Ең басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру  

 Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсіу: табыс пен тұрыс сапасын арттыру» атты Жолдауында  ең басты мінде тұрғындардың тұрмысын түзеу екенін баса айтқаны белгілі. Облысқа іссапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы ұстанымды берік ұстануымыз қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.

– Біз әр облыстың әл-ауқатын арттыруымыз қажет. Аймақтар арасындағы алшақтықты азайту  маңызды мәселе.  Сондықтан барлық облыстардың, соның ішінде Жамбыл облысының дамуына баса назар аударамыз. Былтыр облыста  480 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 4200 отбасы  қоныс тойын тойлады. Биыл  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 465 мың шаршы метр баспана салынып, бюджет есебінен 1497 пәтердің құрылысы аяқталуы керек. Моно және кіші қалалар – өз алдына бөлек мәселе.

Жаңатас, Қаратау секілді  шағын қалалардың әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытамыз. Бұл шаралар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын арттыру үшін жасалып отыр.

Өңірлік даму мәселелерін кешенді шешу Өңірлерді дамыту бағдарламасында көрсетілетін болады. Біздің маңызды міндетіміз тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту болып табылады.

Елбасының бастамасымен іске асыруға 90 миллиард теңге қарастырылған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдарды кешенді дамытуды қамтамасыз етеді және қазіргі заман стандарттарына сай дамуына жол ашады.

Жамбыл облысының әкімдігіне перспективалы ауылдар тізімін анықтап, оларды дамыту бойынша Үкіметке ұсыныс жасау керек.

Алдымен, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға назар аудару қажет: жергілікті маңызы бар жолдар, байланыс, интернет және білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілері.

Біз – ашық азаматтық қоғам құрып жатқан елміз. Сол үшін мен  Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес маңызды заң жобалары мен жалпыұлттық даму бағдарламаларына  сараптама жасайды. Бұл жұмысқа аймақ өкілдері белсене араласуы керек.

Сондықтан облыс әкімдігі азаматтарды маңызды шешім қабылдауға және оны іске асыруға  қатыстыруы қажет, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы   бюджетті пайдалану жауапкершілігіне қатаң талаптар қойды.

– 2020 жылы  төртінші деңгейдегі бюджет құру жұмысын аяқтаймыз. Мемлекеттегі әрбір елді мекеннің өз бюджеті болады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына  ауыл-аймақтағы мәселелерді өзі бетінше шешуге  мүмкіндік береді. Халық  жергілікті бюджетті жоспарлау ісіне  араласуы керек. Мен бұл мәселеге өз саяси платформамда  айрықша назар аудардым.

Аймақтар қарқынды дамуы үшін  облыстық бюджеттердің базасын ұлғайтуымыз қажет. Сондықтан 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін ұжымдық табыс салығы  орталықтан  жергілікті әкімдіктерге беріледі, – деді Мемлекет басшысы.

 

Сондай-ақ, Жамбыл облысында  жемқорлыққа қарсы күрес саясатын күшейту керек. Елбасының  «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасын  тиімді жүзеге асырудың маңызы зор. Жемқорлықты жою барлық деңгейдегі әкімдер  жұмысының негізгі көрсеткіші болады. Әкімдерге жеке жауапкершілік жүктеледі.

Ел экономикасының дамуы және халықтың әл-ауқаты осыған тікелей байланысты.  Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша  күресеміз. Себебі  бұл қоғамдық кесел ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Алайда бұл мақсатқа жету үшін  тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Азаматтар  қоғамдық өмірге белсене араласуы керек. Сонда ғана өзара сенім нығаяды. Жемқорлықпен күрес – менің Президент ретінде негізгі мақсаттарымның бірі, -деп Қасым-Жомарт Тоқаев өңір алдында тұрған  нақты міндеттерді айқындап берді.

 

Төлен Дедек

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған