ЕГІН ЕКСЕҢ ЕРІНБЕЙ…
Өткен аптаның жексенбісінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов Бірлік ауылдық округінде болып, шаруалардың егін еккен шаруалардың жағдайын біліп қайтты. Алдымен Оңғарбай, Бірлік каналдарының басына барып су деңгейін көрді. Су деңгейі қалыпты, бірліктік шаруалар бұл жазда судан тапшылық көрмеуі керек.
Содан соң осы ауылдық округте егін еккен «Аманқұл», «Санжар», «Бекнар» шаруа қожалықтарының егіс алқабына барып, тіршіліктерімен танысты. Желіге байланған қозыдай әр жерде дөңгелеген сарыала қауын мен көкала қарбыздар көздің жауын алады. Жүгерілері де түйін салып, шашақтай бастаған. Шаруалар жүгерілерін қыркүйек айының 5-не қарай шабуға жарап қалады деген үмітте екенін жеткізді.
«Бекнар» шаруақожалығының жетекшісі Дәуренбек Салмарбеков 3 гектар жерге қауын-қарбыз, көкөністер еккен екен. Биылғы жазда судың уақытылы әрі жеткілікті келуінің арқасында тамыз-қыркүйек айларында табиғи, экологиялық таза өнімдерімізді жинап аламыз дейді.
2024 жылы Бірлік ауылдық округінде 1026 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егістік алқаптарына орналастырылды. Оның ішінде жаздық арпа – 30 гектар, жүгері – 95 гектар, картоп – 3 гектар, көкөніс – 25 гектар, бақша дақылдары – 57 гектар, жаңа жоңышқа – 52 гектар, ескі жоңышқа – 759 гектар.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы».