ДОСБОЛ КӨРКЕМБАЙҰЛЫ

Досбол Көркембайұлы ауыл қарияларының айтуы бойынша 1860-1938 жылдары өмір сүрген.
Жергілікті халық арасында ең алғаш рет диқандық кәсіпті шебер меңгерген. Досбол қария егіншілікті кәсіп еткен және кезінде ағайындарын егіншілікпен айналысуға ықпал еткен. Бидай, тары, арпа, шай егіп, халыққа қамқор бола білген.
Ол өз күшімен Талас өзенінің арнасына көпір салған. Оның Талас өзеніне салған көпірі қазіргі жаңа көпір салынғанға дейін халық игілігіне жарады. Досбол ауылы маңындағы Талас бойындағы тал-теректің бәрін Досбол қарияның өзі отырғызған деседі. Сол кездері ел киіз үйде тұрып, көшіп-қонып жүргенде, Досбол өзінің еккен талдарын пайдаланып, үш бөлмелі үй тұрғызған.
Ол үй 1960 жылдарға дейін тұрған.
Оның 1932-1933 жылдардағы алапат ашаршылық кезінде Досбол диқан халыққа көп көмектескен.
Ел аузында кезінде ары-бері қатынаған ел Досбол көпіріне жетіп жығылсақ, өлмейміз деп армандайды екен деген сөз қалған.
Оның сол кездегі өзі жасап пайдаланған келісі мен диірмені ұрпақтарының қолында сақтаулы тұр.
Кезінде «Шығанақ» совхозында тұрған Төребеков Аханбек қарияның айтуы бойынша, Досбол қарияның қолынан Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Жанайдар Садуақасов, Әужан Мұстафаев сынды қазақтың белгілі тұлғалары үйінде болып, дәм татқан.
ҚР Ғылым академиясының академик ғалымдары М.Ш. Иманқұлов, Б.М. Ропот, В.М. Боровскийдің жазған «Талас өңірін суландыру» атты кітабында Досбол есімі кеңінен аталып өтеді.
Елді мекенге Досбол есімін берген – халық. Ауылдың Досбол қарияның атымен аталу себебі ел үшін істеген, ел есінде қалған еңбектерінің арқасында болса керек.
Досбол есімі болашақ жас ұрпақтарға алдағы уақытта да үлгі-өнеге.
1992 жылғы 31 желтоқсанда бұрынғы орталау мектепке де Досбол Көркембайұлы есімі құрметпен берілді.
Қазіргі таңда ауылдық округ Досбол қарияның есімімен аталады.
Ауылдық округке Досбол, Шағалалы, үлкен Көкдала елді мекендері кіреді.

Жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Сарысунама» кітабынан қысқартылып алынды.