Дүниежүзі тарихын тек қана орысша оқыту – Қазақстандық дүниежүзі тарихы ғылымын құрту…
Кез-келген реформа мен бағдарлама сол саланың тәжірибелі, кәсіби мамандарымен, зерттеуші-ғалымдарымен, жалпы халықтың талап-тілек, ұсыныс, пікір, көзқарасын жан-жақты ескере отырып жасалуы керек. Сонда ғана ол өміршең, кемел, жан-жақты әрі нәтижелі болады. Алайда білім саласындағы бүгінгі реформалар осы саланың өз мамандарын да таңғалдырып, күдіктендіріп, түсінбестікке түсіріп отыр. Ойымыз дәлелді болу үшін нақты пікірге көз жүгіртейік:
Көкебаева Гүлжауһар Кәкенқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дүниежүзі тарихы, тарихнама, деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы:
Үш тілде білім беру реформасына байланысты дүниежүзі тарихын барлық мектепте орыс тілінде ғана оқыту ұсынылуда. Қателеспесем, кеңестік кезеңде де мұндай жағдай орын алған жоқ. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында қолға алынған бұл бастаманы қалай қабылдайсыз?
Оқыту тіліне қарамастан барлық мектептерде дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқытуды дұрыс саясат деп санамаймын. Өйткені, біріншіден, тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде барлық мүмкіндігімізше, қал-қадырымызше, қолымыздан келгенше дүниежүзі тарихының ең басты мәселелеріне қазақстандық тарихшылардың пікірін қалыптастырдық. Қазақстандық тұрғыдан қарауды қалыптастырдық. Екіншіден, кеңестік кезеңде көбіне іске қосылмаған, мүлдем таныс болмаған көптеген шетелдік тарих ғылымындағы методологиялық концепцияларды меңгердік. Оны мүмкіндігінше қолдануға тырысамыз. Егер бұл пән тек қана орыс тілінде жүретін болса, мектепте бұл пәнді тек орыс тілінде оқитын мамандарды дайындауға тура келеді. Онда университеттерде де орыс тілді мамандар болады. Олар қазақша оқымайды, орыс тіліндегі еңбектерді ғана оқитын болады. Демек, осы салада жазылған Қазақстан тарихшыларының еңбектерін ешкім оқымайтын болады. Тек қана ресей тарихшыларының еңбектерін оқиды. Сөйтіп қайтадан тұтастай бұрынғы тұрғыдан қарауға келеміз. Оның үстіне, өтірігі жоқ, ресей тарихшылары көп мәселелерде шетелдің тарихына бұрынғы кеңестік тұрғыдан қарайды. Сонда біз жеткен біраз жетістігімізден айырылып қаламыз. Біз жасаған жүйе мен еңбектер жоққа шығады. Біз соншалықты қиындықтармен 25 жылда дүниежүзі тарихына қатысты мектепке, жоғары оқу орындарына арналған қаншама оқулықтар жаздық. Ал дүниежүзі тарихына арналған қазақша оқулық жазу қиын. Мысалы, мен өзім қаншама оқулықтар жаздым. Барлық мәселеге обьективті түрде қарауға тырыстым. Енді сол оқулықтың барлығы далада қалады. Онда 25 жыл бойына неге орысша оқулық жазбадық? Енді сонша еңбекті жоққа шығарып, жаңадан қалыптаса бастаған концепцсиямызды қайда жібереміз? Өткенде ғана мен Мәскеуде болған кезде ондағы тарихшылар «Қазақстанның тарихшылары жұмысты жақсы істейді, олардың өздерінің позициясы бар, тұрғылары бар» деді. Сонда біз осы позиция мен тұғырлардан айырыламыз ғой. Мысалы, 2-дүниежүзілік соғыстың тарихына байланысты конференцияларға үнемі қатысып, пікір-таласқа түсем. Өйткені, мен оған қазақстандық тұрғыдан қараймын. Қазақстандық тұрғы қалыптастыруға тырыстым. Біразын қалыптастырдым деп ойлаймын. Сонда солардың барлығынан бас тартамыз. Сондықтан, бұл Қазақстандық дүниежүзі тарихы ғылымын құрту болады. Тек білім ғана емес ғылым да құриды. Ғылымның тілі орта мектептегі білімнің қай тілде болуына байланысты. Егер орта мектептегі білім орыс тілінде болса, демек біз тұтастай ғылымымызды сол тілге көшіреміз. Онда Қазақстандық дүниежүзі тарихы ғылымы деген болмайды.
