Думан Рамазан. Ақсақал мен ақ жылан (әңгіме)

– Нұрманжан!… Ау, Нұрманжан!.. – Әжемнің әуезді дауысынан оянып кеттім. – Ерте күнді кеш қылмай, тұра ғой енді. Атаң бағана шығып кеткен. Күтіп қалатын болды. Мінезін білесің ғой, тулап жүрмесін! Әжем дызақ қағып, шыр-пыр еткенімен, құлағыма кіріп-шығар емес. Таңғы ұйқыны қимай, жылы төсектен тұрғым келмей көрпемді одан сайын тас бүркене түсем.

«Кетіп қалса екен, – деп қоямын ішімнен, – ұйқымды бір қандыратын!» Кенет, есіме атамның «Түс әлетінде Қоңырәулие үңгіріне кіріп-шығамыз!» деген уәдесі түсіп, арсалаңдай атып тұрдым. Апыл-ғұпыл киініп, асыға-үсіге жуынып-шайынып, әжемнің құйып берген бір тостаған айранын тұрған бойымда сіміріп салып, жүгіре басып сыртқа шықтым. – Айналайын, таңғы салқын өңменіңнен тез-ақ өте шығады. Ауырып қаларсың! Мынаны киіп ал! – Әжем артымша ескі күпәйкемді ала шықты.

– Сенің қарның ашып қалмасын деп ауқатты да көбірек салдым. Жұмыс істеген адамның қарны тез ашады. Әмбе таза ауада тамақ сіңімді болады. Азамат болды деген осы! Атасына көмекші болып, қолғабысы тиіп… Айналып қана кетейін сол! Сорайған түріңнен сол! – деп айналып-толғанып-ақ жатыр. Атам қоңыр биені арбаға жегіп қойыпты. Қасқа құлыны қасқиып қарсы алдында тұр. Шешем сиыр сауып жатыр. Әкем бұзау ұстап тұр. Екеуі де елжірей қарады. Көздері күлім қағып, жүздерінде шаттық нұры ойнайды. Бірақ ләм-мим деп тіл қатып, тіс жарған жоқ. Ала сиыр да тыныш тұрмай, мойнын созып, бұзауының құйрық жағын жалап қояды. Күпәйкемнің түймелерін де салмастан арбаға қарғып мініп, үстіне төселген киізге қисая кеттім. Атам да аспай-саспай жайлана жайғасып алды да: «Айт-шу, жануар!..» – деп божыны қағып-қағып жіберді. Қоңыр бие жұлқи тартып қалды да, сүйретіп ала жөнелді. Арбаның доңғалақтары тастақ жолда тақ-тақ етіп, тақылдап келеді. Шоғанақ-шоқалақтарға түскенде селк-селк етіп селкілдеп те қояды. Оған қарайлайтын шамам жоқ, көзімді тарс жұмып алған күйі атамның арт жағында бүк түсіп жатырмын. Күпәйкемнің жағасын тартқылап, басымды бүркемелей түсем.

Сөйтіп жатып көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта: – Дрр – рр-р!.. – деген қатқыл дауыстан шошып оянып, басымды көтеріп алдым. Атам арбаны доғарып жатыр екен, қоңыр бие шыбын-шіркейден қорғана басын шұлғып тыныш тұра алмай тұр. Денем дел-сал, ұйқым әлі қанбаған сияқты. Ырғатыла жерге түстім де, көрпені шөптесінге төсей сап, екпетімнен құлай кеттім. – Әй, әбзит-ай, бұнда ұйықтау үшін келдің бе? Тұр! – деді атам дауысын көтере. – Жетер енді! Күн ысып кетпей тұрғанда өндіріп алайық!

– Ата Қоңырәулиеге қашан барамыз? – дедім уәдесін тағы бір мәрте есіне салып.

