Егемен елдің ерен ері – Елбасы
Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы күніне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Сұңғыла саясатымен, салиқалы парасатымен елін бейбіт заманда бастап келетін Елбасының ширек ғасырда Қазаақстанды айдай әлемге танытуы – халқы үшін орасан зор мақтаныш. Елі сүйген Елбасы күні бүгінде асыға күтетін мерейлі мерекеге айналды.
Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара мемлекеттік әнұранмен басталды. Аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйлеп, әр салада Елбасының сарабдал саясатын жалғастырып, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып келетін қызметкерлерді марапаттады. Аудан басшысының қолынан алғыс хат алғандардың қатарында Р.Бахтиярова, Б.Жалмағамбетова, Ж.Өтеулі, С.Тоқжанова, Е.Масалимов, З.Бекмұхамбетова, Г.Боранбаев және басқалары бар. Мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мемлекеттік қызметші ант қабылдады. Бұлвн халық театрының режиссері Г.Өтешова, аудандық мәслихат депутаты Д.Тайшиев Тұңғыш Президент күніне орай жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиыннан соң «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты мерекелік концерт жалғасты. Сахна шымылдығы Үлгілі «Жауқазын» би ансамблінің «Шалқыма» биімен түрілді. А.Абуғалиева «Елбасы» әнін орындаса, А.Алдамжаров Елбасының сөзіне жазылған «Шұбар ат» әніне салды. Ұлттық рухты асқақтатып, отансүйгіштік қасиетімізді еселеген ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай елжандылықты, егемендікке деген сүйіспеншілікті арттырып, Елбасына құрметті үстем ете түсетін әндер әуеледі.
Шынар Молданиязова,
БҚО, Сырым ауданы