Дос Көшім: Ынталандыруды күшейтсе, ел солтүстікке де ағылады

Шеттегі 5 миллион бауыр жұтылса, Атажұрт, саған сын!

1. Көш неге тоқырады? Себеп-салдары қандай деп ойлайсыз?

2. Ол көшті қайтадан қалай жандандыруға болады?

3. Бауырларымыз Өзбекстан, Қытай, Монғолия, Ресейде молынан шоғырланған. Олар өздерінің ата-баба қоныстарында өмір сүріп жатыр. Сол бауырларымызға мемлекет тарапынан қандай қамқорлық жасауға болады? Оларды елге қайтаруда қандай қарекеттер, үгіт-насихат қажет?

4. Солтүстік, шығысымызда қазақтың саны селкеу. Елбасымыздың бастамасымен «Нұрлы көш» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Мұндағы жағдайға көңілі толмаған біраз бауырымыз қайта көшіп кеткенін жақсы білеміз. Бауырларымызды орналастыруда, қарсы алуда қандай кемшіліктер жібердік? Бағдарламаны олар үшін қалай тиімді етіп жасауға болады?

 

1. Меніңше, көштің тоқырауының екі себебі бар. Біріншісі — алғашқы қарқынмен Отанына қайтқандардың санының көп болуы — заңды құбылыс. Бірақ 5 млн. қазақтың бәрі келгенше сол қарқынның сақталуы мүмкін емес. Қысқасын айтқанда, алғашқы он шақты жылдан соң көштің саябырсуы — заңды құбылыс. Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «ұлттық жаңғыру», «егеменділік» деген ұрандардың екпінімен «қазақтар, елдеріңе қайтыңдар!» деп ұран салған биліктегі азаматтар қазақтың көбейіп жатқанын, сол арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарының жаңғыруына деген қажеттіліктің пайда болғанын көріп, іштерін тартып қалған сияқты. «Жаңаөзендегі қанды оқиғадан» кейін (оралмандардың ешқандай кінәсі болмаса да) билік тарапынан оралмандарға солақай көзқарас қалыптаса бастады… «Оралмандар түрлі тәсілмен квотаның ақшасын жейді екен», «олар заңда жоқ нәрсені талап ететін, жатыпішер, жалқаулар екен» деген сияқты сөздер таралды. Қазақ шеттен келген өз бауырларын «қытай», «қалпақ», «монғол» деп атауға көшті. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда да, билікте те бұрынғы көзқарас — позитивті көзқарас — жоғала бастады. Мемлекет тарапынан алғашқы жылдары берілген көмектің де қиюы кетті. Экономикалық жағдай қиындаған сайын оралмандарға арналған бағдарламалар да атүсті орындалатын болды. «Қытайша сөйлемеймін», «монғолша сөйлемеймін» деген ұлтшыл азаматтар қазақ еліне келіп, қазақша нан сұрап жей алмайтын, құжаттарын жасай алмайтын жағдайға тап болды. Мемлекет шеттегі қазақтарды қайтару бағытындағы үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізген жоқ… Бұлардың барлығы — субъективті мәселелер, қоғамда, билікте ниет болса, өзіміз-ақ шешетін мәселелер.

2. Біріншіден, жан-жағымызға жалтақтамай, өзіміздің ұлттық мемлекетімізді құрып жатқанымызды ашық айтуымыз керек. (Әрине, бұл мемлекеттегі азаматтардың барлығының саяси-әлеуметтік құқығы бірдей болмақ. Қазақ болғаның үшін ешқандай артықшылыққа ие бола алмайсың). Екіншіден, Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдап, мемлекеттік тілдің қажеттілігін заң жолымен жасауымыз керек. Үшіншіден, қазір келіп жатқан оралмандардың сандарының азайғандығына байланысты мемлекет тарапынан берілетін көмекті (материалдық, әлеуметтік т. т.) көбейтуіміз шарт. Сонымен қатар осы бағытта қоғамдық бақылау жасалуы керек. Төртіншіден, қазақтар қоныстанған елдерде қазақ диаспорасының арасында елге қайтару мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұған ұлттық бағытта жұмыс істеп жүрген қоғамдық ұйымдарды тартуға болады. Қазіргі қолданыстағы заңдарымызды қайта қарап, шетелдегі қазақтардың келуіне бөгет болып отырған келісімдерді, заң баптарын, үкіметтің қаулы-қарарларын қайта қарап шығу да артық болмайды.

3. Ресей империясының, кейіннен Кеңес өкіметінің келісімдерімен, заңдарымен талай қазақтың жерінің басқа мемлекетке өтіп кеткендігі рас. Олардың тарихи қазақ жері екендігін де ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, мойындауымыз керек, бұлардың барлығы заңды түрде Ресей, Өзбек, Қытай мемлекеттерінің жері болып табылады. Бұл жердегі қазақтардың өзіндік дамуының бір ғана жолы — заң жүзінде автономиялық республика не автономиялық облыс құзіретін алу. Алайда жоғарыдағы елдердің бұған рұқсат беретініне үлкен күмәнім бар. (Қателеспесем, Қытай Халық Республикасы ғана үш аймаққа қазақ облысы деген мәртебе беріп отыр). Кейбір елдерде осының «жұмсақтау» түрі — мәдени автономия деген статус та бар. Әрине, бұған қол жеткізу үшін мемлекетаралық үлкен саяси жұмыстар жүргізілуі қажет. Екіншіден, сол елдердегі Қазақстан елшілігінде қазақ диаспорасымен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер болуы керек.

4. Меніңше, оралман деген — уақытша берілген статус. Демек, азаматтық алғаннан кейін олардың барлығы «бұрынғы қазақстандықтармен» тең құқылы. Көшіп келген қандастарымызға мемлекет тарапынан материалдық қолдау көрсетілуі тиіс де, олардың одан кейінгі өмірлері бізбен бітеқайнасып кеткені дұрыс деп білемін. Әрине, солтүстік пен шығыс аймақтарда адам саны азайып келеді, бірақ сол жерлерге оралмандарды бағыттауға арнап арнайы жоспар жасаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Егер сол аймаққа барып тұратын адамдарға екі есе айлық төленетін болса, оңтүстіктегі тұрғындар да көшуге қарсы емес. Кезінде суықтан адам түгіл ит те тұра алмайтын Сібірді игеру үшін де Кеңес өкіметі осындай ынталандыру тәсілдерін жасаған. Оны «Сібір коэффиценті» деп атайтын. Егер үкімет осыған ұқсас ынталандырудың жолдарын тауып, нақты жүзеге асырса, халық солтүстікке де ағылып келетіні анық. Оған оралмандарды «итермелеудің» қажеті шамалы. Адам құқығына орай, кімнің қай жерде өмір сүруді таңдау құқығы шектелмеуі шарт.