Дүбәра қайдан шығады?
Баяғыда бір қарғаның көгершінге көзі түсіпті. Оның сұлу да көркем жүрісіне таң қалыпты. Өзіне көңілі толмаған қарға көгершіннің жүрісін үйренбекке бекініпті. Өзін қинап қанша жаттықса да түк шықпапты. Ақыры соңында амалы таусылып, өз жүрісімде қала берейін деген тоқтамға келеді. Бірақ жүрейін десе, баяғы өз жүрісін де ұмытып қалыпты. Не көгершін емес, не қарға емес!
Алланың өзіне бергенінің қадірін білмей, өзгеге еліктеген өз болмысын жоғалтады. Не ол емес, не бұл емес, дүбәра атанып, қор болады. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өз негізі мен болмысын өзгерткен пенденің жайы осылай болмақ.
- Біздің қазақта да қарғаның кебін кигендер жетерлік. Алдымен орысқа еліктедік. Енді Батысқа бас ұрып отырмыз. Қазақы салт-дәстүрлерден ажырап, тілімізді жетімсіретіп, өзгенің қаңсығына құмарлығымыз артып, өз болмысымызды жоғалтып барамыз. Бұлар ертең я анда жоқ, я мұнда жоқ дүбәра болып қалатынын білмейді-ау, сірә!