Думан Рамазанұлы: ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЖАДЫНДА МӘҢГІ ҚАЛАДЫ

 

Әлем назарын аударған «ЭКСПО — 2017» Халықаралық көрмесіне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті зор үлес қосты. Осы игі істің жауапкершілігі жүктелген Астана қалалық «ЭКСПО — 2017» еріктілер штабының басшысы, университетінің ректор аппаратының жетекшісі Думан Рамазанұлы Айтмағамбетовпен сұхбаттасқан едік.

— Астанада жоғары оқу орындары көп. Соған қарамастан Астана қалалық еріктілер штабының ЕҰУ-де жұмыс істеуіне не себеп болды?  

— ЭКСПО кезінде университет пен Астана қала әкімдігі жұмыла жұмыс істеді. Университетіміздің базасында еріктілердің қалалық штабы құрылды. Қала нысандарында жұмыс істеуге Астана қаласының жоғары және арнайы орта оқу орындарының студенттерінен 1 530 ерікті іріктеліп, тізімі жасалды. Әр айға 510 ерікті қызмет етті. Еріктілердің жұмысын үйлестіруші 50 супервайзер тағайындалды. Мамыр айынан бастап іріктелген еріктілерді оқытып, дайындады. Оқыту бағдарламасында еріктілер туралы түсінік, кросс-мәдени менеджмент негіздері, шетелдік қонақтармен жұмыс жасау шеберлігі, елорданың тарихынан, оның көрікті жерлерінен хабардар ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері үйретілді.

Еріктілер қайда қызмет етті?

— Еріктілер қызметі мемлекеттік органдардың тапсырысына сәйкес

халықаралық әуежай, теміржол вокзалдары, автобекет, қаланың жедел мамандандырылған ірі сауда ойын-сауық орталықтары, көрмеге келген ресми меймандар тұратын қонақүйлер тәрізді нысандарды қамтыды. Астана қаласының әкімдігі  «ЭКСПО — 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін  өткізу кезеңінде қаланың белгілі бір нысандары мен қызмет көрсететін арнайы орталықтарында қажетті шет тілін білетін еріктілердің қызметін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.

 Көрмеге қызмет етуге еріктілер қызығушылық, белсенділік танытты ма?

— Алғашқы күннен бастап еріктілер жұмысқа үлкен құлшыныспен, ынта-жігермен кірісті. Тек шілде айында ғана біздің 510 ерікті  Астанадағы  96 нысанда 9 мың шетелдікке және 250-ден астам делегацияға қызмет көрсетті. Соңғы маусымда 510 еріктінің 189-ы еріктілер қатарында қайта қалуға ниет білдірді, бұл жалпы еріктілер санының шамамен 40 %-ын құрайды. ЭКСПО кезінде еріктілер ерекше  белсенділік пен жауапкершілік танытты. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде шетелдік қонақтар тарапынан көп алғыс айтылды, ескертулер мен сыни пікірлер болған жоқ.

Еріктілерді жатын орынмен қалай қамтамасыз еттіңіздер?

— Еріктілерді жатын орынмен біздің университет қамтамасыз етті. Оларға

ЕҰУ-дің №2 Студенттер үйінен 510 орын берілді.

Бірыңғай киінген еріктілерді көргенде еріксіз сүйсіне қарайды екенсің.

— Еріктілердің бірыңғай киінгенін өзіңіз де байқаған екенсіз. Бірыңғай

киіммен қамтамасыз ету бойынша киім үлгісі және басқа да керек-жарақтар әкімдік және «ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамы басшылығымен келісілді.

Көрмеде белсенділік танытқан жастардың еңбегі ескеріле ме?

— Әрине, ынталандыру шаралары қолға алынған. Атап айтқанда: гранттар, яғни  ең үздік 20 ерікті-студентке ЖОО-да оқу үшін 1 жылға әкім грантын тағайындау; 3-4 курс студенттеріне 1 жылға жатақхана беріледі; қала әкімінің алғыс, мадақтама хаттары; сыйлықтар, кәдесыйлар, электронды кітаптар тарту етіледі. Сондай-ақ, Астана қаласында өткен әртүрлі концерттер мен мәдени іс-шараларға тегін билеттер беріліп, танымал тұлғалармен, спорт және шоу-бизнес жұлдыздарымен кездесулерге қатысты.

Еңбегі еленген еріктілер бар ма?

— Жақында ЕҰУ-дің Тұңғыш Президенті залында еріктілер қозғалысының  қалалық штабы көрменің 2-ші  маусымын қорытындылауға байланысты  салтанатты жиналыс өтті. Онда шілде айында  атқарылған жұмыстарға  қорытынды  жасалды. Жиналысқа  Астана қаласы әкімінің орынбасарлары  және басқа да жауапты адамдар қатысты.

«Астана ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне келушілерге  лайықты қызмет көрсетіп, өздеріне сеніп тапсырылған нысанда жұмыс істейтіндерге  қолғанат болған еріктілер мен супервайзерлерді марапаттап, алғыстарын білдірді. «Маусымның үздік командасы», «Маусымның үздік супервайзері» және «Маусымның үздік еріктілері» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы кубок пен бағалы естелік сыйлықтар табыс етілді. «Айдың ең үздік  командасы» атанған «Нұрлы жол» нысанының еріктілері, «Үздік  супервайзер» атанған  ЕҰУ заң факультетінің 1 курс студенті Құмарбек Азат арнайы  Кубокпен және  Құрмет грамоталарымен марапатталса, «Үздік ерікті» атанған  Тұран университетінің 1 курс студенті Рауан Сағындықов су жаңа  велосипед мінді. Шілде айының «Үздік еріктісі» штаб туын үшінші маусымның еріктілеріне салтанатты түрде  табыс етті.

Еріктілер қатарында болған әрбір жас өте бақытты деп ойлаймын. Өйткені олар елімізде болған тарихи сәттің басы-қасында жүрді. ЭКСПО жастардың жүрегінде мәңгі қалады.

Әңгімеңізге рақмет!

                                                                                           Сұхбаттасқан Жұлдыз  Тойбек,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналисі