Егер сенің даусыңды ұрласа, ол — ұры!

Дос Көшім, саясаткер, Қазақстандағы бақылаушылар институтының негізін салушы:

Азаматтық қоғам сайлауды бақылауға дайын ба?

Дос Көшім Алматы қаласындағы қоғамдық бірлестіктер мен үміткерлердің бақылаушыларын оқытатын тренерлер дайындауға арналған семинар өткізді. Біздің тілшіміз де сол семинарға қатысып, Дос ағамыздан қысқаша сұхбат алды.

— Дос аға, бұл семинардың мақсаты мен міндеті жөнінде айтып өтсеңіз…
— Сайлау үдерісіне қатысушы жақ — сайлауға түсетін үміткерлер, партиялар мен сайлауды өткізетін комиссия мүшелерімен шектелмейді. Сайлаудың әділ де таза, ашық та жария түрде өткізілін бақылайтын, сол арқылы сайлауға баға беретін, қоғамдағы сайлауға деген сенімді қалыптастыратын немесе сайлаудың әділетсіз өткендігін нақты деректермен дәлелдей білетін тағы бір жақ бар. Олар сайлау үдерісін бақылайтын жандар немесе бақылаушылар. Бүгінгі семинар — АҚШ-тың ЮСАИД ұйымының қаржысына қолдауы арқылы, Қазақстандағы Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан оныншы семинар. (Осының алдында батыс және оңтүстік облыстарда өтті). Мақсат — сайлауға бақылаушы қоюды жоспарлап отырған үкіметтік емес ұйымдарға мен саяси партияларға, үміткерлердің штабтарына бақылаушыларды оқытатын тренерлер дайындап беру. Бұл жұмысты біздер осы сайлауға арнайы дайындалған «Бақылаушы блокноты» арқылы жүзеге асырамыз.
— Қоғамдық ұйымдардың тарапынан алдымыздағы сайлауға бақылаушы қоямыз деген белсенділік бар ма, әлде сайлаудың әділ өтуіне деген күмән басым ба?
— Әр облыста кем дегенде он-он бес қоғамдық ұйым семинарға өздерінің өкілдерін жіберді. Алайда әр облыста, кем дегенде, 500-1000 үкіметтік ұйым бар екендігін ескерсек, әрине, бұл мардымсыз көрсеткіш. Бірақ үміткерлердің штабтары тарапынан қызығушылық өте жоғары. Тренинг өткізілетін залға бақылаушылардың симай кеткендігінен кейбір облыстарда бір емес, екі семинар өткізуге тура келді. Меніңше, халықтың осы сайлауға деген қызығушылығы ерекше, сондықтан сайлаудың әділ өтуін бақылау – өте қажетті жұмыстардың бірі деп білемін.
— Бақылаушылардың ең жиі қоятын сұрақтарына тоқталсаңыз.
— Басты сұрақ — егер сайлау туралы заңның бұзылғанын көріп, байқап қалсақ, оны көрсетіп, ескерту жасасақ, бірақ біздің сотқа, аймақтық сайлау комиссиясына берген актілерімізден ешқандай нәтиже шықпаса, не істеуіміз керек деген «ескі» сұрақ». Меніңше, осы сайлауда, бұрынғыдай белден басып, ойларына келген пайызды бере салу болмайды. Билік халықтың қаһарынан қорқады. Бүгінгі қазақ халқының билікке деген сенімсіздігі, қарсылығы күн сайын артып келеді. Осындай жағдайда, сайлау комиссиялары да аяқтарын тартады деп ойлаймын. Алайда, егер бақылаушылар өз міндеттерін жақсы атқара білсе, учаскелік сайлау комиссиялары деңгейінде-ақ дауыс беруде қарақ жасауға, заңды бұзуға жол бермейді деп ойлаймын. Сайлау комиссияларының мүшелері — өзіміздің қасымызда жүрген, ауызашарда, ойын тойда қасыңда отырған адамдар, сенің балаң оқитын мектептің директорлары, мұғалімдері емес пе? Егер олар сенің даусыңды «ұрлайтын» болса, олар — Ұры! Әсіресе ауылдық, аудандық жерде сайлау комиссияларында отырғандар халықтың көз алдында. Ондай Ұрылардың сазайын сол қоғамның өзі беруі керек. Оларды халықтың көзіне қарай алмайтындай ету керек. Басқа жолы жоқ. Сонда ғана болашақ сайлаулар әділ өтеді. Олар — Қазақ елінің «Сайлау туралы» Конституциялық заңын бұзған мемлекеттік қылмыскерлер. Айтпақшы, біздің Әкімшілік кодексінде де, Қылмыстық кодексте де бұндай заңбұзушылыққа қатаң жауапкершілік қарастырылған. Егер билік заңды іске қоспаса, жазаны халықтан алады деп ойлаймын.
— Бүгінгі семинар тек қана қазақ тілінде өтті. Басқа облыстарда да қазақ тілінде өтті ме, оған орыстілді азаматтардың тарапынан реніш болған жоқ па?
— Әрине, барлық семинарлар қазақ тілінде өтті және өткізу тіліне деген ешқандай реніш болған жоқ. Біріншіден, соңғы уақытта орыстілді азаматтар қоғамдық-саяси өмірден өздерін өздері шеттетіп жатқан сияқты… Оларға «бәрі бір» сияқты. Ал Қазақтардың азаматтық көзқарасының күрт оянып келе жатқаны байқалады. Бұл қуанарлық жағдай.
— Ендігі жоспарыңыз қандай?
— Өкінішке орай, ЮСАИД-тің гранты он облысқа жетті. Осының өзіне оларға үлкен рахметімді айтамын. Қазір солтүстік пен шығыс облыстардағы қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар түсіп жатыр. Егер қаржы тапсап, сол жаққа барып, бақылаушыларды оқыту жұмысын жалғастырамын.

Сұхбаттасқан —
Бауыржан Карипов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған