ДЖОВАННИ БОКАЧЧО
Алдағы әңгімемізде біз Италияның ұлы ақыны Франческо Петрарка туындыларына тоқталып, шығармашылығын саралаған болатынбыз. Әлемге әйгілі шайырдың Лаураға арнаған жырларының дүниеге келу себебін сөз қылғанбыз. Бүгін сол ұлы ақынмен бір дәуірде өмір сүріп, бір елдің топырағын басқан ірі суреткер Джованни Боккаччо шығармаларының ерекшелігі мен әдебиеттегі алатын орнын тілге тиек етіп, сондай-ақ, оның ірі туындысы «Декамеронды» талдайтын боламыз.
Шындығында да Қайта Өрлеу дәуірінің екі ұлы өкілі Петрарка мен Боккаччо замандастар ғана болған жоқ. Бір-бірінің шығармашылығынан рухани үндестік тапқан оларды суреткерлік мүдделері мен филологиялық қызығушылықтары да қатты байланыстырды. Уақыт өте келе бұл қарым-қатынас тереңдей түсіп, рухани достыққа ұласты. Бокаччо он жастай үлкендігі бар Петрарканы аға ретінде ғана емес, италияндық гуманизмнің негізін салған әдебиеттің көрнекті өкілі ретінде де жоғары бағалап, ұстазы санады. Петрарканың өмір жолын жазған биографтарының бірі болды.
Дей тұрсақ та, гуманизмнің негізін салған ренессантық екі тұлғаның табиғатында үлкен айырмашылық та бар. Петрарка ортағасырлық қалыпты қабылдай алмай, адамзаттық ойдың жаңа жолын салған, жаны тыныштық таппай, өмір бойы қоғаммен және өз-өзімен күресіп, сол күресте қатты қалжырағанымен, келісімпаздыққа көнбей өткен ақын. Мінезі жұмсақ Боккаччо, керісінше сыртқы күштің ықпалына тез беріліп кететін адам болды. Тым қызба және тұрақсыздау Боккаччо өзінің мінезіне сәйкес, терең ойшыл бола алған жоқ. Бір заманда өмір сүрсе де Бокаччо заман қайшылығын Петраркадай сезіне қоймады. Дәуірдің қарама-қайшылығы Петрарканың ой санасына қатты әсер етіп, жан әлемінің трагедиясына айналса, Бокаччо оның бәрін де қалыпты құбылыс ретінде қабылдады. Ескіліктің белгілері, Дантенің ықпалы, ортағасырлық поэтиканың әсері байқалатын Бокаччо туындыларында стилистикалық ала-құлалық та көп. Алайда терең синтез байқалмағанымен, бір жағынан шығармашылық стилінің жеңілдігі мен еркіндігі, екінші жағынан жаңа мәдени ағымға еліктеушілігі мен одан терең әсер алуының арқасында, жаңа ренессанстық поэтикалық жанр мен стиль қалыптастыруда Бокаччо ұстазы Петраркадан озып кетті. Сонымен қатар Бокаччоның үлкен философиялық дүниетанымы мен моральдық беделі болмағанымен, бәрібір ол Петраркамен салыстырғанда Ренессанстың демократиялық кезеңінің табиғатын суреткерлік шеберлікпен жан-жақты жеткізе білген италияндық ұлттық жазушы болып табылады.
Енді бір сәт Боккоччоның өмірі мен жазушылық жолды таңдауына қандай жағдайлардың әсер еткенін де әңгімелей отырайық. Қайта Өрлеу дәуірінің үш ұлы өкілі — Данте, Петрарка және Бокаччо флорентиялық қаламгерлер. Бокаччоның әкесі белгілі саудагер болды. Сауда ісімен Парижге сапар шегіп, сол жақта бір француз ақсүйек әйелімен көңілі жарасып, болашақ ұлы жазушы дүниеге келеді. Шешесі тым ерте көз жұмып, әкесі некесіз әйелінен туған ұлын Флоренцияға алдырады. Әкесі ұлының саудагер болғанын қалайды, бірақ ол кәсіпті жан-тәнімен ұнатпаған Боккаччо бос уақытын латын және италиян авторларының шығармаларын оқумен өткізеді. Кейін әкесі үйленгеннен кейін екеуінің қарым-қатынасы суып кетіп, әкесі он төрт жасар Боккаччоны сауда ісі бойынша оқуын тәмамдауы үшін Неапольға жібереді.
Неаполь ол уақытары ірі мәдени орталық болатын. Жан-жақты білімі бар. Петрарканың қолдаушысы король Роберт Анжуйский сол жылдары сарайының маңына білімді адамдарды тарта бастайды. Кейіннен Боккаччо да сарай зиялыларына жақындауға мүмкіндік алады. Корольдың кітапханашысы Паоло Перуджино оған ежелгі классиканы, Андалоне дель Негро астрономияны үйретеді. Сол жылдары ол Овидий шығармаларын сүйсіне оқиды. Корольдың сарайында жүріп сұлу қыздарға қырындап, өлең шығарады. Король Роберттің некесіз жағдайда туған қызы Мария д’Аквиноға өлердей ғашық болып қалып, ол оның шығармашылық музасына айналады. Боккаччо өзінің ғашығын 1336 жылы Сан-Лоренцо шіркеуінде кездестіріп, оны құлай сүйіп қалады. Біраз уақыт Мария жазушыға ыңғай танытпай жүргенімен, бәрібір Боккаччо сүйгенінің жүрегіне жол табады. Әйтсе де махаббат қызығының шаттығы ұзаққа созылған жоқ. Мінезі жеңіл сұлу қыз Боккаччоның көзіне шөп салып, кейін оны тастап кетті. Бақытсыз махаббаттың күйігінен жаны күйзелген жазушы ұзақ уақыт бойы біресе өзін-өзі жазғырумен, енді біресе жалынып-жалбарынумен Мариямен қайтадан көңілін жарастыруға тырысқанымен, еш нәтиже шығара алмады.