– Ай, әбзит-ай, барамыз дедім ғой, барамыз! Алдымен шөп шауып алайық! – деді кішкене шалғыны қолыма ұстатып. – Сен осы жерден бастай бер. Мен ана жаққа барайын. Байқа! Шөптің арасында неше түрлі болады. Тас дейсің бе, томар дейсің бе… Бір жеріңді ауыртып алмашы, өзі!..

Шалғыны оңтайлап алдым да, атамның үйреткені бойынша жайлап сілтей бастадым. Шөп қалың өскен. Әр-әр жерден қызыл, сары гүлдердің бастары қылтияды. Шыр-шыр етіп шырылдауық шегірткелер ұшып-қонып жүр. Шалғымды қалай сілтесем де шөп таза шабылмай, жұлмалана жұмарланып қала берді. Атама қарасам, шалғысы сырт-сырт етіп, тиген жерін баудай отап, тақырлай шауып барады. Әне-міне дегенше ұзап та кетті. Мен болсам бір орыннан онша жылжи алмай әлекпін. Қарап тұрып-ақ, дәрменсіздігіме күйініп, ашу-ызадан булығып барамын. Намысқа тырысып, шалғының сабынан мықтап ұстап алдым да, бар күшімді салып қолымды сермей бердім, сермей бердім. Бағанағыдай емес, жақсырақ шабылып жатқан сияқты. Өне-бойымды қара тер басып кетті. Ентігім күшейіп, қолымның қары тала бастады. Сәл тыныстап алып, тағы да біраз шаба түсейін деген оймен шірей беріп, тартып қалып едім, шалғымның ұшы қатқылдау бірдеңеге кірді де кетті. Жайлап қозғап көрсем, алынар түрі жоқ. Саптың мойын тұсынан ұстап, қаттырақ жұлқып қалып едім, шалғыммен қоса шалқамнан түстім.

Атамның: – Өлдің-ау! Өлдің-ау! – деген жан айқайын естідім. Далбақ қағып, ентіге-қабына жетті де, шалғыны ауашарақ лақтырып жіберіп, жерден көтермелеп тұрғызып алды.

– Қалайсың, жаным? – деді көзі алақтай. Қорқып кеткен сияқты.

– Бір жерің ауырды ма? – Жо…ға! – дедім құйымшағымның тұсы ауырсынып тұрса да, дым сездірмей,

– еш жерім ауырған жоқ!

– Айналайын, сен шөп шауып, қарық қылмай-ақ қойшы! – деді үстімді қағып-сілкіп.

– Жүр, шөлдеген шығарсың, сусын ішіп алайық!

Атам көрпені көлеңкелеу жерге жайып, үстіне малдас кұра жайланып отырды да, қалтасынан умаждалған қол орамалын шығарып, маңдайынан бастап, тақыр басынан асырып, желке тұсына дейін сүрткіштеп, терін сүрте бастады. Бидай көже құйып беріп едім, соны сораптап, үн-түнсіз сәл-пәл отырды да, бір кезде астынан су шыққандай, қайтадан көтеріліп:

– Сен отыра бер, мен тағы біраз шауып келейін! – деп шалғысына қарай жүре берді. Шөлдеп қалыппын. Рахаттанып отырып үш тостаған бидай көжені сіміріп салдым. Атам шөпті сыпыра шауып ұзап барады. «Қалай шаршамайды, – деймін таң қалып.

– Мықты ғой, менің атам!» Осыны ойлағанда бойымды біртүрлі бір мақтаныш сезімі биледі. «Сонда мен нашармын ба, иә… нашармын!.. – деймін де, тағы да өзіме-өзім.

