ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ТҰҢҒЫШ РЕФОРМАТОРЫ
Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше өкілеттілігін тоқтатты. Бұл Егемен елдің тарихындағы ең айшықты құбылыс болды. Кешегі кеңестік режимнен кейін ел іргесін нығайту, экономикасын қайта құру, елдің негізгі ресми атрибуттарын анықтау, шекарасын бекіту, ұлтаралық және дінаралық сенім мен татулықты, қоғамдық тұрақтылықты, мемлекеттік баяндылықты, кешегі кеңестік жүйе сансыратқан рухани-құндылықтық тұғырларымызды қайта тіктеу үдерісі Елбасының бастамасымен жүзеге асқанын ешкімге жасырын емес.
Мен Елбасының президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтатуын мәрттік пен даналық ретінде бағалаймын. Бұл мәрттік, даналық тек Елбасының ғана абыройы емес, менің арманшыл қазақ деген залықтың да еншісі. Біздің айналамызда көршілес жатқан жақын және алыс елдердің саяси тарихында болмаған қадамды да Елбасы жасады. Бұл әрине саясаттағы сарабдал көрегендік дер едім. Қоғамның баяндылығы мен тыныштығы билік транзитіне тікелей қатысты құбылыс. Өзінің отыз жылдық саяси лидерлік дәуірі қазақ елі үшін өтпелі кезең еді. Тарихи трансформация табиғи түрде жүріп жатыр. Бірақ егемендікке деген ішкі және сыртқы мүдделер мен қитұрқы килігулер мақсатты түрде жүрді, әлі жүргізіліп жатыр.
Елбасы экономикамен қоса, рухани жаңғыруды, мәдениет қабаттарындағы ақтаңдақтарды, елдік критериилерді орнына келтіру жолындағы бағдарламалары мәңгілік мәселе болып қала береді. Қазақ мәдени, өркениеттік, мемлекеттік, руханият қабаттарындағы бастамалар да осы Елбасының қолтаңбасымен өлшенетін болады.
Рухани жаңғыру — болашақ бағдары ретінде танытып қана қоймай, оны жүзеге асыру тетіктерін де іс тәжірибе жүзінде жүзеге асыру ынтасын көрген елдің еңсесі көтерілгенін көрдік. Осы жолда тарихта рухани орталық болған Түркістанда, барша түркі халықтарының ұстазы, Қожа Ахмет Иасауиге деген анықтамасы есімде. «Иасауи — біздің Конфуцийіміз» деен болатын. Кейіннен осы Түркістанды облыс орталығы, саяси мәндегі аймақ, геополитикалық және тарихи санадағы орнын жаңғыртты. Бұл қадам Түркістанның барша түркі халықтарының рухани орталығы статусына қайта қауыштыруды мақсат етеді. Сонымен қатар ортақ тарихи сананы да жаңғырутаға ықпал етеді.
Осы мақсатта «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық танымдық бағдарын жариялап, қазақ болмысын әлем тарихындағы маңызды орнын көрсетіп берді.
Елбасы бастамасы егемен елдіміздің баяндылығы мен болашағына ашылған ұлы арна екендігін өскелең ұрпаққа таныту, қоғамдық, азаматтық парыз әрі Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың президенттік бағдары болуы тиіс деп есептеймін. Бұл да қазақ мемлекетілігінің сабақтастығының ең басты кепілі болса керек..
Кенжетаев Досай Тұрсынбайұлы,
профессор, философия және теология ғылымдары докторы