«Дудар-ай» әнінің шығу тарихы
Бұрын «Дудар-ай» әнін Рыкина Мария Егоровна шығарды деп айтылса, енді оның нағыз авторы белгілі болды. Ол әншілік, серілік өнерімен аты шыққан Үлебай Әнетов екен. Бұл жайында Қазақ энциклопедиясында айтылады. Сонымен қатар, республикалық «Айқын» газетінде Төреғали Тәшеновтің «Осы жұрт Үлебайды біле ме екен?» атты мақаласы басылып шыққан екен. Сол уақытта басылымнан хат келген. Арасында Өркендеу ауылынан хат жазған Рақымберген Қозыбағар деген кісі болған. Оның айтуынша, «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған жан болыпты. Ал, Астана қаласының Көктал тұрғын алабының Жаңақоныс көшесінде тұратын жасы сексеннен асқан Сағындық Байұзақұлы деген ақсақал да Үлебайды білетінін жазған. Әннің тарихын білетіндердің айтуынша, Дүйсен деген әнші, домбырашы дудар бас жігіт екеуі дос болған. Әндегі Дудар-ай осы Дүйсен. Екі дос сол аймақтағы ойын-сауықтың ажарын ашып, көркін қыздырған. Бір күні екеуін Садырбай деген жерге алтыбақанға шақырып, Ұялы ауылынан төтелей өтіп бара жатқанда, алдарынан шыққан 15-16 жастағы орыс қызына кез болады. Бұл Мәриям еді. Қызға екі замандастың да көңілі ауады. Екеуі ақылдаса келе, қыз қайсысын таңдаса, соған келіспекші болады. Сөйтіп, қызға сөз салғанда ол Дүйсенді таңдайды. Дүйсен үйленейін десе, ағайындары қарсы болады. Бірақ, табандылық танытқан Дүйсен Мәриямға үйленеді. Көп ұзамай, Дүйсенді ағайындары ұрып-соғып алып кетеді. Осы арада екеуінің арасында хат тасушы Үлебай болған көрінеді. Ол екеуінің хатын да өлеңмен өріп жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» әні осы кезде туады. Үлебай ол әнді ағайындары Дүйсенді екінші қайтара алып кеткенде Мәриямның атынан шығарған. Бұл әннің бар шындығы осы. «Дудар-ай» – Үлебайдың туындысы. Бұған енді ешкімнің таласы бола қоймас.
Дереккөз: massaget.kz