Екі Қағба бар екенін білесіз бе?

Жер бетінде Мекке секілді құрметтелетін қала, Қағба секілді қадірлі ғимарат жоқ. Жиырма төрт сағат бойы мыңдаған адамдардың Қағбаны айналып жататындығы бұл сөзімізді айқындай алады. Қағба – жер жүзіндегі барлық мұсылмандардың құбыласы. Қағба – қара жердің кіндігі, әл-Харам мешітінің жүрегі. Қағба – қара мата жамылған төрт бұрышты ғимарат қана емес, тұла бойы тарих тұнған қасиетті орын. Бүгінгі мақаламызда дәл осы құрметті нышанның кешегісі мен бүгіні хақысында сөз қозғамақ ниетіміз бар.

Қағбаның тарихы   «Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) мен Ажар анамыздың Исмаил есімді ұлы дүниеге келгенде, Ибраһимнің алғашқы әйелі Сараның бойын қызғаныш билеп, баласы мен анасын алыс аймаққа жіберуді талап етеді. Алла Тағала Ибраһимге (оған Алланың сәлемі болсын) оларды қазіргі Мекке жеріне қоныс аудартуды уахи етеді. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Исмаил мен Ажар анамызды қасиетті жерге орналастырып, ара-тұра келіп тұрмақ болады. Осыдан кейін Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) Алла қалаған уақыт бөлек өмір сүріп, ұлы мен әйеліне қайта келеді. Сонда Исмаилдың (оған Алланың сәлемі болсын) Зәмзәмның жанындағы үлкен ағашқа садақ атып жүргенін көреді. Ибраһимді (оған Алланың сәлемі болсын) көре сала, сәлем беру үшін жанына келеді. Сәлем берісіп болғаннан кейін әкесі баласына: «О, Исмаил, ақиқатында, маған Алладан бұйрық келді». Исмаил: Құдайыңның бұйырғанын орында»,-деді. Ол: «Ал сен маған жәрдем бересің бе?». Ұлы: «Мен саған көмектесемін». Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) айтты: «Ақиқатында, Алла маған осы жерде үй соғуды әмір етті» (Қағбаны). Сөйтті де, бәрінен де биік болып тұрған қыратты көрсетті. Осы жерге Алла бұйырған үйдің негізін қалай бастады. Исмаил тас әкелумен, Ибраһим соғумен болды. Қабырға биік етіп тұрғызылғаннан кейін Исмаил Ибраһимнің (оларға Алланың сәлемі болсын) астына тас әкеліп қойды. Ол оның үстіне шығып, әрмен қарай тас қалай берді.

Олар Қағбаның іргетасын көтеріп жатып: «Раббымыз! Бізден қабыл ал! Ақиқатында, Сен – барлық нәрсені Естуші, бәрін Білушісің!» деп дұға айтумен болды. (Бұхари). Әлемдегі барлық мұсылмандар ең тұңғыш болып тұрғызылған құлшылық орны Қасиетті Қағбаға жүздерін бұрып намаз оқиды. Алла Тағала бұл туралы: «Енді сені өзің разы болатын қыблаға (бағытқа) бұрамыз. Жүзіңді «әл-Харам» мешіті жағына қарат. Қай жерде болсаңдар да, (намазға тұрғанда) жүздеріңді сол жаққа қаратыңдар» («Бақара» сүресі, 144-аят) және «Ендеше олар осы Үйдің (Қағбаның) Раббысына құлшылық етсін, оларды аштықтан (кейін) тамақтандырған және қауіп-қатерден аман еткен» дейді. («Құрайыш» сүресі, 3, 4-аяттар) .

Қағба қандай мағынаны білдіреді?

Қағба – араб тілінен сөзбе-сөз аударғанда құрметтелген, ұлы, үлкен жер деген мағына береді. Және «куб» яғни, текше деген де мағынасы бар. Сонымен бірге «Байтуль Ъатиқ», яғни, «Ең ежелгі, ең бірінші» және «Байтуль Харам» яғни «Қасиетті үй» деген мағына береді.  Ибраһим мен Исмаил (ол екеуіне Алланың сәлемі болсын) оның ұзындығын 4,5 метр етіп салды. Және шығыс пен батыс жағында есік орнын жасады. Сондай-ақ, Қағбаның төбесі жабылмаған ашық күйінде тұрды. Ішінде сыйлықтар сақталатын құдығы бар еді.     Қағба 12 рет жаңартылған   Қазіргі Қағба – жоғарыда айтылған Ибраһим мен Исмаил (оларға Алланың сәлемі болсын) тұрғызған құрылыс емес. Табиғи апаттар мен адамдардың бүліктерінің себебінен құлшылық Үйін 12 рет қайта тұрғызуға тура келген (әрине, Алланың қалауымен). Мұхаммед Пайғамбардың  (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) пайғамбарлық түспей тұрып, Қағбаның жөнделуіне қатысқандығы туралы оқиғаны жақсы білеміз. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін, Қағбаның шығыс жақ бұрышына «хажаруль әсуад», яғни қара тасты қою мәселесінде қиындықтар туындайды. Осылайша, тайпалар арасында келіспеушілік пайда болып, «қара тасты кім қояды?» деген сұрақ пайда болды. Келіспеушілік ушығып бара жатқанда, Меккенің ескі тұрғыны Абу Умайя «Таңертең мешіттің дарбазасынан бірінші кім кірсе, мәселені сол шешсін»,-деген ұсыныс айтты.

Ертеңіне мешіт дарбазасынан бірінші болып Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) кірді. Меккеліктер: «Бұл Мұхаммед қой»! «әл-Әмин»! (ең сенімді, жалған сөйлемейтін) деп қуанысып, айқайлап жіберді. Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) оларға жақындап келгенде, олар келісе алмай жатқан мәселелерін шешіп беруін өтінді. Сонда Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жерге шапан төсеп, үстіне қара тасты қойып, бірнеше жағынан әр түрлі тайпа басшыларына ұстатып, Қағбаға жақындап, қара тасты Қағбаның қабырғасына қойды. (Ибн Исхак).

Сонан бері Қағбада бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның соңғысы 1996 жылы жасалынды, бұл жолы сыртынан жаңа кірпіштер қаланып, тастары ауыстырылып, жаңа шатырлар қойылды. Нақтырақ айтсақ, бұл жолы әл-Харам мешітіне жалпы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл оқиға он жыл уақытқа жалғасты.   Екі есікті және терезелі Қағба   Бастапқыда Қағбада шығатын және кіретін есік болған. Ұзақ жылдар бойы терезесі де алынбай келді. Қазір бір ғана есік бар. Сіз бен біз Қағбаны алтын әріпті жазулары бар қара матамен оралған қалпында ғана білеміз. Алайда, бұрын оның қабырғалары әр түрлі түсті: қызыл, жасыл, тіпті,  ақ болатын. Қағбаны қара матамен жабу рәсімі Аббасидтер дәуірінде пайда болды.

Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсынҚағбаның кілтін кімге тапсырды?  

Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)  заманына дейін әрбір жылғы қажылық рәсімі белгілі бір құрайыш тайпасы тобының басқаруымен өтетін. Ислам мұндай дәстүрге тосқауыл қойды, нәтижесінде, қажылар ешкімнен рұқсат сұрамастан өздері парыздарын өтейтін болды. Мекке қаласы азат  етілген соң, Қағба кілтін Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Бани Шәйба әулетінің өкілі Осман ибн Талхаға береді. Кілт ғасырлар бойы осы тайпа өкілдерінің қолдарынан түспей келеді. Алла Елшісі: «Ей, Бану Талха, Қиямет күнге дейін алыңдар және сендерден бұл кілтті әділетсіз билеушіден басқа ешкім алмайды» деген болатын. (Табарани). Күні бүгінге дейін,  сұлтан болсын, патша болсын, барлық адамдар Қағбаға осы меккелік отбасының рұқсатымен ғана кіреді.

 Қағба есігі әрдайым ашық болатын  

Аз уақыт бұрын құлшылық жасаушылар үшін Қағба есігі аптасына екі рет ашылатын еді. Қажылардың санының көп болуына және басқа да жағдайларға байланысты Қағба есігі тек қана жылына екі рет ( және құрметті қонақтардың келуіне байланысты) ашылатын болды.   Тәуапты жүзіп жасайтын қажылар   Қағба ең төмен нүктелердің бірінде орналасқан және оның айналасын қыраттар мен таулар қоршап жатыр.

Су басуды қадағалайтын жүйе орнатылғанға дейін Меккеде су тасқындары өте көп болатын. Бірнеше күн бойы Қағба жартылай су астында қалып қоятын. Тәуап жасаушыларды бұл ешқашан тоқтатқан емес. Олар жүзіп жүріп құлшылық жасайтын.   Қағба ішінде намаз қалай оқылады?   Бұқара халық «Қағбаның ішінде не бар?», «Онда не істеуге болады?», «Намаз қалай оқылады?» деген сауалдарды жиі қояды. Біліңіз, Қағбаның ішінде жерленген адам да, арнайы сурет те жоқ. Қағба – таухидке, яғни, тек қана бір Аллаға құлшылыққа шақыратын орын. Қағбаның едені де, шатыры да ақ мәрмар тастан жасалған. Сондай-ақ, шатырды тіреп тұратын 3 бағана орнатылған. Мұнда тек қана құлшылық жасалады және намазды кез келген тұсқа қарап оқи беруге болады.

Екі Қағба бар екенін білесіз бе?  

Мекке қаласындағы Қағба – тек қана адамдар құлшылық жасайтын орын болса, аспан әлемінде тек қана періштелер құлшылық жасайтын Үй бар. Ол – «әл-Бәйт әл-Мағмур» деп аталады. Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бұл үй жайлы мәлім етті. Бұхари мен Муслим Мәлик ибн Сағсағадан ған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «… Кейін маған әл-Бәйт әл-Мағмур (іші Толған үй) көрінді, сөйтіп мен: «Жәбірейіл, бұл не?»,-деп сұрадым. Ол маған: Бұл – әл-Бәйт әл-Мағмур. Мұнда күн сайын жетпіс мың періште кіреді, бұл жерден шыққан соң қайтып оралмайды»,-деп жауап берді» деп келеді. (Бұхари, Муслим).

Қағба текше пішінді болмаған  

Дәл солай! Әлемдегі ең танымал текше ғимарат бастапқыда тікбұрыш болып салынды. Қағбаның бастапқы жері жартылай дөңгелек аймақ болды. Бұл «Исмаил Хиджр» деп аталатын. Меккеде үлкен сел болып, нәтижесінде Қағба қатты зардап шекті. Мұхамед Пайғамбардың ған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)пайғамбарлығынан бірнеше жыл бұрын құрайыштар Қағбаны аяқтауды ойға алады. Алайда, құрылыс үшін тек қана адал ақша, яғни, құмар ойындарға, ұрлыққа, жезөкшелікке, өсімқорлыққа қатысы жоқ қаржы жинау талап етілді. Қағбаны ұлылығына сай етіп тұрғызу үшін адал ақша жеткіліксіз болып шықты. Меккеліктердің қаншалықты азғындалғанын елестете беріңіз. Осылайша, құрайыштар шағын нұсқаға келісіп, байырғы белгісіне толықтыру үшін саз кірпіштен қабырға қалады. Тек қана текше пішінді етіп салуға шамалары жетті, биіктігі де біршама кеміді.

   Мұсылмандар тек қана Аллаға құлшылық етеді!

Жер жүзінде «Мұсылмандар неге Қағбаға табынады?», «Олардың Қара тасқа құлшылық жасайтыны рас па?» деген алып-қашпа әңгімелер аз айтылмайды. Жауап біреу ғана: мұсылмандардың ешбірі де Қағбаға немесе Қара тасқа табынбайды. Мұндағы Қара тас айналымның қай тұстан басталу керек екендігін ғана көрсетіп тұр. Басқа ешқандай мақсаты жоқ. Ал Қағба – намаз бағытын көрсетуші ғана. Абдулла ибн Саржистен (оған Алла разы болсын). Ол: «Мен таз кісінің (Омар ибн әл-Хаттабты меңзеген) қара тасты сүйіп: «Алламен ант етейін! Негізінде, мен сені сүйгеніммен, сенің бір тас қана екеніңді әрі сенің зиян да, пайда да келтіре алмайтыныңды білемін. Егер де Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сені сүйгенін көрмегенімде, сүймес едім»,-деп айтқанын көрдім» деген. (Бұхари, Муслим). Яғни, тасты сүю – табыну емес, Хазіреті Омардың Алла Елшісінен ған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) көргеннен кейін, қажылық рәсіміне қосқан әрекеті болып табылады. Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қағбаға тәуап ету, Сафа мен Мәруа арасында жүру, Жамаратқа тас ату – Алланы зікір ету үшін міндеттелген» деген болатын. (Бұхари, Муслим).

Қағба тарихы – жай ғана әдемі әңгіме емес. Қағбаның бүгінін білу де бекершілік деп ойламаңыз. Қазір бұл мақаланы оқушы – ертеңгі баба, өзінен кейінгі ұрпаққа аманатты жеткізуші. Сол себепті, Қағбаның ғана емес, ислам дініне қатысты әрбір ұғымды білу бәрімізге міндет.

Қорыта айтар болсақ, Алла Үйі  қай жерде, қай ғасырда болмасын, мұсылман үшін маңызды орын болып қала бермек. Қағба – Қияметке дейін мұсылманның күніне кемінде бес уақыт жүзін бұратын бағыты. Бұл даналық  бейбітшілік пен ауызбіршілікті меңзейді. Мұсылмандар намазда қандай бірлікте болса, өмірдің барлық сәтінде, барлық құлшылықта дұрыс сенімде,  татулықта болуы ләзім екенін естен шығармайық.

 asylarna.kz