі тылсыммен, сиқырлықпен байланыстырып киелі сипатта ұғынған. Байырғы танымда өнерді өмірдің жалғасы, шексіз, мәңгілік, адамның қайта жаралуының құралы ретінде рәміздейтінін осы туралы аңыздардан білуге болады.

Ерте, ерте, ерте заманда, «ер етігімен су кешкен» келете, заманда, елім деп егіліп, тоғыз тарау елдің тарихын жадында сақтаған қарт жыршы болыпты. Кәрілік жеңіп, дәм таусылар сәт таянғанын сезінген ол, бүкіл ел-жұрттың, үрім-бұтағын жинап: «Уа, жарандар, қазір менің көкірегімде тоғыз тарудың шежіресі қаттаулы. Ел есінде қалар шаруаны өзіммен бірге жасасып, бірге қартайған осыш бір ескі домбырамның көмегімен үлкен-кішіге паш етіп келдім. Көз жұмар шақта білгенімді кімге қалдырам деп жүз ойланып, мың толғанып, шешімін таппадым. Ендігісін өздерің біліңдер»,- деген екен.

Жас-кәрісі, ерлі-зайыптысы, жарлы-жақыбайы түгелдей жиналған жұрт өзара кеңесіп, тоғыз тарауды қарт жыраудың домбырасының шанағына құю керек деп шешкен екен. Сонда осынша байлық оның қуыс мойнынан шығып кетпесін, hәм тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел болып домбыраға тоғыз тосқаулы перне, ал қарт жыраудың құрметіне аспаптың бетіне екінші ішек таққан екен.

Осыдан барып оның шанағы кеңейіп, мойны ұзарып, шежірелі сыр шертеетін халық мұрасы – алтын домбыра болып сол заманнан қалған екен.

Бұл аңызда домбыраның екінші ішегі, тоғыз пернесінің қалай пайда болғандығы да әңгімеленеді. Яғни, домбыраның мойны ұзарып, қос ішекті болып жетілдірілгені таңбаланған. Мұнда домбыра бұрыннан бар, тек оның пернелері мен екінші ішегінің пайда болу тарихы айтылады.

Домбыраның қос ішегінің пайда болу тарихын кейде «Тауқұдірет» күйінің аңызымен де байланыстырады.

Тауқұдірет деген құс жалқы қанатты болып жараланғандықтан ұша аламай, қиналып, қор болады. Құсаланған ол келесі бір сыңар қанат тауқұдіретпен құшақтасып, екеуі  бірін-бірі демеп, аспанға көтеріледі. Біреуі ұрғашы, келесісі  еркек екен. Олардан туған балапанға қос қанат біткен. Осы берекелі тірлікке қарап отырып, күйші домбыраға қос ішек тағып, «Тауқұдірет» деген күйді шығарған екен.

Ал, келесі аңызда алғашқы домбыраның қалай пайда болғандығы баяндалады:

Ертеде, қылышынан қан тамған қаhарлы бір ханның жалғыз бойжеткен қызы  кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады.

Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа апарып іліп кетеді. Нәрестелердің көз-жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап діңкесі қатқан қыз әбден қуарып, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса ән салып тұрған қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл — қыздың  екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үн жүрегіне жағып, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым — Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым — Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен…

Бұл аңызда домбыраның алғаш рет қалай пайда болғандығы баяндалған. Яғни, қос нәресте рухының ағаш домбыра кейпінде «қайта тірілгендігі» туралы ишара бар. Домбыраның үстіңгі бостау ішегі Мұңлық ұлдан, төменгі қатты ішегі Зарлық қыздан пайда болып аңыздалуы — байырғы дуалистік танымның әсері екендігі айқын. Дәлірек айтқанда, миф кез келген жайтты жұптық қайталас ауанында ғана түсіндіреді, бұл да соның бір көрінісі.

Қорыта айтқанда, домбыраға халық рухының, ділінің, арман-шерінің, сағынышы мен сырының нілі әбден жұғып, алтын аңыз боп сіңгенін, домбыра өткенді оралтып, өлгенді тірілтетін құдіретті аспап екенін жоғарыдағы  мысалдардан анық байқауға болады.

Дайындаған: Асқар Гүлвира,