– жоқ, нашар емеспін! Нашар болсам, атам мені ертпес те еді ғой!» – деп қоямын жігерленіп. Атамның «сен шөп шауып жарытпай-ақ қойшы!» деген сөзі қайыра есіме түскенде қорланып-ақ қалғандай болдым. Жалма-жан шалғымды жерден көтеріп алдым да, қызылға түсер бүркіттей түйіліп кеп бар күш-қуатыммен, қайраттана шаба бастадым. Байқаймын, алғашқыдай емес, қолым үйреніп қалған сияқты. Шаршасам да тоқтамауға бекіндім. «Атам құрлы жоқпын ба?!» деп қоямын өзім бір аяқ астынан дәу жігіт боп шыға келгендей. Әлден уақытта желке тұсымнан шыққан:

– Ой, сен өзің өндіріп-ақ тастапсың ғой! – деген атамның дауысын естіп, кілт тоқтай қалып, артыма жалт қарадым. Атам күлімсірей қарап тұр. Шаршап-шалдыққаны байқалмайды. Мен болсам, екі иығымнан демалып, ырсылдап тұрмын.

– Олай күштеп шаппайды, – деді жымиған қалпы, – тез шаршап қаласың!

– Енді калай?… – Қашанғы айтам… Үйренетін кезің болды ғой. Міне, былай!.. – деп шалғымды қолына алып, шөпті шауып көрсете бастады,

– Қара күштің, күшенудің түк керегі жоқ! Жайлап қана тартып қалып отырсаң болғаны… Шалғының ұш жағын сәл жоғары көтеріп шабу керек, сен керсінше жерге қарай тығасың… Міне… қарашы өзің. Түк оқу-тоқуы жоқ қой!…

– Білмеймін! – дедім күмілжіп.

– Басқа-басқа, дәл осы шалғы шабуды үйрене алмай-ақ қойдым ғой! Атам қарқылдап тұрып күліп алды да: – Қарағым-ау, бұл сенің ана оқуыңнан қиын дейсің бе?! – деді қолын бір сілтеп.

– Ынта жоқ қой. Ынта жоқ! Жарайды, жүр, шай ішіп алайық! Алдымен тоғайдың төменгі жағында сылдырап ағып жатқан бұлақ суына беті-қолын жуып алды да, көрпенің үстіне жайнамазын жайып жіберіп, намаз оқи бастады. Мен дастархан жайып, өзімше шай жасадым. Атам намазын оқып болған соң жаныма келіп отырды. Термостың тығынын тартып қалып едім, буы бұрқырап тұрған ып-ыстық шай қолыма шашырап кетті.

– Әй, байқашы-ей, – деді атам дүңк етіп. – күйіп қалмашы!..

– Ата, – дедім шай құйып жатып, – Намазды неменеге оқисыз? – Е, балам-ау, адам болған соң періште сияқты өмір сүре алмайсың. Содан аз да болса күнәңнан арылып, Құдайға сыйынып отырмасаң бола ма?!

– Сіз де айтасыз-ау, Құдай жоқ қой! – дедім білгішсініп.

– Ол надандық қой! – Тәйт, әрі! – деді атам қабағын шытып. – Аузыңа келгенді оттай берме! Бір Жаратушы бар. Он екі мың ғаламды жаратқан сол. Жалғыз Жаратушы сол!..

– Қайдағы Жаратқан, қайдағы Құдай?! – дедім атамды сөзіме иландырмақ болып,

– Адам баласы маймылдан жаратылған! – Сонда маймылды кім жаратты? Маймыл неден жаратылған? – Білмеймін. Оқулықта «адам маймылдан жаратылған» деп жазылған ғой!

– Болды, жетер енді! Бос сөзді қайтесің?! – Ата, бұл бос сөз емес, шын айтам, – деймін одан сайын өршеленіп, – бұны Дарвин деген үлкен ғалым дәлелдеп шыққан.

– Кім не десе о десін, өз басым оған сенбеймін. «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген. Бұл ғалымның емес, барып тұрған зәлімнің сөзі ғой!

– Ата, сіз оқымаған адамсыз ғой. Ғылымды түсінбейсіз. Феодализмде қалып қойғансыз! – деп қойып қалдым жаттап өскен қағиданы қайталап,

– Біз тіпті капитализмге соқпай, социализмге өтіп кеттік. Социалистік қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Енді коммунизм орнайды дейді ғой. Қашан орнайды екен?

Ата, айтыңызшы, коммунизмге қашан жетеміз? – Өй, оны мен қайдан білемін! Бір Құдай біледі де!

– Ата, сіз де «Құдай, Құдай» дей береді екенсіз. Қайдағы жоқ Құдайды айтып. Құдай жоқ қой! Неге түсінбейсіз?! – Қысқарт дедім ғой мен саған! – деді атам жекіріп.

– Құдай сендерге ойыншық дейсің бе?! – Брежнев білетін шығар, ә?! – Нені тағы? – Коммунизмге қашан жететінімізді.

– Ой, қарағым-ау, сен де қайдағыны айтып. Болған кезінде көрерміз, тірі жүрсек. Болмас нәрсені алдын ала сөз қылып қайтесің.

– Коммунизмде бәрі тегін болады дейді ғой. Магазинде сатушы болмайды дейді. Не керек болса соны өзің алып жүре береді екенсің. Рахат қой! Сол күнге қашан жетеді екенбіз?!

– Әй, сен өзің мыжың боп кетіпсің ғой. Бала деген өйтіп көп сөйлемейді. Ертең мылжың атанасың. Сөзді қой, шайынды ішіп болсаң жүр, Қоңырәулиеге кіріп-шығайық!

Атам бәрін сайлап шығыпты. Ескі қапты қақ бөліп, сымтемірмен екі ағаштың басына мықтап байлап алды. Бір бөтелке сәлеркесі де бар. Қоңыр биеге жайдақ мінгесе сап, сар желіспен желіп отырып сүт пісірімдей уақытта Қоңырәулиеге де келіп-жеттік. Үңгірдің ауыз жағында кішкене ғана ақ жылан жатыр екен. Денем дір ете қалды.

– Қорықпа, бұл жылан ылғи осы жерде жүреді, ешкімге зияны жоқ. Көрінетін адамдарға ғана көрінеді. Ниеті бұзық, пиғылы жаман адамдарға көрінбейді. Ел бұны «осы үңірді қарауылдап жүретін иесі» дейді. Мен бірдеңе білсем, бұл, шынында да, тегін жылан емес. Әманда жолың болады екен! Жаман болмассың! Атамның сөзін толық түсіне қоймасам да, әйтеуір бір жақсылық болардай сезіндім. Бір ағашқа от тамызып алдық та, алға қарай жылжыдық. Үңгірдің кірер ауызы кішірек болғанымен, іші бір ауыл ел емін-еркін сиып кететіндей кең көрінеді. Төбесі биік, төменгі жағы еңіс екен, аяғымызды аңдып басып ақырын жылжып келеміз.

– Қазақтың киіз үйі сияқты екен! – дедім жан-жағыма ұрлана көз тастап. Aтамның костюмінің етегінен мықтап ұстап алғам. Қолымды жіберіп қалсам болды, ылдиға қарай домалап, құрдымға құлап кететін сияқтымын.

– Расында да, киіз үйге ұқсайды-ау! Ананы қарашы! – деді атам сұқ саусағын жоғары қарай шошайтып.

– Шаңырақ қой! Уықтарын көрмейсің бе?! Құдайдың құдіреті-ай! Төбедегі тасқа қашалып салынған шанырақтың суреті мен уық тәріздес ұзын сызықтарды көріп:

– Бұларды кім істеген? – дедім тезірек білгім келіп.

– Құдайдың қолымен жасалған! – Атам қысқа қайырды. Қарсы дау айтайын десем, осы қараңғы үңгірдің ішінде мәңгілікке қалып қоятындай қөрініп:

– Құдай қайда? – дедім екіұдай қүй кешіп.

– Құдайдың қайда екенін ешкім білмейді! Көрген де тірі пенде жоқ!

– Көрінбей ме?

– Көрінбейді!

– Жападан-жалғыз тұра ма?

– Иә, Құдай – жалғыз! Жалғыздық Құдайға ғана жарасады! – Атам жайлап басып, оң жақ қабырғаға қарай жүрді. Бірдеңе іздеп келе жатқандай алауын алға созып, тінтіне қарап қояды

. – О, таптым… таптым! – деді бір кезде тоқтай қалып.

– Ол не?

– Мүсін ғой! Жас қыздың мүсіні. Бұл бір байдың қызы дейді. Сонау бір жаугершілік замандарда сол бай бала-шағасымен осында тығылған екен. Қызы ауырып, қайтыс болыпты. Бұл тасқа айналып, қатып қалған сол қыз көрінеді.

– Қызық екен! – дедім мүсінді сипалап. Дүрдек ерін, тәмпіш танау, қысық көз қыз табыт сияқты төртбұрышты тастың үстінде қолаң шашы төгіліп шалқасынан жатыр. Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш. Кеудесіндегі қос анары томпиып тұр.

– Құдайым-ау, жап-жас қой! – деді атам шынымен жаны ашып.

– Көп болса, сенімен жасты шығар. Он төрт, он бестердегі…

– Ата, жас қыз да өле ме?

– Неге өлмесін! Жалпы жастардың аман жүргені жақсы ғой! Бірақ біреудің ажалы – оттан, біреудікі – судан дегендей… енді біреудікі – аурудан. Ажал айтып келмейді, балам! Біреуге ерте, біреуге кеш… Бәрі де бір Құдайдың қолында!

– Бәрі де Құдайдың қолында болса, неге аман алып қалмайды? Атам бір сәт ой құрсауында қамалып қалғандай кейіп танытты да, лезде етек-жеңін жиып алып:

– Ой, әбзит-ай, сенің де сұрамайтының жоқ-ау! – деді зілсіз жекіп.

– Былжырай бергенше, көріп болсаң жүр, түпкі жағына барайық. Ол жерде өзен бар.

– Өзен дейсіз бе? – дедім елең етіп.

– Иә, өзен… өзен. – Осы үңгірдің ішінде ме?

– Әй, әбзит-ай, не деген мыжымасың өзің, жүрсеңші енді. Қазір өзің де көресің ғой! Жалп-жалп етіп жалпылдаған алауымыздан онша көп ештеңе көріне қоймайды. Қиыршық тастар сусылдай сырғып, аяғымыз тайған сайын төменге қарай сырғанап кететіндей жүрегім аузыма тығылады. Алдыңғы жаққа көз салып қоямын, түпсіз тұңғиық секілді, түк көрінбейді. Жан-жағыма жалтақтаймын, сыртымыздан біреу бақылап тұрған сияқты. Бойымды қорқыныш сезімі билеп барады. Тартып алып кететіндей-ақ атамның етегінен тас қып ұстап алғам. Ойымды ашып айта алмай:

– Үңгірдің ішінде біреу бар ма? – дедім жанамалап.

– Балам-ау, мұнда кім болсын! Ешкім жоқ! Қорықпа! Атам менің үрейленіп келе жатқанымды сезген сияқты. Өзімнен-өзім қысылып қалдым да, «ұялған тек тұрмастың» кебімен:

– Жо… ға… неменеге қорқам! – дедім батылданып.

– Бәсе… Бәсе… Міне, жігіт!.. Мақтағанға мәз болып, марқайып қалдым. Бойым да жеңілдеп сала берді. Бір кезде, шынында да, алдымыздан жалтырап су көрінді. Жақындап келгенде көрдім, мөп-мөлдір, тұп-тұнық. Түп жағындағы тиын-тебендерге шейін анық көрініп жатыр.

