Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде Сәкен Сейфуллин атындағы «Балауса»  студент-жастардың шығармашылық орталығы ашылды

 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде Сәкен Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығы ашылды.

Орталықтың сипаты: Коворкинг орталық және Жастар ісі жөніндегі комитет жұмысына арналған кабинет.

Мақсаты: С.Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығы Филология факультетінің білім алушылары мен профессор-оқытушы құрамының әлеуметтік-мәдени даму бағыты бойынша шығармашылық жиындарды, ЖІК жиналыстарын, факультет немесе университет көлемінде ұйымдастырылатын тәрбиелік  іс-шараларды өткізуге арналған шығармашылық алаңы. Заманауи құрал-жабдықтар, білім алушыларға қажетті техникалық құрылғылар орнатылған аудитория студент-жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, белсенді жұмыс істеуіне қолайлы орталық болады.

 

 

Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тағылымды тәрбиесін бойына сіңіріп өскен жас буынның өркен жайып өсуіне зор ықпалын тигізген «Балауса» бірлестігі болатын. Ол алғаш 1965 жылы құрылып, 1996 жылға дейін жұмыс істеді. Халық арасында есімі әйгілі болған, өнері мен білімі арқылы талайды тамсандырған біртуар ағаларымыздың дәл осы «Балаусаның» бауырынан түлеп ұшқан. Айтыс өнерінің дүлдүлдері, айтулы ақындар Қуаныш Мақұтов, Қойлыбай Асанов, Аманжол Әлтаев және т.б. сынды ақындар, ән өнерінің майталмандары Жақсыгелді Кемалов, Ерлан Төлеутай, тағы да басқа өнерлі ағаларымыздың өнердегі дара жолына сара жол салған осы – «Балауса».

С.Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастар орталығы араға 25 жыл салып академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қабырғасында қайта тыныс алып, үлкен жұмыстарды атқаруға дайын. Орталықта университет білім алушылары өнер, ғылым және әлеуметтік-мәдени бағыттар бойынша жұмыс істеп, рухани тәлім-тәрбие алады.

 

 

Іс-шара барысында: 

— «Балауса» өнер ұжымының тарихына арналған шағын көрме;

— №13 кеңейтілген дәрісханада С.Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығының ашылуына арналған «ӨНЕР МЕН БІЛІМНІҢ БАСТАУЫ – БАЛАУСА» атты әдеби-сазды кеш;

— Әдеби-сазды кеш барысында өтетін «Балауса» өнер ұжымының құрылуы, тарихы, өнерлі жастардың өнегелі өмірі баяндалған «БАЛАУСА» атты танымдық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.

 

Жомарт Шаймұрат