«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Биыл аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ Жамбыл ауылдық жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұршат Сейдулланың ұйымдастыруымен Жамбыл ауылдық клубында «Екі жұлдыз — 2025» байқауы өтті. Онда қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы насихатталып, өмірі мен шығармашылық жолдары таныстырылды.
Байқауға 4 ауылдан алты музыкалық дуэт қатысты. Байқау шарты бойынша қатысушылар өзін таныстырып, «Туған жер», «Тәуелсіздік», «Отан» жайындағы патриоттық әндерді шырқаса, екінші шартта еркін тақырыптағы немесе кинофильмнен саундтрек әндер орындады. Сайыста қатысушылардың киім үлгілері мен сахналық мәдениеті, жүріс-тұрысы, өзін еркін ұстай алуы мен таңдаған әндерінің мән-мағынасына және жұптардың дауыс ырғақтарының үйлесуіне үлкен мән берілді.
Нәтижесінде бас жүлде жамбылдық Нұршат Сейдулла мен Арай Бекмағанбетоваларға бұйырды. Ал I орын бірліктік Дильназ Үсенова мен Әлия Манарбекқызына, II орын А.Назарбеков ауылынан келген Нұрша Аманова мен Гүлнұр Есенжанға, III орынды көкжелектік Бану Сембай мен Жазира Әбілдаевалар иеленді. Байқауға қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қуаныш ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ, Мойынқұм ауданы