Эй, Дәруіш Дүние…
Эй, Дәруіш Дүние…!!!
АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ
(Ұстаз Тұрсынбек Кәкішұлы жөнінде бір үзік сыр)
Асыл жүректі аяулы ұстаз, қазақтың дөй документалист, архивариус ғалымы Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 95 жыл. Астанада, Алматыда, өңірлерде аталып өтті. 95 – тойланатын ресми тізімге енбеген жас шамасы. Соған қарамай, аяулы Күләш, шынайы шәкірттері ұстазымыздың тойын дүбірлетіп кеп жіберді. Бірінен, хабарсыз қалғаным, екісінен, Ковид деген пәлемен үшінші рет ауырып, иман қуатында болмауым себепті Астанаға аяғым жетпеді. Тағатсыздана «тойдың» жақсы өтуіне тілектес болып отырдым. Әрі-беріден соң, өз өміріме, өмірімнен жазылған естелікті іздеп архив ақтара бастадым. Таптым. Ф/б-дағы желілес жетелі достарға жеткізуге асықтым….
*
… Сары күз. Табиғаттың жомарт шағы. Ағаштың сарғыш тартқан жапырақтары үзіліп түсіп, қалықтап келіп жерге жәйімен қонады. Кейбірі сап-сары, кейбірі жартылай сарғайған жүрекше жапырақтарды аяқпен басудың өзі аяусыздық сынды. Жүрегіңді аяныш сезімі буады. Ақырындап басып жүріп келемін.
Табиғат. Өзгермелі уақыт. Кеше ғана студент едік. Енді, міне жоғары оқу орнын аяқтаған, қалтасында қалақтай дипломы бар, білдей мамансың. Алда не күтіп тұр? Ол жағы беймәлім. Университетте бес жыл бірге оқыған бозбала достарды бірінен соң бірін сапарға шығарып саламыз. Бірі туған ауылына, енді бірі өмірі көрмеген өңірге аттанып жатады. Әрі салғанда бір жыл бедерінде кездесетін болып, сөз байласасың. Келе алмасыңды іштей сезіп, біліп те тұрасың. Досыңды мінгізіп, ала жөнелген поездың өзіне біртүрлі дұшпан тұтып қарайсың. Бұл – ұлы Абай айтқан: “Балалық өтті, білдің бе?!”- дейтін сәт. Бүгін де бес жыл бірге оқыған достың сапарға аттанатын күні. Вокзалға беттеп келеміз.
Ертең мен Көкшетау жүремін.
Жастық буы бұрқырап, әрі әсем Алматыны, әрі парталас достарды қимай, бір шоғыр жігіт құшақтаса әндетіп келеміз. Кенет…
… қарсы алдымыздан ұстазымыз Тұрсекең шыға келгені. Ия, бес жыл әдебиеттің қыр-сырын зердемізге құйып берген ұстаз, үлкен ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы! Шәкірттік бейілден бәріміз шуылдай, дуылдай амандастық.
— Әй, батырлар қайдан жүрсіңдер?
Ұстаз да бәрімізге мейірлене қарады.
— Осылай да осылай, жолдастарды поезға шығарып салғалы барамыз.
— Құлбек, сен неге хабарласпайсың?
— Қол тимей жүр, ағай!
— Бейсекеңмен /Кенжебаев Қ.Е./ хабарласып жүрсің бе?
— Иә.
— Қолды тигіз. Маған хабарлас.
Досты Алматы-Мәскеу поезына шығарып салып, ертеңіне Тұрсекеңе хабарластым. Ұстаз тікесінен тік сұрақ тастады.
— Сені біз осы қайда жібердік?
— Көкшетауға.
— Иә, онда не істейсің?
— Облыстық оқу бөліміне барамын. Олар ауданға жіберер, аудан совхозға жолдама берер, совхоз бөлімшеге жіберер. Сонда барып мұғалім боламын. Мәртебелі мамандық…
— Бейсекең не дейді?
— Барсаң бар, бірақ жазуыңды тастап қойма – дейді.
— Ой, әулием-ай. Ауылға барып мұғалім болған адам жазумен айналысушы ма еді?! Ой, жарықтық-ай! Көкшетауға барарсың. Арқаның бір аруын аларсың. Сонымен бәрі бітті дей бер. Менің бір қарындасыммен Көкшетауда қаларсың. Олай етуге болмайды.
— Енді не істеймін?
— Біз не ғылымды ойламаймыз, не жастардың тағдырын ойламаймыз. Сонда не ойлайтынымызды білмеймін. /Ұстаз әлдекімге зекіп ала жөнелді. Бейне маған ұрсып отырған сияқты. Бірақ, ойы басқа жақта. Әлдекімдерге ұрсып отыр/. Анау Жанғара, Бәйділхан, Жарылқасын, Төребай секілді жігіттер де ауылға кетіп барады екен. Сен де ауылға кетіп барасың. Сені Бейсекең Алматыға алып қалар деп жүр едім. Сырқат қой, енді қайтсін? Былай келісейік: мен бір іске бел байлап отырмын. Сендерден жасыратын не бар, енді студент емессіңдер ғой, Оқу министрінің орынбасарымен бір отырыста жүз грамм шарапты бірге ішіп едім. Соған сендерді ертіп апарып, мән-жайды айтып, Алматыға алып қаламын ба деп отырмын. Содан кейінгісін тағы көреміз-дағы…
— Ұстазбен уәделескендей, таңертеңгілікте Қазақстан Жазушылар одағына Жанғара, Бәйділхан, Төребай, Жарылқасын бәріміз бірге келдік. Пленум бе, әлде басқа ма, әйтеуір бір алқалы жиын, келелі мәжіліс өтіп жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының сол кездегі екінші хатшысы, жазушы Шерхан Мұртаза күндей күркіреп баяндама жасады. Залда ине шаншар орын жоқ. Түрегеп тұрып баяндама тыңдадық. Жазушы Қалихан Ысқақовтың “Тұйық” романы жөнінде баяндамашы түйіліңкіреп, шүйіліңкіреп сөйлеп жатты. Көзімізді қыдыртып залдан Тұрсекең ұстазды іздейміз баяғы. Таптық. Таптық та “бізді көрсін” деген оймен бесеуміз қаздай тізіліп қасына жақындап барып тұрдық.
Бізді көрген ұстаз “қазір” дегендей емеурін жасады. “Баяндама аяқталсын” дегені шығар. Баяндама аяқталды. Ұстаз орнынан асығыс тұрды да, көпшілікті сығылыса жарып өтіп бізге жетті. “Жүріңдер” – деп сыртқа бастай жөнелді. Жазушылар одағы жанында “Балалар әлемі” магазині. Қасында такси аялдамасы. Соған жарыса келіп, қол көтерісіп мәшине тоқтаттық. Қарасақ, анадай жерде мәшине тоқтатып балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев тұр. Ол кісіні бірге қамти жөнеп бердік.
Оқу министрлігіне келіп ат басын тіредік. Шөпірлеген шәкірттер сыртта қалып, ұстаз “Оқу министрінің орынбасары Қанапин” деген жазуы бар есікке еніп кетті. Күтіп тұрмыз.
Әлден уақытта іштен күлімдеп шыққан ұстаз:
— Жүріңдер! – деді жайдарыланып. Ілесіп жүріп келеміз.
Алматыдағы әсем ғимарататтың бірі – Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының үйі. Сол еңселі ғимаратқа келдік. Ішке еніп келеміз. Аяқ басқан сайын күмбезі күмбірлеп өзіңе тіл қатқандай болады. Екінші, одан үшінші қабатқа көтерілдік. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Директордың кабинетіне кіріп кеткен ұстаз іле-шала қайта шықты. “Аңшының кешіккенінен сүйін” дегендей, ұстазымыз кешіксе жолымыз болатындай көріп қалған біз, ол кісінің шортандай шоршып шыққанынан шошып та қалдық-ау. Жоқ. “Жүріңдер!”- деді. Осы бір “Жүріңдер!”- деген жалғыз ауыз сөзге біздің тағдырымыз байлаулы жатқандай. Ұстаз “жүріңдер”- десе жанымыз семіреді. Ұстаз жүзінде жаман рай жоқ, жақсы шырай бар. Ата-анасының жүзіне жәутеңдеген жас баладай ұстаз жүзіне қарап-қарап қойып тартып келеміз. Бейне бізді Бақыт ауылына бастайтындай ұстаз алда келеді. Шамасы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры Әди Шәріпов ұстазымызды бетінен қақпаған болуы керек.
Директордың орынбасары көзілдірікті қараторы жігіт ағасы. Аз уақытта ұстазды алға салған бес бозбала шәкірт сол кісінің алдында тұрдық. Шаруаның сәтті бітуіне айналғанын сезіп, бір-бірімізді түртіп қалып, жымың-жымың етеміз. Бәрі де алдын-ала келісіліп қойған секілді. Құжаттарымыз директордың орынбасарының қолына өтті. Ол қарап отыр.
— Тұрсынбек, — деді қара жігіт алтын сулы көзілдірігін жалт еткізіп, жоғары қарап,- Бұлардың бәрі бірдей сенің ауылыңның балалары болып ұят болып жүрмесін. Жымиып күлді. Жүзінде “Ұрлығыңды ұстап алдым ба, бәлем?” –деген кісінің жеңісті келбеті. Құлағымызға жайсыз сөз шалынған біз қолайсызданып қалдық.
Ұстаз күмілжіді. Сөйтті де әлгі кісіге қарады:
— Айтқандай, Зәки, мен осылардың қайсысының қайдан екенін білмейді екенмін. Әйтеуір, жақсы оқыған, студенттердің ғылыми жұмысында жақсы көрінген жігіттер. Кейбірі сын мақалаларын жариялай бастады. Мен бұларды сендерге осы ретпен әкеліп отырмын. Басқасын білмеймін. Өздерінен сұрайық.
Алтын көзілдірік тағы да жалт ете түсті. Бізге тесіліп тұр.
— Жанғара Дәдебаев — Жамбыл облысы, Талас ауданынан.
— Байділхан Балажанов — Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.
— Төребай Омаров — Қызылорда облысы, Қазалыдан.
— Ергөбек Құлбек — Шымкент облысы, Қызылқұм ауданы.
— Жарылғас Әбішев — Көкшетау облысы, Степняктан.
Сөзіміздің аяғын ешкім тыңдай қойған жоқ. Бірде-біріміз Тұрсекең туған өңірден болмай шықтық. Жерлес емеспіз. Тұрсекең шынайы ұстаз келбетін танытып мерейленіп тұрды.
— Азаматсың Тұрсынбек!
Алтын көзілдірік ризалық кейіп танытты. Бақсақ, бұл кісі – қазақтың үлкен ғалымы Зәки Ахметов екен. Қатар-құрбы жігіттер өзара сыйластығын қазақ қоғамына, ғылымға деген адалдыққа бұрып, принциптілік танытып жатыр екен ғой. Ауадай қажет мінездер екен-ау, қазақ қоғамын таза ұстауға, ұлтты тұтас өсіретін мінез екен-ау, ағалардың ойлағаны. Оны біз ол сәтте түсіне қоймадық…
Сол күннен бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының лаборанттары атандық. Сөйтіп, Жанғара Дәдебаев, Бәйділхан Балажанов, Төребай Омаров, Жарылқасын Әбішев… дегендей ҚазМУ-дің қабырғасынан бірге түлеп ұшқан бір шоғыр жас өмірден өз орнымызды осылай тапқан едік…
Қауырсыны қатпаған түбітқанат балапандардан үміт күтіп, келешек көрген ұстаз жүрегінің ұлылығына, әрі шәкірттерін алаламай, бөлмей құшағына тұтас қысқан ұстаз құшағының жылылығына біз әлі күнге тәнтіміз. Уақытқа қарай бойымызда бір пендешілік ояна қалса –ұстаздың адал бейілі, есепсіз жасаған қамқорлығы есімізге түсіп, қылмыс жасағандай ішімізден ұятымыз түрекеледі әп сәтте қызарақтап. Ұстаздардың бейілі бізді иектегелі тұрған сайтандарды қағып-қағып жіберетін періште секілді. Қайран, ұстаздар-ай!
… Қай-қайсымыздың да бойымызда да шешуші сәтте шешімді іс атқарып, қамқорлық жасаған ұстаз Тұрсынбек Кәкішұлына қарыздар бейіл, ризашылық сезім жүр. Бір ғажабы – уақыт өткен сайын ескіріп, өшіп кету орнына ұдайы жанымызда жаңарып, жадымызда жаңғырып, өркештеніп жүреді сол бір қастерлі сезім. Өмірінің сары күзінде тұрған аса қадірлі адамға күз жомарттығындай дарқан бақыт бергей тәңірі? – деп тілейміз іштей риясыз көңілден!
*
…Сары күзі де өтті ұстаздың. Қысы келіп, ақырып-шақырып ахирет сапарына алып кетті. Өнегесі қалды, өзі жоқ… Дүние шіркін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн….
Эй, дәруіш дүние!
Құлбек ЕРГӨБЕК
22.08.2022