Домбыраға ғашық Полина: Өнер мен ұлттық рухтың өкілі
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық саз мектебінің оқытушысы Полина Ищенкоға ауылдастары құрметпен қарайды. Өйткені жас ұстаз балаларға домбырадан дәріс беріп, қазақтың күй өнерін насихаттап жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полина Ищенко Бәйтерек ауданының орталығы Переметное ауылында туып-өсіпті. Ең алғаш саз мектебінің табалдырығын 9 жасында аттаған екен. Мектепте фортепиано, баян, аккордеон, скрипка кластары болғанымен ол ешқайсына мойын бұрмай, бірден домбыраны таңдапты.
Қазақстанда өмір сүргендіктен, қазақтың ұлттық аспабын неге меңгермеске деген патриоттық сезім болды бала кезімде жүрегімде. Бұл ойымды анам бірден құптады. Ал әкем бастапқыда таңғалды. Бейтаныс аспапты еркін алып кете алар ма екенсің деген күмәнмен қарады. Бірақ мен өзімнің табандылығымды көрсетіп, домбырада ойнауымды жалғастырып, мектеп бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы Орал саз колледжіне барам дегенде маған жан-жақты қолдау көрсетті. Егер өзіңе ұнаса, алған бетіңнен қайтпа деп жігерлендірді, — дейді Полина.
Колледжде алған білімін Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінде жалғастырып, білікті ұстаздардың алдын көрген Полина қазір ауылда саз мектебінде домбыра сыныбында сабақ береді. Өз шәкірттеріне ерінбей-жалықпай қазақ сазгерлерінің туындыларын үйретеді.
Менің жаныма ең жақын екі туынды ол Дәулеткерейдің «Құдаша» күйі мен Сүгірдің «Шалқымасы». Өзімді мінезім жай, сабырлы жанмын деп санаймын. Сол табиғатыма келе ме, осы екі күйді тартқанда бәрін ұмытып, өзгеше әлемге еніп кетем. Құрманғазы мен Динаның да күйлері ұнайды. Шертпе стиліндегі Сүгір шығармаларын да жақсы көрем. Ал Махамбет күйлері екпінді келеді, адамға рух сыйлайды. Қазір оқушыларға осы шығармаларды үйретіп жүрмін, — дейді жас ұстаз.
Өзге ұлт өкілі болса да, қазақтың күй өнерін насихаттап жүрген Полина Ищенкодан дәріс алсам деушілер қатары ауыл балалары арасында жыл санап артуда. Әсіресе орыс мектебінің балалары 23 жастағы ұстазды арнайы іздеп келеді екен. Полина оқушыларға тек домбырадан дәріс беріп қана қоймай, дәстүрді де дәріптейді.
Біздің Бәйтерек аудандық балалар саз мектебінің құрылғанына биыл 60 жыл толады. Мекемемізде 15 бағыт бойынша 176 бала білім алады. Асан, Махамбет, Жаңаөмір ауылдарында бөлімшелеріміз бар. Енді Полина Сергейқызы туралы айтар болсақ, біздің мектепке ол кішкентай кезінде келді. Алты жыл осында оқыттық. Әрі қарай Оралдағы оқу орындарында шеберлігін шыңдады. 2021 жылы ауылға қайта оралып, ұшқан ұясына қызметке орналасты. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жауапты маман, адамгершілігі мол әріптес. Бір ауылда тұрғандықтан, Полинаның отбасын жақсы білемін. Анасы талай тойды жүргізген ауданға танымал тамада. Айтуынша Полинаны босанғанда, 3-4 күн бойы омырауынан сүт шықпай қалған екен. Сол кезде бір палатадағы қазақ әйелі нәрестені емізіп, жанашырлық танытыпты. Қазақтың күйіне, өнеріне құштарлық мүмкін сол сүтпен дарыған шығар деп ойлаймыз. Сондай бір қызықты хикаялар бар, — дейді аудандық саз мектебінің директоры Ләззат Қажығалиева.
Полина Ищенко қазақ тілін жақсы түсінеді, бірақ әлі жатық сөйлей алмайды. Бірақ келешекте мемлекеттік тілді еркін меңгеріп кететіне сенімді. Оған, біріншіден тіл үйрету курсына қатысып жүргені көмектессе, екіншіден түскен жері де жәрдемдесері анық. Жас маман былтыр ауылдас қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты.
Күйеуімнің музыка, өнер саласына қатысы жоқ. Ол ақпараттық технологиялар маманы. Ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді. Қазақстанда өскесін, әрі араласатын достарым да қазақи орта болғандықтан мен тұрмысқа шыққанда қайын жұртым менен не күтетінін алдын-ала бір кісідей біліп келдім. Қазақтың салт-дәстүрінен хабардармын. Түрлі жиын-тойларда ата-енем, жаңа туыстарым менен бірінші кезекте күй тартуымды өтінеді. Мен домбыра тартуды білетініме сол кезде іштей қатты марқайып қалам, — дейді Полина Ищенко.
«Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра».
Қадыр ақынның бұл жыр жолдарын білмейтін жан кемде-кем болғанымен, өскелең ұрпақ арасында күй өнеріне ықылас кеміп кеткендей көрінетіні рас. Өзге ұлт өкілдерінің домбыраны Полина секілді шебер меңгеруі осы олқылықтың орнын толтыруға сеп болары сөзсіз.
https://baq.kz/dombyraga-gashyq-polina-oner-men-ulttyq-ruhtyn-okili-200012144/