Екі оттың ортасындамын. Құтқарыңыздаршы!
Күні бойы осы бір бәле жұққырға қараймын да отырамын. Не іздеп отыратынымды да білмейтін болдым соңғы кезде. Басында бұның арқасында қаншама достар жинап қалып ем. Талай із-түзсіз кеткен туыстармен табыстым. Хат-хабар алысып тұруға ең оңтайлы дүниенің бірі. Бұрындары көк сандықтан ғана көретін танымал адамдардан бастап, үлкен қайраткерлерге дейін бұдан былай «тереземіз» теңесті де қалды. Жаңалықтарды, небір шытырман оқиғаларды, аудио, бейне жазбаларды алдымен жария қылатын да осы бір шексіз кеңістік. Тікелей эфир арқылы қас қағым сәтте дүниенің кез келген бұрышында жүріп-ақ хабар тарата аласыз. Танитын-танымайтын адамдардың пікір таластыратын виртуалды дебат алаңы.
Бұл айтып отырғаным — «Фейсбук» деген «досым». Марк Цукерберг есімді америкалық негізін қалаған 2 миллиардтан астам қолданушысы бар әлеуметтік желі. Желіге тіркеліп аласыз да, бүгінгі күні қандай жоспарыңыз бар, не тындырдыңыз, қайда, не істеп жүрсіз, суретіңізді, видеоңызды салып жіберсеңіз болды, әрі қарай достарыңыз «лайк» (жазбаны ұнатқанның белгісі) басып, пікірлерін жазып жатады. Интернет сайт, порталдарда жарияланған мақалаларды бөлісіп, оған тұздық қылып ойыңызды қосып отыруыңызға әбден болады. Пәлсапа соғып, ақыл айтсаңыз да, ешкім аузыңызға қақпақ бола алмайды. Қоғамдағы кемшіліктерді жауапты орындардың бетіне басып отырып тізіп, көпшілікке жария салып, түзеп отырсаңыз — жарағаныңыз! Ал кейбір кезде ұнамсыз, жағымсыз бірдеңе жаздыңыз ба, жан-жағыңыздан сын дегеніңіз қарша борайды. Сол себепті көпшілігіміз жалпыға кесірі тиіп кетпейтіндей, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ортақ дүниелерді жариялауға сақ болып алдық.
Айтпақшы, өзіңізді оқымысты, ақылман көрсетуге фейсбуктың ықпалы зор. Ол үшін үлкен шығарманы бастан-аяқ оқып шыққаныңыз маңызды емес. Сол роман, повесть, басқа да шығарма, өлеңдердің арасынан қоғамда өзегін жоғалтпайтын үзіндісін әлеуметтік желіге салып жіберіп, «Бәленше жазушың қандай көреген еді, ә?» деп қойсаңыз жетіп жатыр. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, күндердің бір күні айналаңызға кәдімгідей аудитория жинап аласыз.
Талайды қан қақсатқан алаяқтар, бопсалаушылар осы фейсбук арқылы тұтылды. Небір атышулы даулар мен сот істерінің басы осы фейсбукте таралғанын білесіздер. Бұл алаң кейде діни мәселелерге келгенде, қызыл кеңірдек болып жыртысатын ортаға айналды.
Бәрінен қызығы, әлеуметтік желідегі ортақ достар арасында санасу, есептесу деген пайда болғандай ма, қалай? Ол, әсіресе, туған күніңде, елеулі марапат алған кезіңде анық байқалады. Осындай күндері ара-тұра сол күнгі басты жазбаңа қарап, кімнің қандай пікір қалдырғанын, қанша адамның «лайк» басқанын, кімнің құттықтау білдірмегенін санап отыратын болдық.
Кейде фейсбукте отырсам, компьютердің «аяқ алысы» шабандап, ұзаққа дейін «көсіле» алмай, кәдімгідей қарысып қалатын кезі болады. Жақсы-жаман, алғыс-қарғыс, ұрыс-керістің өлшемге сыймайтын алаңы ғой, қайтесіз. Жанқұтты би «Мықты болсаң жердей бол, жер жаһанды көтерер» деп дұрыс айтыпты. Рас, фейсбук виртуалды әлем болса да, жердей мықты емес екен. Көтеретін салмағы шамадан тыс артып кеткен де болу керек деп ойлайсың кейде. Артық салмақ түсіреді. Жүрекке салмақ түсірсе, ауруларың қозады. Енді не істемек керек? Біржола қоштасып кетейін десем, фейсбук нағыз досыма айналды. Қалай ғана досыңды қиярсың? Бұл қимас досың нағыз ұры. Не ұрлайды дейсің ғой. Досыңнан да қадірлі, қастерлі алтын уақытыңды ұрлайды. Қысқасы, мен екі оттың ортасындамын. Аурумын ба, саумын ба, қазір өзім де білмеймін. Көмектесіңіздерші, ау, ағайын!
Қыдырбек Қиысханұлы,
Қостанай.