ЕГДЕЛІК ПЕН ПЕНДЕЛІК

Жақсы көңіл қоймайды марқаймауға,
Жаман жақын қоймайды қартаймауға.
Жас егде тартқанымен,
Ұят, сірә,
Кемеңгер боп кісіге қартаймау да.
Сейіл БОРАНБАЙҰЛЫ

Уыз жасқа толысу мен кемелденген кісілік, үлгі болар үлкендік пен арттағыға аға болар асу-арман. Егделердің өткен жолы ойға оралса, көрген түстей бәрі сағым, бәрі жалған. Өмірдің көш-керуені осылай жалғасады, жалындаған жастығың қарттық кезеңге алмасады. Әттеген-айы сол, өмір өз дегеніне көндіреді, біреудің жарығын мезгілінен ерте сөндіреді, біреулерді сынаққа салып, қауіп-қатер төндіреді. Жаратқан Ие пенделерін рақымы арқылы кеңшілігіне кенелтіп, өсіп-өндіреді. Қалай десек те өлшеулі өмірге өкпе жүрмейді. Шүкірлігін серік, тәубесін таяныш еткендердің ғана тағдырдың талқысынан табаны таймайды. Егде жасқа жеткен жандардың жадынан жырақтамайтын қасиеттің бірі, қарақшыдай адастырмас қағидасы осы болса керек. Еншімізге бұйырған егделік шақтың шама-шарқын бағалай білеміз бе? Осы сауал төңірегінде әркез ойлана жүрсек үлкендіктің жүгі аумасы анық.

Егделіктің қоңсы қонатын, шалғайыңа шап беретін шағы — елудің екінші жартысы, алпыстың төбесі көрінген тұс. Сенің саналы оймен салмақтанар шағың да, қызық атаулыны таразыға тартып талғап барар тұсың да, өткендегі өкініш пен ерсі қылықты ой сарабынан өткізіп енші алатын да, ақылдың айтқанымен айналаңа зер салатын да шағың осы кезең. Салауатты сөзі, сабақты ойы, салмақты мінезі, ортасына орнықты қарттық қалпы, үлгі тұтар ұстанымы, кейінгіні кемел ойға жетелейтін кеңесі, ағайынға айтар аңдатпасы, бірлікке бастар берекелі бәтуасы болмаса құр егделік кім-кімнің де қанжығасын майлата қоймайды. Егделіктің ерекшеліктерін ескермесек, өтіп кеткен жастықтың адың-гүдің әрекеттерінен аулақтамасақ абыройлы боламын деп қиялдау бос әурешілік.

Жастықта жарасымды болатын жүріс-тұрыстың, әңгіме-дүкеннің, ойын-сауықтың, арлы-берлі айтылар сөздің егделікке ерсі болатын тұстарын талғамнан өткізбесек, жасамысқа тән жарасымды жақтарын жанымыздан жырақтатпай, санамызды салауаттылықтың салмақтанар жағына бағыттамасақ жетер жеріміздің, үлкендіктің үйінен алар орнымыздың олқы соғары оймызда болса ағалықтың жолынан адаса қоймаймыз. Егделік — ғұмырыңның бесіннен басталар кезеңі. Осы жағын ойға алып, ескере бермейтініміз бекершілік. Ес кірмей, жөні түзу сөз білмей, жақсы-жаманды көзге ілмей, ерсілігін ерлікке балап жүрген егделер ел ішінде жоқ емес.

Үлкендіктің жолы да, сырт көздің сынынан алатын бағасы да, артылар жауапкершілік жүгі де жеңіл еместігін үнемі сезініп жүрсек, ағат әрекет бойымызды билемесі белгілі. Әттең, осыны ойдан аластатып аламыз да «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлеміз». Қыңыр қылықтың қырсығына шалынып, жексұрындықтың жетегіне ереміз. Өзімізді-өзіміз танып, ерсілік істің етегіне жармасудан жырақ жүрсек, үлкендіктің бір үлгісі осы. «Өзін-өзі таныған, елдің өтпес алдынан» деген халық мәтелін қаперде ұстасақ, егделігіміз еңселі, қарттығымыз қадірлі, үлкендігіміздің үлгі болмасына негіз жоқ.

Егделіктің ауылына ат басын бұрғаннан кейін есті сөзбен қаруланып, елдің алдында ерекше жауапкершілікті сезіне жүрсек секем алар ерсі іс-әрекет іргеңнен аулақ болатыны аян. Мінез-құлықтың құрығын қолдан шығармай, тағылымның тұғырына тұрақтатудың тетігін таба білу де өзіміздің өремізге, шама-шарқымызға тәуелді. Егделік — шынайы ой-пікірдің оянатын шағы. Орынсыз жерде ретсіз әзілдің құрт-малтасын езіп, айналасының жүрегін айнытып мезі қылып отырған қарттан да қадір қашады. Дана қазақтың үлкендікті бала шал, шала шал, дана шал деп үш топқа бөлуі де тегін емес. Қолдан келгенінше осының үшіншісіне ұмтылғаннан тартар тауанымыз жоқ. Болмасақ та жанына жақындайтынымыз, ұқсап бағатынымыз анық. «Боларымыз болды, бояуымыз сіңді. Бізден ақыл сұрама» деп ат-тонын ала қашатын, пенделіктен шыға алмай арам-алысты «аңдамай» басатын, сасқанға сабыр демейтін, қармағына ілінген қарттығын қадірлемейтін, өңеші сау, тамағы тоқ, арттағыға айтары жоқ үлкендіктен үміт аз.

Егделік — ой-орманның қалыңдайтын, арман-қамалдың оңайлықпен алынбайтын, өз денеңнің өзіңе бағынбайтын, алыпқашпа асаулықтың арыны басылып дамылдайтын дәуірі. Егде жас — салқын қанды сабырлықтың қонақтайтын кезі. Ұшқалақ жеңіл мінездің жетегіне еріп желігу, селт етпе алдамшы сезімге берілу, орнықсыз ойдың арбасына жегілу, өзіңді өзгелерден оқшау сезіну — үлкендердің үрке қарайтын, егделікпен еншілес емес деп санайтын амалдарының бірі. Әр таңды тәубемен атқыза білсең үлкендік ұлағатының, егделердің ескере жүретін естілік белгісінің бірі осы. Қанағатпен нысаптың қазығынан қашықтамау — қарттардың қалғытпайтын қағидасы. Қоңыр күйге қанағат ете білу де ойлылықтың белгісі. Нәпсінің ауыздықталар тұсы да егделік. Алайда, ындынның ығына жығылып, нәпсінің арбауына айдалып, ардың тонын тоздырып дірдектеп жүрген жасамыстарға не жорық?..

Обал-сауапты ойдан шығарып алып, қарпып қалу қамында өлермендікпен күн өткізу де егделікпен қиюласпайтын қарекет, түрпі тірлік. Ардың құнын пайдамен есептейтін егделер де жоқ емес. Егделікке тән жарасымды қасиетті бойына жинақтай алмаған жанның көретін күні — қасірет. Жөн алдына жалпылдап, үлкен басын кіші етіп, жалғандықтың құлы болып, көрсе көз ұялатын ерсі қылықтың етегінен ұстап, теңдестері теріс айналып жүрген жасамыстардан ізіне ергендердің іліп алар үлгісі жоқ. Жағымпаздық пен жылпостықтың, жәдігөйліктің жалауын желбіретіп, толы көптің алдында биліктің қолтығынан «демеп, жанашырлықпен желеп-жебеп», онысын ерлікке балап елітіп жүрген бір-жар егделердің ерсі қылығы ерін тістетеді. Мансаптының маңайында маймөңкеліктің мәстегіне мінген кейбір қарттарымыздың күлкілі қылығы кейінгіге келемеж. Актерлық шеберлік аға буынға абырой әпермейді.

Жөнсіз ойға жүген сала алмаған егделіктен не пайда. Егделік � естіліктің басы десек, обал мен сауапты, халал мен харамды ой таразысына салып салмақтайтын, өткен жолыңды, өнегелі өмірді, опық жеген тұстарыңды талғамның талқылауынан өткізіп түйіндейтін шақ та осы кезең. Шындықтың шылбырын қолдан шығарып алмау да егде жанның еншісі. Егделік �даналықтың дарабозын ерттеп мінетін шақ.

Ақыл-ойдың қоймасынан жиған-терген қазынасы кейінгіге ағынан жарылып ақтарылып отырса — қарттыққа тән құдіреттің, ағалыққа жарасар асыл қасиеттің ең бастысы осы. Егделіктің иесі — естілік, пиғылдың тазалығы, бәтуалы сөз, әр нәрсенің пайымын зерделеу, парқын аңғару. Имандылықтың көкірекке ұя салар сәті де, үлкендік ұлағатының, ой-өрісінің кейінгінің безбеніне түсіп, бағасын алар кезеңі де осы тұс.

Егде жанның ендігі бір еншісі — сабыр. Бұл имандылықтың бір бөлшегі. Ашудың ақылға әлімжеттік жасауына жол бермеу. Сан түрлі сынаққа сабырмен қарау -парасаттылықтың белгісі. Егде адамның бүкіл амал-ниеті үлкендік әдебінің ауқымында болса абырой аласармақ емес. Сәл нәрсеге шытынап күйгелектемей, шыдамдылық көрсетудің соңы жақсылыққа жетелейді, асығыс қадамнан болатын ауыртпалықтың жолын кеседі. Ұшқалақтық, ұшқары ойлау — егде түгілі жасқа да жарасымсыз. «Жынды судан» жұтып алып ел көзінше едірейіп отыратын, біреудің қуанышында қабағынан қан жаудырып бедірейіп отыратын кей қарттарымыздың қылуасы қынжылтады. Ұстамдылық — үлкендіктің үлгісі.

Әділдікті абжыландай көріп, шындығыңа шырт түкіретіндерден сақтанбаса болмайды. Шындықты шынжырлап, әділетті арқандап ұстайтындардан келер кесапат әлдеқайда қауіптірек. «Ел-ағадан, тон-жағадан азады» дегенде халқымыз ақыл тоқтатар кезеңде жолынан ауытқыған жандардың жағымсыз бейнесін меңзесе керек. Ойы — бедеу, ғибараты жоқ үлкендіктен үмітіңді үзе бер. Көрінген жерде көсемсіп, көптің шырқын бұзатын, буынсыз жерге пышақ ұратын, қыңыр әңгімесін ортаға күштеп тығатын, өзінікін жөн дейтін, өзгенің озық ойына көнбейтін, көзі шатынап, шабынып шыға келетін бірен-сараң шалдарды кездестіргеніңде ол үшін сен ұяласың. Бұл «Керуен кері айналса, арттағы ақсақ түйе көш бастайдының» кері. Шамасын білмей шалқудың да шатақ жері осында. «Мырыңнан мәрттік шықпас, қыртыңнан қарттық шықпас» деген сөзде де сананы сілкінтерлік мән-мағына барын жоққа шығаруға болмас. Қылтанақтай ғибраты жоқ егделіктің арттағы ұрпаққа үлгі болып жарытпасы анық.

Егделік — өмір-күнделікті қайта қолға алып байыппен парақтайтын, өз ғұмырында көрген-білгенін, ойға түйгенін, жақсы мен жаманды санада сараптайтын, ілкімді істерді іріктеп кейінгінің кәдесіне, ізбасарларының игілігіне асыратын, жастықтың желігімен жол берген ағаттықты жаба сіркеп жасыратын, қарттықтың өзіне тән өнегелі жолына, қадірлі қасиетіне бас ұратын, орынсыз өгей сөзден қысылатын, өмірлік өнегеңді ұрпағыңа ұсынатын кезең. Өмірде осы талаптардың үдесінен шығуда, үлкендіктің жолын ұстап, қарттықты қадір тұтуда ала-құлалық кездеседі. Бір жағынан егделер арасындағы ерсі қылық, оғаш қимылдар, жүріс-тұрыстағы, өмір сүрген ортадағы өзара қатынастағы ағалық пен аталықтың ауқымынан шығып кететін келеңсіз көріністер болмай қоймайтын құбылыс сияқты елестейді. Өйткені, әр адамның мінез-құлқы, таным-түсінігі, өмірден жиған-терген рухани азығы әркелкі. Осылай екен деп егделеріміздің тарапынан бой көрсететін бейәдеп жайларға көзді жұма қарау да дұрыс бола қоймас. Алыпқашпа асау мінезді ауыздықтауға, қызуқандылыққа құрық салуға, байсалдылыққа бой алдыруға, жөн сөзге жүгінуге, ерсіліктен түңілуге, ақыл-естің ізгі амалдарын арнаудан аянып қалмасақ, адами болмысымыздың ажарлана түсетіні ақиқат.

Пенделікті желеу етіп ұятты іс-қимылды, артық әрекетті, шайпау сөзді, құлқынқұмарлықты, обал-сауапты ойламау сияқты кісілігіңді кір шалдырар, ағалығыңды аяқ асты етер қылуамызды ақтап ала алмаймыз. Пенделік — саналы түрде өз еркіңмен жасаған жағымсыз ісіңді, имандылықтан тысқары ақылсыз амалыңды ақтап алатын арашасы еместігін ескере бермейтініміз өкінішті. Ар-ұятқа нұқсан келтіретін, адал жолдан адастыратын құйтырқы қимылдарымызды, қарттыққа қаны қосылмайтын, қадірімізді қашыратын қылуамызды пенденшілікке теліп жуып-шаямыз. Пендешілік кейбіреулер үшін күнәсін жоюдың, қылмысын жеңілдетудің құралы іспетті. Міне, біздің, әсіресе кейінгіге кемел ой беретін, жастардың алдындағы айбаты мен айбары, қамқоры мен қаймағы болып есептелетін аға буын үшін кешірілмейтін қарекет осы. Пенделікті қалқан қылып жұрт жиренетін жағымсыз қылығымызды жоя алмайтынымыз салауатты деп жүрген үлкендеріміздің санасынан шықпаса жарар еді. Бұл егделердің есінен енші алмайтын, тура жолдан тайдырмайтын қарақшыдай қағидасы, тәубеге тірер темірқазығы. Егделік — пенделіктен енші алатын, іргеңді аулақ салатын кезең.

Егделіктің ең соңғы аялдамасы — ақсақалдық. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» болатынын дәлелдеу артық. Егделік кезеңде есе жіберген кем-құтықтың толығар тұсы осы болса керек. Абыройы ауқымды, жауапкершілігі жоғары аялдаманың атын иемденудің өзі үлкен мәртебе, тәңір сыйлаған тағылымды ғұмыр. Бүтіндей ауыл-аймақтың, ел-жұрттың, алыс-жақын ағайынның бетке тұтар белгілі, үмітінен шығар үлкені бола білуден асқан абырой жоқ. Егделеріміздің еншісіне бұйырар тарту осы межеден көрінсе деп тілейміз.

Егделік — ақыл-естің ауыздықпен алыспайтын, желіктің жүйрігіне қамшы басып жарыспайтын, жақсы мен жаманның ара жігін қарыстайтын, көзжұмбайлық тәуекелден алыстайтын, басы артық бәсіреге барыспайтын, шамаңа қарай шарықтайтын, ақ-қараны таразылып анықтайтын, алды-артыңды аңғарып парықтайтын, шүкір­лік пен тәубеден жалықпайтын аса жауапты кезең. Жастықтың жалын — шоғының қоламтаға айналатын, алып-ұшқан кептер-көңілдің сабасына түсіп жайланатын, ой-орманның қалыңдайтын, ой жеткеннің оңайлықпен алынбайтын, бір ойдың қуандыратын, екінші ойдың суалдыратын шағы. Сырт көз үшін, артыңдағы ізіңе ерген ұрпақ үшін сынақ алаңы. Осы алаңда көрермен көптен құрмет көремін десек ар-намыстың ақбоз атынан түспей, көрікті ойымыздың көз ілмеуі үшін күресуіміз керек. Сонда ғана егделік кезеңде еңсеміз жоғары, басымыз бағалы болмақ.

Кеңес АРЫҚБАЕВ,

КСРО Журналистер Одағының мүшесі.

Еңбек ардагері.