– Бұл – ерекше қасиеті бар су. Ішсең бойға шипа, дертке дауа болады. Қанғаныңша ішіп, «бісімілләні» айтып, беті-қолыңды жуып ал! Атам бір тостаған су алып ішті де, ішінен күбірлей дұғасын оқып, асықпай беті-қолын жуды. Мен де білгенімді айтып, атамның істегенін қайталадым.

– Мына судың ұшы-қиыры жоқ дейді білетіндер. Ұзаған сайын тереңдей беретін көрінеді. Құдайдың құдіреті-ай, десеңші! – деді атам таңданған пішінде.

– Ар жағында не бар екен?

– Ой, әбзит-ай, мен қайдан білейін не бар екенін?! Барып-келгендерден сұрамайсың ба?!

– Барып-келгендер бар ма? Атам жылы жымиып:

– Өзіңнің сұрағың бітпейді екен! – деді басымнан сипап.

– Сұрағаның жақсы-ақ. Бірақ мен жарытып не біледі дейсің, жарығым-ау! Маған қарағанда сенің оқуың көп қой!

– «Көпті көргеннен сұра» деген ғой, ата!

– Оның дұрыс-ақ! Бірақ біздің оқу-тоқуымыз аз ғой!

– Неге оқымадыңыз, жалқау болдыңыз ба?

– Жоқ, жалқау болғаным жоқ, жағдай болмады. Әке-шешеден жастай қалып, жетімдіктің азабын тартудай-ақ тарттық қой!.. Қайсыбірін айта бересің! – деді құмыға.

– Әй, қарап тұрмай ішіңнен тілек тіле де, мыналарды суға таста! – деп қолыма жиырма тиындықтың үш-төртеуін ұстатты. Көп ойланып-толғанып жатпастан:

– Бәріміз аман болайық! – дедім де, тиындарды суға шолп еткізіп тастай салдым.

– Қой, уақыт та біраз болып қалған шығар. Шығайық! Жүр! Атам бастап, мен артынан ілесе жоғары қарай көтеріліп келеміз. Қайта-қайта шыдамсыздана шығар ауыз жаққа қарап қоямын. Түк көрінбейді. Қап-қараңғы қапаста қамалып қалғандаймыз. Қолымыздағы алауымыздың да жарығы көмескілене түскендей.

– Ата, адасып кетпейміз бе? – дедім қауіптеніп.

– Жоқ, балам. Әне, көрмейсің бе, жылтылдап жарық көрініп тұр ғой! Сыртқа шықтық. Күннің қызуы әлі қайта қоймапты, ми айналып жерге түсердей шыжып тұр. Төңірек тыншу, лүп еткен жел жоқ. Қоңыр биеге мінгесе мініп шалғынға қарай тарттық.

– Әне, ананы көріп тұрсың ба?! – деді атам өзеннен өте бергенде тау жақтағы тас қорымдарға қарап. – Бұлар сол бір жаугершілік кезеңдерден қалған белгілер ғой! Абылай хан бастатқан жаужүрек батырлар елімізге шапқыншылық жасаған қараниет қалмақтарды осы жерде күтіп алып, қынадай қырып салған көрінеді. Жеті тәулікке ұласқан қанды шайқас болған деседі осы жерде. Қалмақтар Қоңырәулиенің маңайынан бекініс жасап, алғашында қазақтарды ауыр шығынға ұшыратса керек. Кейіннен мал-мүліктерімен үңгірдің ішіне тығылыпты. Осы бір сұрапыл шайқаста Қаракерей Қабанбай қалмақтың атақты батырын жекпе-жекте өлтіріп, жеңіске жол салыпты. Сол үшін «Дарабоз» атанып, хан ұранына айналған екен. Бала кезімізде сондай әңгімелерді жиі естуші едік. Қазір соның бірі де айтылмай барады ғой! Бұл өзі тарихи жер. «Қоңырәулиені» көру үшін әйгілі адамдардың көбі келген. Абайдың табаны тиген, Мұхтар мен Сәбит суын ішкен. Бағанағы жартастардың бірінде «Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов» деген жазулар бар. Тағы бір келгенде көрсетермін. Өз қолдарымен ойып жазған деседі білетін жұрт. Ойбай, ұмытып барамын, бүгін сенің әкеңнің туған күні ғой. Ертерек бармасақ болмас! Әлі есімде, дәл осындай күн ыстық болып еді… Әй, зымыраған уақыт-ай! Содан бері де аттай қырық жыл өте шығыпты. Ол кезде менің орда бұзар кезім еді. Енді міне қаусаған шал болдық. Расында да, бұл дүние көрген түстей бір демде-ақ өтеді де шығады екен ғой!