Қазақстан тарихын тек қана қазақ тілінде оқыту – дұрыс бастама. Алайда қазіргі күнде енгізу қаншалықты тиімді? Тарихымызды өзге тілде оқитындар түсінбей, білмей қала ма деген күманым бар…
Қазақстан тарихын қазіргі кезде тек қана қазақ тілінде оқытамын деу де дұрыс емес. Салыстырып айтайын, кеңес кезеңінде қазақ мектебінде оқыдық, орыс тілін оқытты, өте жақсы біліп шықтық. Ал соңғы 25 жылда орыс мектептерінде қазақ тілін оқытады. Бірақ, қазақ тілін жақсы үйреніп шыққан адамды білмеймін. Өйткені, бізде орыс тілі мен әдебиеті орысша жүргізілетін. Ал қазіргі орыс мектебінде қазақ әдебиеті де, қазақ тілі де орысша жүргізіледі. Оқулытқары да орысша. Егер Қазақстан тарихы қазақша ғана өтілетін болса оны тек қазақтар жақсы біледі. Ал ғылымның, білімнің тілін түсінбек түгілі ауыз екі тілде сөйлей алмайтын орыс мектебінің балалары оны қайдан түсінеді? Сөйтіп бара-бара Қазақстан тарихын қазақтардың тарихы, дүниежүзі тарихын орыс тілділердің тарихы қып қоятын боламыз. Екіге бөлініп кетеді, Қазақстан тарих ғылымына нұқсан келеді. Сонымен қатар, қазақ тарихының қолданылу аясын тарылтамыз. Қазақстан тарихын қазақша да, орысша да, ағылшынша да, қысқасы, көп тілде жазуымыз керек. Егер Қазақстан тарихы дүниежүзіне бетбұрсын дейтін болсақ, онда біз барлық тілде жазуымыз керек. Орыс мектебі орыс тілінде, қазақ мектебі қазақ тілінде оқысын, ал жоғары оқу орнында қазақ және орыс топтары болсын. Ертең қазақ мектебінен келген бала дүниежүзі тарихын дұрыс түсінбей келеді, өйткені, орысша оқиды. Орыс мектебінен келген бала Қазақстан тарихын дұрыс түсінбей келеді. Біреуі анадан, біреуі мынадан нашар дайындалып келген баланы біз қалай дайындаймыз? Бұның барлығы үлкен мәселе болады.
Жаратылыстану пәндерін тек қана ағылшынша оқытуға деген пікіріңіз қандай?
Жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқыту үшін жетік білетін мұғалім керек. Оны түсінетін бала керек. Мен осы бір-екі жылдың ішінде бүкіл Қазақстан мектебінің балалары ағылшын тілін таза сөйлеп кетеді деп ойламаймын. Қарапайым сөйлеуге, дүкенге баруға, жол сұрауға болады. Бірақ, сабақ беру үшін оны өте жетік білу керек. Ал өте жетік білетін мамандар қазір бізде жоқ. Мұндай жағдайда барлық мектептердың оқушылары сол пәндерді білмей шығады. Онда инженерлік, дәрігерлік мамандықтарға түкті білмейтін оқушыларды аламыз. Олар ертең мамандықты қалай алып кетеді? Арысы, қазақ тілі ғылым тілі болудан қалады.
Сұхбаттасқан: Жарқын Сәленұы
Дерек көзі: ulas.kz