Дұға! Сенім! Құлшылық! Тілек!

ДҰҒА

Өткенге қайтем өкініп,
Шүкірлік айтам жалғанға.
Ертеңге тірек-Үмітім
Тәуекел еттім Аллаға!

Мейірімді әрі Рақымды
Жарылқауындамын Иемнің.
Ақыл, Ес, Пана болшы деп
Иманнан киім киемін.

Үмітімді менің қайырлы ет,
Сол қайырға разы қыл!
Қаға көр пәле- жаладан,
Бар болса кешір жазығым!

Мойынсұнам Егем деп,
Мадақтап өтем Өзіңді!
Сынақты маған жеңілдет,
Ете гөр және төзімді.

Тойымы жоқ нәпсіден,
Қабыл болмайтын тілектен,
Сақтай гөр мені, Раббым
Үрейі жоқ жүректен!

Күнәларымның барлығын,
Ірісі мен ұсағын,
Алғашқысы мен соңғысын,
Жасырыны мен ашығын,

Кешіре гөр, бәрін түгелдей,
Қорқуды маған нәсіп ет!
Нәпсімді менің жүгенде,
Көрсетпе қайғы- қасірет!

Бай етші ілім- біліммен,
Қанағат жасайын шүкірмен!
Жүрегімді жұмсарт тәубамен,
Сабыр табайын зікірмен!

Тура жолға бастай гөр,
Өзіңсіз қалай оңалам!
Түгелдей соңын қайырлы ет,
Бәрібір саған оралам!

Аллаһуакбар!

СЕНІМ

Нұр шашып атты таң —
Жұма таңы.
(Сұлтаны күндердің Раббым сүйіншілеген)
Ой түзіп Хаққа мен
Құмартамын
(Кәлима айтып, бұл күнді еншілегем!)

Он есе сауаптан тұратын әр қадам,
Мешітке беттеймін ниетім тазарып.
Тілеген дұғама Алладан мархабат,
Уағызы имамның — жұмақтың саз әні.

Сәждеге барады сап түзеп жамағат,
Раббыма құлшылық, Расулға салауат.
Хақтығын сезесің ақырет күнінің
Бұл сезім ерекше, бұл сезім ғаламат.

Жаратып ғаламды, жоқтан бар жасаған,
Хикметін Раббымның надандар ұғар ма?!
Мұқтаж боп жаралғам нұрына Рахманның
Адам боп дүниеге анамнан туғанда!..

ҚҰЛШЫЛЫҚ

Шүбәсіз тек Саған ғана
Қауышам рас, бақида.
Өзің жалғыз, Өзің дара —
Серігі жоқ Ақиқат!

Есігін аш хикметіңнің
Рахымыңды төге гөр!
Ізгілік пен махаббатты
Жүрегіме еге гөр!

Аз болса көбейт берерің,
Ризықтандырып адалдан!
Қанағат орнат нәпсіге,
Сақтай гөр және харамнан!

Сенен басқа жоқ панам,
Құлыңды жерге қаратпа.
Тұмандап кеткен санамды
Ұмтылдыр ізгі талапқа!

Сақтай гөр, тойымсыз нәпсіден,
Қабылданбайтын тілектерден!
Сақтай гөр, зымиян әккіден,
Мейірі жоқ жүректерден!

Оң жағымнан бергізе гөр,
Амал дәптерім — Иманым.
Есебімді жеңілдет,
Иманым менің — жиғаным!

…Иманымды тұрмын үйіріп,
Тәубама келіп алдыңда нақ!
Кешірімділердің ең кешірімдісі —
Кешіре гөр, лә -Иләкә- ил- АллаҺ!

ТІЛЕК

Тағдырдың жазғанымен жүріп келем,
Таңдауым оң, несіне күдіктенем.
Әрбір түнді Қадір деп түсінем де,
Әрбір жанды Қызыр деп үміттенем.

Өтсем деймін, байлығым — иманым деп,
Өкпе- реніш, ашу- ыза, жинамай кек,
Пайда жасау қолымнан келмесе де
Жамандығым ешкімге тимесін тек.

Кеудемдегі қызғанышты өсірмесем,
Жүректегі шоғымды өшірмесем,
Өзгелердің пенделігін түгел кешіп,
Өзімді- өзім ешқашан кешірмесем.

Үндемейтін кездерде сөйлемесем,
Сөйлемейтін жерлерде үндемесем.
Жақсылықты ешкімнен аямасам,
Жетістігін біреудің күндемесем.

Ортасында жүрсем де шықпай төрге,
Өмір жолым, тәрізді шимай өрнек.
Әр намазда Раббыма тілек айтам:
«Жасқа үрей, кәріге үміт сыйлай гөр!»,-деп…

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