– Жел қағып, күн қақтаған әжімді жүзін мұң торлады.

– Қой, жаным, біраз тыныстап алып, жиналайық! Ана бір алдыңкүнгі шабылған шөптер ғой! Қарашы, құрғаған шығар! Тоғайдың көлеңкесін саялап, аз-маз тынығып алдық та, күннің қызуы қайта бастаған кезде кепкен шөптерді арбаға тиеп алып, ауылға апарар бұралаң жолға түстік. Атам ара-тұра «шу, жануар… шу…» деп божыны қағып-қағып қояды. Қоңыр бие қамшы салдырар емес. Бір арба шөпті қиналмастан-ақ емін-еркін тартып келеді. Қасқа құлын да қалысар емес, біресе арт жақта қалып қояды да, біресе ойнақтап алдыға шығады. Шөп үстінде шалқалай жатырмын. Ойымда Қоңырәулие үңгірі. Тас мүсінге айналған қыз қөңілімнен кетер емес. Қайта тірілгендей сұлу бейнесі көз алдыма елес береді.

– Сен кімсің? – дейтін сияқты сылаң қағып.

– Мен… мен… батыр баламын! – деймін қоқиланып,

– Өзің кімсің?

– Мен байдың қызымын.

– Сылқ-сылқ етіп, сықылықтап күледі.

– Батыр баланы жақсы көремін!

– Мен өскенде Қабанбай атам сияқты үлкен батыр боламын! – дей беріп едім, дауысым қаттырақ шығып кетсе керек, атам артына бұрылып:

– Әй, кіммен сөйлесіп жатырсың? – деді сұраулы кейіппен.

– Жәй-әшейін өзім… – деп бүркене бердім. Атам айтқан қазақтар мен қалмақтардың шайқасын көз алдыма елестетіп жатқам… Бір кезде ішіне бес қаруымды асынып, өзім де қойып кеттім. Қалмақтардың қанын судай шашып, оңды-солды жайпап келемін, жайпап келемін… Жаулар көздері алақ-жұлақ етіп тырқырай қашып барады… Осылай ойша соғысып жатып көзім ілініп кетіпті. Біреу айғай салғандай болды. Шошына басымды көтеріп алдым. Арба мал қораны жанап кеп тоқтаған екен.

– Неге соншама шошындың? – Атам аңтарыла қарады.

– Түс көріп жатыр екенмін!

– Қандай түс?

– Бізді күтіп жүрсе керек, қалбақтап әжем де жетіп келді.

– Шашы да, сақалы да, жүзі де, киімі де аппақ бір шал басымнан сипап, бірдеңе айтып жатыр екен!.. – Астапыралла!.. Астапыралла!.. – Әжемнің көзі шарасынан шыға бадырайып кетті,

– Әй, өзің, баланы ауыртып әкелгеннен саумысың!

– Қойшы-ей, қайдағыны айтпай, аталары ғой баталарын беріп жатқан. Жолы ақ, болашағы зор болады екен! Өзі де ақжолтай бала ғой! Әжем атамның сөзіне құлақ асқан жоқ, «біссімілләсін» қайталап, мені құшағына қысқан күйі үйге қарай дедектетіп сүйрелей жөнелді.

