Досжанның болашағынан үміт зор
Шалғайда жатқан Мойынқұм ауданында да спорт, қазақ күресі жақсы жолға қойылған. Осы кезге дейін ауданнан бірнеше Азия чемпиондары шығып, ел мерейін асырды.
Алдыңғы толқын ағаларының ізін басқан жас балуанның бірі – Көкжелек ауылының мақтанышы Досжан Құрманқұл. 13 жасар Досжанның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Ол жақында Меркі ауданында самбо және қазақ күресінен спорт шебері Мұхит Рахышевты еске алуға арналған аймақтық ашық турнирде алтын медальға қол жеткізді. Бұл – Досжан Құрманқұлдың үлкен жеңісі. Жарыста әр салмақта 24 балуан бақ сынасты.
Досжан алтын тұғырға жету үшін бес қарсыласынан басым түсті. Досжанның спортқа қызығушылығын оятқан ағасы – Серік Құсбеков. Ал, спорттағы алғашқы бапкері – Серік Ынтықбаев. Аудандық №23 спорт мектебінің директоры Ринат Дүйсенов те Досжанның болашағына үлкен сеніммен қарайды.
Досжан қазіргі таңда алдағы уақытта өтетін жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионатына, халықаралық турнирлерге дайындықты бастап кетті.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы