Дүбәра фильмдер кімге керек?

 Телесериалдан «Жібек», «Айжан», «Әйгерім», «Қарлығаш», «Айман-Шолпан», «Айша» тәрізді қыздардың атымен аталатын киноларды тамашаладық. Соларға шығарма болмысын бедерлейтін бір ат неге тақпасқа деген ойға қалып жүрміз. Ал «Дүбәра» фильмі айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазақтың баласына Дүбәра деп есім бергенін естуіңіз бар ма? Бұл — режиссер Хамза Көксебектің көркем фильмі.

Дүбәра — бас кейіпкер қыздың есімі. Х. Көксебектің мәлімдеуінше, кино қоғамдағы келеңсіздіктердің боямасыз бейнесінен туған. Алайда сол боямасыз шындық әшекей тақпаған әрсіз әйелдей көзге сүйелдей басылды. Сюжеттеріне еш дауымыз жоқ, бірақ сол өмір шындығын көркем түрде көрерменге жеткізу түрі тым жабайы. Табуды біліп, бала бағуды білмейтін қаныпезер әйел, некесін лайлаған арсыз еркек, ұрда-жық, кеудемсоқ жасөспірімдер, пара десе жемтігін көрген құзғындай құлқыны ашылып сала беретін мұғалімдер — осының барлығы бүгінгі өмірдің шындығы бола тұра өте дөрекі, тұрпайы сипатта бейнеленген. Тастанды қыздың атын Дүбәра деп қоюы — қазақ тарихында болмаған ерсі дүние. Қазекем қыз атына келгенде тым романтик, аса талғампаз емес пе? Тарихтан белгілі, Итбай, Итемген, Көтібар деген есімдер болған. Ер балаларға бұл аттар жарасып-ақ кететіндей сол заманда. Ал «тегі белгісіз, болашағы да бұлдыр» деп, қыз баланы дүңк еткізіп Дүбәра деп атау қай ақылға сыяды? Киноның басынан аяғына дейін Дүбәра қыз өз есімінің анайылығына арланбайды, әкесінің таққан айдарына көңілі тоқ адамдай жүре береді.

Бүгінгі қоғамды жайлап алған жемқорлық жайы тіптен оғаш көрсетілген. Аталмыш фильмді әртүрлі жастағы көрермендер тамашалайтынын ескерсек, әлі оң-солын танып үлгермеген балалар үшін бұл туынды «пара берудің биік үлгілері» болып табылмақ. Мұғалімге оқушының уыстап пара беріп, тыйым көрмей талтаң қағуы — асыра сілтеушілік. «Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық» деген ұғым кинода көрініс таппаған. Мұндағылар параны жең ұшымен емес, тікелей өзі лақтырады. Тәрбие ісі меңгерушісінің пара алып, оқушыны «өзгеше тәрбиелеу тәсілін» кинодан көрген балалар не оңады? Қоғамымызда мұғалімге онсыз да құрмет аз. Тағы бір сорақысы — ұстаздар рөлін сомдаған әншілер төменшік тартқан түрде ойнайтындығы. Мектеп басшысының бейнесіндегі Гүлнәр Сиқымбаева «келер комиссияны күтіп алу ережелерін» ашықтан-ашық айта береді. Ұстаз тұлғасын танытуы тиіс әнші Нұрлан Еспанов мектепке емес, дүкен аралауға шыққандай қарапайым киіне салған. Бұл да қазіргі мұғалімдердің беделін түсіретін бір ағаттық десем, артық болмас. Нұрлан ұстаздың да сөз басы «әй» деп басталатыны естір құлаққа жат. Парақор мұғалім сыпайы сөйлесе, киноның мәні кеміп кете ме? Шашын өсірген, джинсы шалбар мен футболка «сәнін келтірген» ер мұғалім Қазақстанның қай мектебінде бар? Пара алса да, үстіне әжептәуір бір костюм кимеген бұл өзі қандай жемқор мұғалім? Кинода көрсетілген көріністерден тиянақты түйін таппай дал болдық. Кәріс киноларында аты шулы алаяқ дұшпанына «сіз» деп үн қатады. Ал біздің киноларда мұғалім «әй» деп әкіреңдейді.

Дүбәра қыз бір шешеден туған бауырымен махаббат құрып, кейін туған әкесінің құшағында бір бұлқынып, артынша өзін асырап-баққан әке-шешесін тастап, өзін сүйетін бір жігіттің көлігіне мініп кетуімен кино аяқталады. Бұдан не түйсінуге болады?

«Біз — осындай шіріген қоғамның жексұрын, көзге қораш жаратылған бір мүшелеріміз. Лас, жиіркенішті өмір сүреміз», — деген идея көтеріп тұр ма? Әлде «қазақ деген дұрыс киіне де алмайтын, тіпті жай сөйлем құрап сөйлей алмайтын, «дұрыстап» пара беруге де санасы жетпейтін, көшесінен тастанды бала кетпейтін кесірлі елміз» деген ойды уағыздасақ, орынды ма? Өзімізді-өзіміз әсіре жалаңаш күйде жартыкеш етіп көрсетуден қашан тыйыламыз? Дүбәра фильмдермен дүмбілез ұрпақ тәрбиелеуге тырысып жатырмыз ба? «Адам болам десеңіз, бес асыл іс, көнсеңіз…» деп хакім Абай айтқандай, ғибратты, өнегелі айтары бар фильмдермен ұрпақты дүбәра күйден арашалап алып, адамдықтың, қазақтықтың биік шыңын көрсететін кинолар қайда?

Айзат РАҚЫШ