 

*** Міне, менің туған жердің тарихына деген қызығушылығым осылай оянып еді… Қазір атам да, әжем де бақилық болған. Әкем де сол кісілердің артынан келмеске кеткен. Шешем қолымда. Күйлі-қуатты. Уақыт тоқтаусыз, сынаптай сырғып өтіп жатыр. Жылдармен бірге жылыстап, ақырын аяндап қырыққа да келдік. Шашымызға ақ кірді. Кеше ғана шыбық мінген сәби едік, бүгін, міне, өзіміз де бала сүйіп, әке атандық. Өткен жазда ата-әжелеріне құтты қоныс болған туған жерді көрсетіп-қайту үшін бала-шағамды ертіп Алматыдан арнайы ат терлетіп ауылға бардым. Ауылдың қызығы тарқаған сияқты. Ажарынан айырылып, кетеуі кетіп қалыпты. Қайда барсаң да жүдеу-жадау тірлікке тап боласың. Шаңырақтары опырылып ортасына түсіп, үйіндіге айналған үйлердің орнын көргенде жаның жабырқап, қабағыңа мұң ұялайды. Біз туған үйді де бұзып тастапты. Балғын балалық шағымыз осында өтіп еді. Ішім удай ашып, жүрегім сыздай ауырды. Қонырәулиеге де жолымыз түсті. Бір ғажабы – өзім бала кезде көрген кішкене ақ жыланды тағы көрдім. Үңгірдің сырты күл-қоқысқа толып, іші әбден бүлінген. Төбеден тастар құлаған сияқты, аяқ алып жүргісіз. Шаңырақтың суреті мен уық тәріздес сызықшалар да өше бастаған. Қыздың мүсіні үшті-күйлі жоқ. Орны үңірейіп, алқа-салқасы шығып жатыр. Базбіреулер қыздың мүсіні жатқан жерді жарылғыш заттармен қопарып, алтын іздеген көрінеді. Ел аузындағы аңыздардың бірінде осы жерге бір бай алтын тығып кетіпті деп айтылушы еді…

Үңгірдегі өзеннің де суы суала бастаған. Бергі жағын тастар басып тастапты. Арғы жағы болар-болмас жылтырайды. Салым суға кеткендей, ұнжырғам түсіп, көңілім құлазып-ақ қалды. Сыртқа шыққаннан кейін де өзіме-өзім келе алмай әрі-сәрі күй кештім. «Даңқты ата-бабаларымның көзіндей көріп, тұмарындай сақтауға тиісті киелі орынның қадір-қасиетіне жете алмай қор қылыпты-ау, бүгінгі ұрпақ! Бұдан асқан жетесіздік бола ма?! Не деген сұмдық?! Не деген масқара?!», – деп, қараптан-қарап күйіп-пісемін. Маңайы сан түрлі гүлдерге толып, жазғытұрым жайқалып тұратын қалың тоғай да таздың шашындай селдіреп, көріксіз күйге түскен. Тізеден келіп кұлпырып жататын шөптің де жұқаланып жұрнағы ғана қалған. Дәл осы кезде көк шалғынға айналар айналаның бәрі сарғыш тартып, мезгілі жетпей қурай бастаған. Тау екеш таудың да бауыры жалаңаштанып, қотыр түйеге ұқсап қалған. «Осының бәрі қырық жыл уытты уын шашқан атом бомбасының кесір-кесапаты ғой! – деймін күйіне. – Қайран, туған жер, өскен өлке!.. Арқа-жарқаң шығып жатушы едің, адам танымастай азып-тозып кетіпсің ғой!..» Туған жерге жаз күніндей жайраңдап барғанымды қайтейін, сары күздей сарғайып, құлазып қайттым. Түсімде ақ шашты, ақ сақалды қария тағы да аян берді…

ДЕРЕККӨЗ. http://adebiportal.kz/kz/news/view/duman_ramazan_aksakal_men_ak_zhilan_angime__19872