ДОМБЫРА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ
Шу өзенінің төменгі сағасында кішкене ғана ауыл бар. Ал бұл кешегі Кеңес Одағы кезінде елімізге танымал өнер зерттеушісі, жазушы — сазгер, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың белгілі «Жайлаукөл кештері» әніне арқау болған Жайлаукөл ауылы. Сарысу ауданының шалғайдағы елдің шеті, желдің өтіндегі бұл ауылда талай атақты, танымал азаматтар өмірге келген. Біз сөз еткелі отырған ағаштан түйін түйіп, бармағынан бал тамған шебер Санат Сағындықовтың да кіндік қаны 1989 жылы осы ауылда тамған.
Санат жастайынан өнерге жақын, қолөнерге бейім болып өсті. Мектепте жүргенде каникулға шықса болды Көсегенің көк жоны аталатын, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың табаны тиіп «Түркістан солай туған» очеркін жазған аудандағы астықты совхоз «Түркістанға» жол тартатын. Себебі онда анасы Клараның әкесі, Санаттың нағашы атасы Төлепберген қария тұрды.
Бүгінде өмірден өтіп кеткен нағашы атасы Төлепберген мен ағасы Қайрат жастайынан ауылдағы ертоқым жасап, қамшы өретін нағыз ұсталар болатын. Олардың қолынан шыққан ертоқымдары мен сегіз өрім қамшыларына сұраныс көп болған деседі. Міне Санаттың қолөнермен айналысуына деген қызығушылығы осылай туды. Ол бала кезінен шеберханадан шықпай, атқарылған жұмысты ерекше ынтасымен қарап, үйренуге тырысты. Келешекте осындай мен де шебер болсам деген арманы болғаныда жасырын емес.
-Бала кезімде нағашыларымның қолынан шыққан ат әбзелдері, қамшыларға қызығып өстім. Қызыққаным соншалық жазғы каникулымның бәрі сонда өтетін. Ауылға келе сала пластелиннен түрлі мүсіндер жасаушы едім. Енді міне сол кездегі ойым араға бірнеше жылдар салып барып, өткен жылы ғана жүзеге асты. Үй жанынан шағын шеберхана ашып, домбыра жасауды қолға алдым,-дейді шебер Санат Әуесбекұлы.
Санат 2004 жылы отбасы жағдайына байланысты Жаулаукөлден Сарыкемер ауылына көшіп келеді. Жаңа жер, жаңа қоныс. Арнайы мамандығы болмаған соң әр жұмыстың басын шалып көреді. Ақыры бала кезден көкейінде жүрген қазақтың ұлттық аспабы домбыра жасауға бет бұрады. Бұл үшін алдымен өзіне екі бөлмелі шағын шеберхана дайындайды. Содан соң Алматы қаласындағы домбыра жасайтын досы Есмұратқа барып, одан 3 жылдан аса уақыт домбыра жасаудың қыр-сырын үйренеді.
-Менің байқағаным біздің аудан ғана емес Тараз қаласында да домбыраға деген сұраныс өте жоғары екен. Халық сұранысын орындау мақсатында ағаш кесетін айналмалы ағаш кесу құралы, ағашты электрлі сүргілеу құралы, ленталы ара, әртүрлі қол сүргілері, басқа да қажетті жабдықтарды сатып алып, өткен жылдың желтоқсан айында домбыра жасауды бастап кеттік. Қасыма қолынан іс келетін досым Алмас Байжановты алдым. Екеуміз домбыраға қажетті ағаштарды Алматы қаласынан алдырамыз. Қазір «INSTAGRAM» желісінің пайдасы көп болып тұр. Сол арқылы дайын өнімдерімізді жариялап отырамыз. Одан бөлек аудан, қала тұрғындары бір-бірінен естіп, тапсырыс беріп жатады. Алғашқы күннен бері 200-ден аса домбыра жасап, саттық. Домбыраларымыздың сапалы болғандығы шығар Атырау, Ақтау, басқа да қалалардан тапсырыс берушілер бар. Ондағы кәсіби мамандар қызыл ағаш, жаңғақ ағашы, Кавказ үйеңкісінен домбыра жасатады. Бұл ағаштар қымбат болғандықтан домбыраның бағасы да жоғары болады. Өз ауданымыздағы саз мектебінің оқушылары да көп жағдайда қайыңнан жасалған біздің өнімімізді пайдалануда,-дейді Санат.
-Біз өз ата-аналарымызға домбыралары сапалы болғандықтан балаларына домбыраны Санаттан алуға кеңес береміз. Себебі мұнда жасалған домбыралар өте сапалы, дауысы жақсы шығады. Балалардың жасына қарай оның көлемі де сұранысқа байланысты жасалады. Бұрын көбіне Алматы қаласынан алдырған домбыраларымыздың сапасы төмен болып жататын. Жас балаларға тартуға ыңғайсызда еді. Сондықтан да ауыл ғана емес, аудан, одан да тысқары жерлерге сапалы домбыра жасап жатқан Санат пен Алмасқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-дейді белгілі домбырашы, ауданымыздағы К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің директоры Панабек Ахметов.
— Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Домбыра жасау өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, ең бастысы жауапкершілік пен тиянақтылыққа үйретеді. Домбыраның әрбір бөлшегін дайындап, құрастыру, желімдеуде ешқандай қателесуге болмайды. Әрбір жасаған домбырам сатылымға дайын болғанда көңіліме қуаныш сыйлайды. Ал тапсырыс берушілерімнің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені әрдайым шабыттандырып отырады,-деді Санат сөз арасында.
Бүгінде шағын кәсіп иесі Санат айына орта есеппен 50-ге жуық домбыра жасап отырса, келешекте өз цехын үлкейтіп, өнім көлемін арттыруды мақсат етіп отыр. Ал бұл үшін өз кәсібін заңдастырып, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несиеге ие болып, қайтарымсыз гранттарды жеңіп алу ойында бар. Қазірдің өзінде 1 адамды жұмысқа тартып отырса, кәсібін кеңейткен жағдайда тағы да бірнеше азамат жұмысқа тартылмақ.
Үй іргесіндегі шағын цех іші мұнтаздай таза. Қабырғаға қаз-қатар ілінген домбыралар өзінің әсемдігімен ерекше көз тартады. Дауысы күмбірлеп тұрған, қазақы ою-өрнекпен безендірілген домбыраға қызығушылар көп. Бұл домбыра кімнің қолынан шыққан дегенде мақтанатындай деңгейге жеткенді қалайтын жас кәсіпкер осы жолда тынбай ізденіп, еңбектене беретінін айтып отыр.
Талабын шыңдап, шеберлігін ұштай білген домбыра жасаудың шебері, ұлтжанды азамат Санат Сағындықов-қазақтың ұлттық аспабын насихаттауға осылайша өз үлесін қосып жүрген жастардың бірі.
Қазақтың қара домбырасын жасай отырып, ұлттық құндылықтардың қай-қайсысына болмасын қамқорлықпен қарайтын Санатқа риза боласың. Ұлттың төл өнерін жас ұрпақ санасына сіңіруге барынша үлес қосып жүрген азаматқа бізде ризашылық білдірдік.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.