Неапольда өткізген жылдарын Боккаччо өмірінің ең бақытты, сонымен қатар жазушы ретінде қалыптасқан кезеңі ретінде бағалай аламыз. Сол уақытта туған Боккаччо туындыларының барлығы да Марияға арналған. Өз туындыларында ол Марияны «фьяметта» деп атайды. Италиян тілінен тәржімалағанда ол «ұшқын» деген ұғымды білдіреді.
Бір ғасырда өмір сүрген үш ұлы ақын Данте де, Петрарка да, Бокаччо да өздерінің ғашықтарына арнап өлеңдер жазды. Алайда олардың ғашықтық жырларының бір-бірінен айырмашылықтары болды. Марияға махаббаты Боккаччоның барлық болмыс-бітімін жаулап алып, шығармашылығында ізін қалдырғанымен Дантенің Беатричеге, Петрарканың Лаураға деген ғашықтық сезімімен салыстырғанда бұл туындыда реалистік өмірдің шуағы мол. Данте үшін Беатриче жартылай абстракция, шығармашылығының барлық бағытын белгілеп берген періште құбылыс. Петрарканың Лаурасы жердің әйелі. Петрарканың барлық өмірі мен шығармашылығы жалғыз Лаураға ғана арналмаған. Оның шығармашылығында басқа тақырыпқа арналған туындылар да жеткілікті. Дей тұрсақ та Лаура бейнесі Петрарка үшін ақын шығармашылығын шабыттандырып, жақсы дүниелерді туғызуға рухтандырған құдірет болып табылады. Мария болса Боккаччо шығармашылығының бір кезеңіне ғана сәулесін түсірген өмірінің бір сәттік көрінісі ғана. Кейін Боккаччо басқа нәзік жандыларға да тап осындай мағынадағы туындылар арнады.
Мариямен қарым-қатынасының үзілуі Боккаччоның жан әлемін күйзелтіп жіберген жоқ. Одан кейін де ұлы жазушының талай әйелді сүйгені, талай әйелден некесіз жағдайда туған балаларының болғаны тарихтан белгілі.
1343 жылы зиялылардың қамқоршысы болып, оларды сарайға тартқан король Роберт дүние салып, немересі ханшайым Джованна таққа отырады. Кейін сарайда қанды оқиғалар орын алып – ханшайымның күйеуі өлтіріліп, Неапольдағы ахуал күрделене түседі. 1349 жылы әкесі дүние салып, ол Флоренцияға қайтып оралып, қалған өмірін туған елінде өткізді.
Әрине, уақытымыздың шектеулігіне байланысты Боккаччо шығармаларының бәріне бір әңгіменің төңірегінде тоқтала алмаймыз. Алайда Боккаччо туралы сөз болған соң жазушының негізгі шығармасы «Декамерон» жөнінде бір-екі ауыз сөз айтуға тура келеді. Шындығында да Джованни Боккаччоның әлемдік даңқы шамамен 1353 пен 1354 жылдар аралығында жазылған «Декамерон» туындысымен тікелей байланысты. Италияндық көркем прозаның дамуындағы елеулі оқиға болған бұл кітапта Боккаччо қоғамның діни дүниетанымына соққы беріп, өмірдің шындығын жан-жақты көрсете білді. Боккаччоның жас кезінде жазылған шығармаларынан-ақ көрінген ренессанстық реализмнің нәші «Декамеронда» бұрынғыдан да бетер айқындала түсті. Егер де Данте өнер әлеміне «құдайлық комедияны» әкелген болса, «адамдық комедияның» дүниеге келуі Боккаччодан бастау алады. Орта ғасырдағы хикаяшылардың дәстүріне сүйене отырып, Боккаччо өзінің ізбасарларынан барлық жемісті элементтерді алды: анекдоттық фабуланы, тұрмыстық белгілерді, өмірлік табиғилықты, тапқырлық пен өткірлікті дәріптеуді және т.б. Реалистік бояудың молдығының арқасында стиль мен жанр жаңарды. Өз кітабында Боккаччо тұңғыш рет жаңа композициялық тәсіл – әңгімелеу үшін әңгімелеуді енгізді. «Декамеронда» 1348 жылы Флоренциядағы оба ауруы кезінде үш жігіт пен жеті қыздың Санта-Мария шіркеуінде кездесіп, дерттің басылуы тарқағанын тоса тұру үшін қала сыртына кетіп қалып, он күн бойы бір-біріне неше түрлі оқиғаларды айтып береді. Академик Н.Веселовский осыған байланысты «Боккаччо жанды психологиялық белгіні – өлім алдындағы өмірге құштарлықты әдемі ұстап алды» деген болатын. «Декамеронның» әңгімелеушілері обаны ұмытып, дүниені өлім жалмап бара жатқан уақытта өмірді жырлайды.
«Декамерондағы» идеялардың, сюжеттердің, оқиғалардың байлығы, оның жазу стильінен де көрініс табады. Әдебиет зерттеушілері «Декамеронның» тіл байлығының молдығын да ерекше атайды. Бұрын-соңды бір-бірімен байланысы болмаған, дұрыс өңделмеген жазу мәнерін өзгертіп, Боккаччо жаңа бағыттағы италияндық прозаның стилін қалыптастырды.