«Дос жылатып айтады»

Бүгінде білім беру саласына ұзақ мерзімді тұрақтылықты,тәртіпті мызғымас  ережелерді қажет етеді.Ата-ананың, ұстаздың да, баланың да мазасы кетіп, сабақтың сапасы төмендеді.Білім саласына тыныштық берген абзал.

Бұрындары айтқанымыздай мектеп — жоғары оқу орны емес. Ғылыми тілмен емес, жақсы, жүрекке жылы тиетін, күнделікті өмірмен байланысты оқытқан жөн. Оқушы алдымен елін, жерін,  туған өлкесін, оның өндірісін тануы, ішіп жеп отырған тамағының құрамын, пайдасын, зиянын білуі керек еді.

Оқулықтарға сын айтылуымен келеді. Алайда, сынаған сайын қателері көбейіп, өршелене түсумен келеді. Бағасын қымбатттатып  баспагерлер мен оқулық жазғыштар пайдаға шаш етектен бататыны анық. Биыл Ақтөбеге 9 сыныптың 19 пәнінен оқулық келмеді. Бірен – саран келгенінің бағасы — 2000 тенге. Есептей беріңіз. Осыдан сабақтың сапасы жөнінде не айтуға болар. Оқушының сабаққа құлқы жоғалды, әрі оқулықтар тапшы, сөзі түсініксіз, тапсырма көп. Ал мектеп бітіретін оқушылар жыл бойы тест сұрақтарын жаттаумен әлек.Тек қана жалаң мәліметтер қысқа жауаптарды қайталаумен келеді. Егіннен жаксы өнім алу үшін үстемелеп тыңайтқыш сеуіп, суды молынан  құйғанмен жақсы өнім алына ма? Сол сияқты, білім беру саласына тыныштық берген абзал. Оқушы  ертегідегі Ертөстік емес қой, 6 жаста алып бала болатын. Ел болса «латын әліпбиіне көшеміз» деп ұрандатып жатыр. Бұл да реформамен бірге қосымша жүк болар түрі бар.

Қазіргі  жақсы бағдарлама бойынша 1 сыныптан бастап ауызша өлең жаттатуға көшкен, әлі әріп танымаған оқушыға ауыр.Уәжі: бақшадан әріптерді оқып, сауат ашып келді дегенді  алға тартатын көрінеді. Ал бала бақшаға бармаған , бара алмаған бала үшін бұл талап қалай болады?

Сыныпта  ұстаз ауызша қайталап, үйде ата-ананың көмегімен іс алға жылжымай тұрған жайы бар.Әліпбиді өзгерткен  уақытта бұл әдіс қалай болар екен, қиындықтардан қалай шығамыз. Қазіргі  1 сынып оқушысы келешек ата-ана компьютердің тілі болар әліпбиді  игере ала ма? Бастысы туысқан халықтармен түсінісу үшін деп,

Осы күнгі әліпбимен талай ұрпақ сауатын ашып, көсегесі көгерді емес пе? Орыс тілінен енген әріптерді  қазақ дыбыстарымен таңбалап қазіргі әліпбиді қалдыру керек. Бүйректен сирақ шығарып, біресе орысша, біресе ағылшынша оқуды ұсынғанмен, қаншама ғылыми  еңбектер, сөздіктер, әдеби оқулықтарды қайтеміз. Басқасын айтпағанда қазіргі жазуды сауатты меңгерген аға ұрпақты қайтеміз деп ойламайма? Ұрпақ сабақтастығы үзілгелі тұрған жоқ па?Латыншаға көшкеннен қазақ тілінің мәртебесі өсіп, бар қазақ қазақша, сауатты болып, сайрап кетеді деп кім айтты? Көркем шығармаларды оқу, мерзімді баспасөзді құнттау деген қазір жоғалды. Егер латынша әліпби керек болса, қосымша сабақ  ретінде үйрету керек. (25-32 дейінгі дыбыс деп жүр ғой.) Айтылған сылтаулар көңіл көншітпейді.Әліпбилерді үйрету керек болса құран тілін неге үйретпеске, қосымша сабақ  ретінде.Әлі күнге Құранды түп  нұсқадан оқи алмай келеміз. Жастар Құранды тікелей оқи алса, обал — сауаптың не екенін жауыздық, зұлымдық, парақорлықтың зиянын  білген болар еді. Жастарымыз адасып, өзге ағымда адаспаған болар еді. Сондай ақ жақсы пікірге, халықтың талап тілегіне назар аударған жөн. «Қазақстан –Заман» газетінде Қазақстан ғылымдар академиясы президенті А.Құсаиновтың  мақаласын, ондағы орта мектеп білімінің  сапасы туралы айтылған ойларды іске асыру керек. Бірнеше жыл бойы осы саланы зерттеген шетел оқу орнындағы білімнің сапасын салыстыра отырып нақты ұсыныстар айтады.

Әліппені өзгертіп, бүкіл сыныптың оқу бағдарламасын қиындатқан,  қателіктерге толы оқулықтарды ұсынып отырған баспагерлер мен авторларға сеніп, әліпбиді өзгертіп, тағы да жолдан таймасымызға кім кепіл?

Білім сапасындағы кемшіліктерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өткір сынап ,ой – пікірін айтып, жазатындарды білім министрлігі, білім басқармасы жау деп санамаған жөн.

«Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп». Айтпақшы, бастауыш сынып оқушыларының портфельдері ауыр. Көлікте тікесінен тік тұрған оқушыны көргенде орныңнан (жасыңа) қарамай қалай атып тұрғаныңды білмей қаласың. Олар өздерінің ауыр да салмақты келешегін арқалап келе жатқандай.

 

Ж.Нәжмединов