Досай Кенжетай: Фарабиді бізге қарағанда өзгелер жақсы таниды
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен еліміз Әбу Насырдың даталы мерейтойын атап өтпекші. Біз дінтанушы, философия ғылымдарының докторы Досай Тұрсынбайұлына бірнеше сауал жолдаған едік.
Танулардың дені кеңестің шекпенінен
− Біз бірдеңені «тануға» құштармыз ғой. Шын мәнінде әл-Фарабиді толық тани алдық па?
− Тану деген білуден бөлек категория. Біз әл-Фарабиді білеміз. Бірақ тани алдық па? Меніңше әл-Фарабиді әлі толық тани алмадық. Мұның бірнеше себебі бар. Жалпы Фарабитану әлемде соңғы бір жарым ғасырлық уақыт ішінде, қайта бой көрсеткен тақырыптардың басында келеді. Әсіресе Батыста, мемлекет пен дін, философия мен ғылым, ғылым мен дін, теизм мен атеизм, экзистенциализм мен болмыс туралы пікірталастар ушыққан кезде, Фараби мұралары сұранысқа ие болды. Бұл құбылыс КСРО ғылымына да әсер етпей қоймады. Яғни, кеңестік идеология да әл-Фарабидің еңбектерін аударып, елеп, өз мүддесіне қолданғысы келді. Белгілі шаблондар… атеист, деист, материалист деген сияқты үкімдермен қолданды да. Мысалы, өзбекстандық ғалым, академик М.М. Хайруллаев өзінің «Абу Насыр Фаробий» және «Мировозрение Фараби и его значение в историй философии» деген еңбектерінде, әл-Фарабиді утопист, деист, материалист ретінде танытып, «Қайырымды қала» туралы тұжырымын «платондық утопия» деп анықтады. Оның «Метафизикаға» қатысты тұжырымдарын көшірме, «Аналитикасын» Аристотельдің комментарийі ретінде бағалады.
Осылайша, әл-Фараби еңбектері мәтіндерінің мақсатқа сай келмейтін тұстары алынып тасталып, «жұлма-жұлма» күйде аударылды. Дегенмен 1974 жылғы Қазақ Совет энциклодепиясында әл-Фарабиді танытқан материал шықты. ҚР ҒА философия институты әл-Фарабидің «Философиялық трактаттарын», А.Машани «әл-Фараби тарихи-деректі кітап», А.Көбесов «әл-Фараби» және «Сөнбес жұлдыздар», А.Қасымжанов «әл-Фарабидің математикалық мұрасы», Н.Төреқұлов «әл-Фарабидің әдеби мұрасы», Ә.Дербісәлі «Трактаттар және өлеңдер» аудармасын жасаса, Д.Досжанов және Ш.Хұсайынов «әл-Фараби» тақырыбында повесть, пьеса жазып, тағы басқа ұлт зиялылары әл-Фарабидің жоқтаушысы бола білді. Дегенмен бұл танулардың көбісі кешегі кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан болатын.
Тәуелсіздіктен кейін де «Фарабитану» бөлімдері, орталықтары ашылды. Мен өзім ҚР Философия және саясаттану институтынан сол кездегі Мысыр президенті Х.Мүбарактың Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арнайы көшіріп, түптеп, бірнеше том жасап берген «әл-Фараби еңбектерінің қолжазба көшірмелерін» көріп, сол еңбектердің қазақша баламасын жасап бергенмін. Ол қолжазбалардың қазіргі тағдыры маған беймәлім. Осы институтта кезінде Ә.Нысанбаевтың жетекшілігімен «әл-Фараби конгресі» Алматы және Анкарада да ұйымдастырылды. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде Фарабиге қатысты конгрестер, симпозуимдар, конференциялар жүйелі өтіп келеді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да Фараби мұралары қазақ тіліне аударылды. Бұл да толық, жүйелі емес, ішінара еңбектері ғана таңдалып алынды. Бұлардың барлығы негізінен «Фарабиді» тануға деген ізгі тілектен туған амалдар. Бірақ оны толық тани алдық деуге келмейді. Фараби мұралары әлі толық қазақ тілінде аударылып біткен жоқ. Оның мұраларының құнды қолданбалы қырлары, маңызы мен мәні жүйелі зерттеу нысанына айналмады.
150-ге жуық рисалалары бар
— Біз Фарабидің қай қырын көбірек білеміз, қай қыры ескерусіз қалды?
