Еділдің жеңісі

Батыс Қазақстан облысында тоғызқұмалақ ойыны жыл санап дамып, спорттың осы түрінен түрлі сайыстарда ой жүйріктігімен топ жаратын спортшылар көбейіп келеді.

Жуырда осындай тағы бір жерлесіміз жеңісімен қуантты. Ол – сегіз жасынан қазақтың осынау ұлттық дәстүрлі ойынын жанына серік еткен Еділ Жакияев. Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 16 жасар жас ойыншысы www.playok.com сайтында ұйымдастырылған ерлер арасындағы тоғызқұмалақтан ашық республикалық блиц турнирде жүлделі екінші орынды бағындырды. Онлайн форматта ұйымдастырылған ашық республикалық блиц турнир тоғызқұмалақтан 1993, 1995 жылдары екі дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы атанған халықаралық дәрежедегі спорт шебері, химия ғылымдарының докторы, профессор Нұржан Бахташұлы Құрманқұловты еске алуға арналды. Еділдің жаттықтырушысы – Дәулет Әбдікәрімов.

Дәулет Ұзаққалиұлының бұған дейін де тоғызқұмалақтан өткен түрлі деңгейдегі спорттық додаларда жүлдегер атанған шәкірттері аз емес. Тағы бір айта кетерлігі, БҚО Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тоғызқұмалақтан бапкері Дәулет Ұзаққалиұлы Әбдікәрімовке жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұйрығымен ҚР-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілген еді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы