Ефрейтор Альфия
Әскери саланың темірдей тәртібіне көніп, қызмет пен отбасын қатар алып жүрген қаракөздер қаншама? Осы салада жүрген нәзікжандының бірі – Альфия Бейсенова. Ефрейтор Альфияның достары оның 153 сантиметрлік қысқа бойымен әскерге шақырылатынына күмәнданған. Дегенмен Альфияның әскери салада жұмыс істеуге деген құштарлығы жоғары болатын. Жақындары күдікпен қараса да ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты жөндеу-қалпына келтіру бөлімшесіне қызметке қабылданды.
Іс-қағаздар мен кадр жұмысының, құжаттаманың адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсінді. Арнайы папкаларға ұқыптылықпен толтырылған, дұрыс және сапалы рәсімделген құжаттар мен бұйрықтар қыздың адал еңбегінің басты көрсеткішіне айналды. Альфия қызметкер ретінде әскери бөлімде екі жыл жұмыс істеді. Осы уақытта ол тек құжаттармен айналысып қана қоймай, жауынгерлер секілді әскери киім киіп, кезекке тұруды армандады. Ресми іс-қағаздарға тиянақты, өз ісіне жауапты қызметкердің еңбегі ескерусіз қалмады. Альфияның жанкешті еңбегін көрген әскери бөлім командирі полковник Владимир Сафонов «ол әскери адам болуға лайық» деп үкім шығарады. Бұл оның жұмысының ең жақсы бағасы болды.
– Әскери қызметкер болғаннан кейін жаңа міндеттер мен жауапкершілік арта түсті. Жауынгерлік және оқу-жаттығу дайындығы, парадтық және полигондардағы құрамалар, спорт және денешынықтыруға қатыса бастадым. Өмірімдегі өзгерістер маған үлкен бақыт сыйлады, – дейді ефрейтор.
Жауынгер мәртебесін алумен қатар, Альфияның жеке өмірінде де оң өзгерістер орын алды. Әскерде болашақ жары Мұрат Рахымжанұлымен танысты. Кейіпкеріміздің күйеуі офицер, Альфия қызмет ететін әскери бөлімде қызмет еткен.
– Өзім осы салада жүрген соң көзсіз мақтап жатқаным емес. Әскери қызметкерлердің көпшілігі өте жауапты адамдар. Олар уәдеге берік. Айтқан сөзінен тайқып кетпейді. Әрқашан көмектесуге дайын. Күйеуім Мұраттың бойында да осы қасиеттер бар. Мен оған осы адами қасиеттері үшін ғашық болдым, – дейді Альфия.
Олардың қызмет аясында басталған қарым-қатынасы әуелі өзара сыйластықта қалыптасып, кейін махаббатқа ұласты. Отбасын құру қалыптасып келе жатқан достықтың заңды жалғасы болды.
Көктем айында ерлі-зайыптылар қызмет орнын ауыстырды. Отағасы Тараз гарнизонынан Луговой гарнизонына ауыстырылды. Майор Рахымжанұлы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 03811 әскери бөлімі командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Мұратпен бірге бүкіл отбасы да қоныс аударды. Әскери отбасы бүгінгі таңда үш баланы тәрбиелеп отыр.
Қоныс аудару кезіндегі қиындықтар тез шешілді. Үлкен балалар мектепке, кішілері балабақшаға орналасты. Альфияның өзі күйеуінің соңынан еріп, жаңа қызметке тағайындалды. Енді оған кеңсе жұмысымен қатар, жаңа саланы да меңгеруге тура келді. Ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 03811 әскери бөлімінің байланыс взводының телефон операторы болып тағайындалды. Ефрейтор Бейсенова байланыс құралдарын әзірлеуге жауапкершілікпен және тиянақтылықпен кірісті. Және ол жаңа ісін жан-жақты зерделеуге ниетті.
Кейіпкеріміз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамында жүріп спорттық триатлонда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өз мықтылығын дәлелдеді. Әскери сайыстарға тұрақты қатысып, бүгінде жүлделі орындарға ие болып жүр. Жұмысындағы жетістіктері мен жарыстан алған жүлделі орындарын отбасы мен жақындарының қолдауының арқасы деп санайды. Тұрақты денешынықтыру мен спорт әскери істерге деген сүйіспеншілік пен құрметке және лайықты жауынгер болуға ұмтылуға көмектесті.
Альфияның алғашқы командирінің «Әскери адам болуға лайық» деген сөзі оның өмірлік ұранына айналды. Кейде кенеттен жұмыс істеуге зауқы соқпай, қызметтен кету жайлы ойлай қалса, осы сөздерді есіне алады. Командирінің осы бірауыз сөзі оның бойына күш пен қуат береді. Басқалар оған сенім білдірді. Демек, ол осы сенімді ақтауы керек.
Ақтоты Жаңабай
Арай газеті