Екі томдық «Ұлтнама» кітабында Сабыр Адай ұлт болмысының асқақ үнін, сырлы сазын жеткізген

Лирика мен эпикалық поэзияның қос тізгінін қолында мығым ұстайтын, исі қазаққа танымал таланттың, көрнекті ақын Сабыр Адайдың бұл екі томдық жинағы тұтас ұлт болмысының асқақ үні, сырлы сазы, әулиелі мекеннің әуезі. Мысалға «Ер Жалау», «Мырзалы хан», «Алаштың Әлімханы» атты поэмалары сүбелі еңбектің жемісі.

Иә, ҚР қайраткері, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген бір ауыз сөзі ұлтының ұранына айналған ақын Сабыр Адайдың ұзақ жылғы шығармашылық жұмыстарының белесі ретінде «Ұлтнама» атты таңдамалы жыр-жинағын көпшіліктің назарына ұсынды. «Ұлтнама» атты таңдамалы жыр-жинағының II томына лирикалық сипаттағы зерделі ой, зерлі сөз, тұнба жырлары топтастырылған.

«Уыз Ана» атты шығармасында халқымыздың ұлттық болмысын, оның ішінде Ана тілін тұлғалық кейіпте сөйлетіп, жаңаша үрдіспен, сахналық қойылым нұсқасында жеткізген.

Ақын заманның зауалын және алаш арыстарын терең тебіреніспен толғайды. Түйін сөздер – төрттағандар афоризмдік сипатымен тартымды.

Газетіміздің жанашыры, асқақ үнді өр ақын Сабыр Адайды бұл қос томды кемел кітабының жарыққа шығуымен құттықтай отырып, алдағы уақытта зор шығармашылық табыс тілейміз!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