— Біз Фарабидің мұраларын толық меңгере алмадық. Сондықтан оның қай қыры танылды, қай қыры ескерусіз қалды деген мәселеге әлі ертерек. Дегенмен аузымызды қу шөппен сүрте бермей, Фарабидің мемлекет туралы тұжырымдарын бүгінгі егемен елдің игіліне ғылыми таным тұрғысынан талдап ұсынсақ деген үмітім бар. Расында мемлекет теориялары да өзгерген. Бірақ мемлекеттілік деген тарихтың үш қабатын тұтас алып жатқан, саяси сана болғандықтан Фараби мұралары бүгін де өзекті. Мысалы, Фараби: «Мемлекет бір ғарыш, ол басқарушы, басқарылушы және құқықтан тұрады. Ал құқық әділетке негізделу керек» деген тұжырымының күні өткен деп кім айта алады?
Фарабидің «Парасатты ел» тұжырымдарының ұстанымдары мен идеясы, мақсаты мен қызметтері, негіздемелері мен тұғырлары да өміршең, себебі, онда Алла, әлем және адам арасындағы байланыс сипаттамалары түсіндірілген. Ең басты мұрат – бақыт, ия кәдімгі адам бақыты. Бұл да бүгінгі біздің конституциямызда айқын көрініс тапқан. Бірақ біз бұдан бақытты болып кеттік пе? Сондықтан бақытқа жетудің жолдары деген Фараби даналығына әлі күнге зәруміз.
Дін мен ғылым, мемлекет пен дін қатынасында да осы Фараби салған сүрлеуге мәжбүрміз. Интеллект, яғни сана жіктемесі мен қызметтері, танымдық қабаттары мен ерекшеліктері, өзіңді тануға ғана емес, тұтастай қоғамтануға, әлемтануға, құдайтануға үндеп отыр. Үндестік пен үйлесімділік ұстанымы тек қана құқықтық нормалармен ғана емес, моральдық, философиялық, аксиологиялық, танымдық, психологиялық, экономикалық, өнер, діни, ғылыми, саяси-басқарушылық тетіктерді де бірге игеруге мәжбүрлегенде Фарабиге жүгінбегенде кімге жүгінеміз?
Мемлекеттің баюы үшін де ғылым шарт дедік. Бірақ қандай ғылым? Осы мәселеде ғылымдардың мәртебесі мен жіктемесінде тарихымызда жалпы адамзат тарихында Фарабиден асып негіздеме жасаған ойшыл бар ма?
Фараби метафизика, логика, философия, дін, поэтика, риторика, музыка, математика, астрономия, тіл, саясат, мораль, құқық т.б. сан салаға қалам тартқан ойшыл, философ, ғалым.
Жалпы оның артына қалдырған 150-ге жуық рисалалары бар. Солар толығымен қазақ тіліне аударылса, бұл да жетістік болар еді. Бұл біздің Фарабиді білуімізді, сосын тануымызды, содан кейін барып, оның мұраларын «менікі» деп сезінуімізді жеңілдетіп, тездетер ме еді деген ой келеді.
Батысқа Аристотель мен Платонды танытқан
−Дінтанушы ретінде Фарабидің ислам әлемі жайлы түсінігіне көзқарасыңыз қандай?
− Фарабиді және ислам перипатетизмін сынаған, мутакаллим, ойшыл Ғазали болатын. ХІІ ғасырда «Таһафут ал фаласифа», яғни «Философтардың адасуы» деген трактатында үш мәселе бойынша күпірлікпен күстаналаған.
Онда жалпы философтарға бағытталған жиырма шақты сын бар. Ол сын кейіннен Ибн Рушдтың «Таһафут ат таһафут» еңбегі арқылы түбегейлі сынға ұшырады. Мәселе адам мен Алла қатынасы, ондағы ұғымдық, концептуалдық комментарийлер мен ұстанымдар туралы болды.
Фараби барлық рисалаларын «Бисмиллаһ» деп бастаған ойшыл. Ол діндар. Ол дегдар. Ол моралист. Ол философ. Ол мәселеге ислам әлемі деп емес, адам әлемі деп қарады. Сол арқылы ислам әлемін жаңа сатыға көтерді. Батыс исламның өркениеттік әлемін мойындады. Исламнан үйренуге мәжбүр болды.
Фараби қазір Батысқа Аристотель мен Платонды сүйдірген, танытқан, жаңаша ұсынып, түсіндірген ойшыл ретінде танылады. Батыс ойшылдары, бүгін Батыс өркениетінің негізінде «Аристотель мен Платон» тұжырымдары жатыр деп топшылайды. Ал исламға дейін, Фарабиге дейін олай ойлай алмады. Себебі Батыс әлемі Христиан теологиясы ноқталауында қалған болатын. Бұл енді ұзақ әңгіме… Мағрибте, Ибн Рушд бастаған толқыннан әсерленген, Фома Аквинскийлерден бастап Гегельге дейін Батыс ойлау жүйесіндегі сілкіністің артында осы Фараби жатқандығын айтуға болады.
Ал ислам әлемі Фараби мұраларына Ғазалиден кейін-ақ, ХІІІ ғасырдан соң қызығушылығын тоқтатқан. Содан бастап, ислам әлемі ғылымнан, эпистемиологиядан, философиядан, ғылымнан шегіне бастады. Аяғында жаппай отар елге айналды. Оны тарихтан білетін боларсыз. Сондықтан Фарабидің ислам әлемін оның дін мен философияны, ғылым мен дінді, саясат пен дінді, мораль мен дінді, адам мен дінді, Алла мен дінді тұжырымдауынан көруге болады.
Ең басты орында адам және оның санасы тұр. Бұл ойлар Фарабидің «Китаб ал мила» яғни «Дін туралы трактатында» орын алған. Алла мына әлемді адам үшін жаратқан. Адам бірінші орында тұр. Адамға адамдығын есіне салатын, таным, түсінік, теория, шаблонға қарағанда «ұстаз адамның», «үлгі адамның» ықпалы қуатты болады. Міне осы тұжырымға сай ол Хазірет Мұхаммад пайғамбарды, адамзаттың тұңғыш ұстазы, «Раис ал аууал» ретінде түсіндіреді.
Бірақ өкінішке орай, Фарабиді сол баяғы Ғазалидің сүрлеуімен, мушрик ретінде танып, сайттарында жариялап жүрген, салафи «ахилар» біз де де жеткілікті. Қарағанды қаласында 2016 жылы бір сайтта Фарабиді күпірлікпен күстаналапты. Оған да жауап жаздым кезінде. Сосын әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің философия бакалаврын, магистратурасын бітірген тағы бір «ахи» да Фарабиді сол Ғазали шаблонымен танытып, философиясыз дін жеткілікті деп жар салып жүр… Жалпы Фарабиді тануда салафи сана басты кедергі. Себебі ақыл-ойды ноқталайтын салафилік платформа бізде қалыптасып үлгерді.
— Фараби меніңше, әлемге ортақ тұлға. Жалпы біз бір атақты шықса соны өзімізге меншіктеуге құштармыз. Шыңғыс хан қазақ па, қазақ емес пе дегенге күні бүгін дауласып келеміз. Қалай ойлайсыз, адамзатқа ортақ тұлғаларды меншіктенуден ұтарымыз бар ма?
— Рас, Фараби біздің топырақта дүниеге келді. Оны біздікі деуіміз орынды. Оған ешкім таласа алмайды. Бірақ өз кеңістігімізде дүниеге келген данышпанның мұраларын өзің емес басқалар саған танытса, намысың келе ме, келмей ме? Әрине Фараби − барша адамзаттың ойшылы. Фараби Батыстың да, Шығыстың да философы. Мен Фарабиді тек қазақ қана емес, барша адамзат игіліне жаратса деген позициядамын. Сондықтан кешегі ғана емес, бүгінгі қазақтан да Фарабилер шығуын қалаймын.
Тағы бір мәселе айтып кетейін, біз «Фараб» деп қазіргі Отырар ауданымен шектелеміз. Расында тарихта олай емес, Фараб деп, Алатау мен Қаратаудың қиысқан жерінен бастап, сонау Аралға дейінгі аймақты атаған. Бұл аймақта 56 қала/қорған болған. Бұл қалалар түркі ислам өркениетінің алтын бесігіне айналған мекен. Бұл мекен бүгінгі Сыр мен Қаратаудың арасындағы табиғи қорғанда орналасқан. Міне Фараб деген «табиғи қорғалған, яки табиғи қорған, оазис» ретінде ислам географиясында үш жерде кездеседі. Сондықтан бүгінгі «отыз Фараби», «жиырма исфиджаби», «сығнақилар» барлығы осы тарихтағы 56 қала кіретін әйгілі Фараб аймағының ұландары.
— Шымкент «Қайырымды қала» статусын бір жыл иемденді. Енді бұл үрдісті Нұр-Сұлтан қаласы жалғастырмақшы. Біз Фараби айтқан «Ізгі қаланы» Шымкенттен көре алдық па? Немесе Нұр-Сұлтаннан көре аламыз ба?
— Фарабидің «парасатты ел/қала, ізгі қала» сияқты тұжырымдарына еліктеп, сондай боламыз деген басшыларды білемін. Мысалы Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Е.Қ.Айтахановты айтар едім. Бұл кісі кезінде Отырар ауданы әкімі болып тұрғанда-ақ, Фарабимен ауырған адам. Оның еңбектері, мұраларын танып, танытып жүр. Сондықтан Фарабиды танып, оның мұраларын өмірде қолданысқа енгіземін деудің өзі, меніңше үлкен сілкініс.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ержан ЖАУБАЙ