Екібастұз қаласындағы көп балалы аналарға пәтер сатып алу үшін 250 миллион теңге қаржы бөлінеді

Екібастұз қаласындағы жеке баспанасы жоқ көп балалы отбасыларға 30-40 пәтер сатып алынады. Бұл туралы кеншілер қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов хабарлады.

Аймақ басшысы екібастұздық көп балалы аналармен «Қайнар» орталығында кездесті. Аймақ басшысы жұртшылықты толғандырған көп балалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету мәселесін кешенді түрде шешу жолдары қарастырылғанын айтты.

— Біз өңірдегі қиын жағдайға ұшыраған әр отбасыны назарда ұстап отырмыз, — деді ол. – Жалпы алғанда, Павлодар облысы бойынша көп балалы отбасылардың мұқтаждықтарын шешу үшін 3,8 миллиард теңге бөлінген еді. Бұл қаржы балалардың бала бақшаларға баруы, тамақтануы, қоғамдық көліктерде тегін жүруі, жазғы демалыс лагерьлерінде сауықтырылуы және оларға мектепке қажетті бұйымдарды алып беру үшін жұмсалады. Ең негізгі мәселе – көп балалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету.

Қазіргі кезде екінші нарықтан пәтер сатып алу үшін 250 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға сатып алынатын 30-40 пәтер көп балалы отбасыларға жалға берілетін болады. Пәтерлер алдағы үш-төрт айдың ішінде сатып алынады. Сонымен қатар, келесі жылы Екібастұздағы жеке тұрғын үйлер салынатын шағын аудандардың бірінде көп балалы отбасылар үшін екі пәтерлі тұрғын үйлер салына бастайды. Ол үшін жергілікті билік құрылыс алаңына жылу коммуникацияларын тартуы тиіс. Сондай-ақ, Болат Бақауов өңір билігі «Самұрық-Қазына» қорымен кезінде Солнечный кентінде №2 ҚАЭС жұмыскерлері үшін салынып, қазір бос тұрған көп қабатты үйлерді облыстың коммуналдық меншігіне беру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқандығын айтты.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Екібастұз қаласында 233 көп балалы ана үй кезегінде тұр.

Әлихан Рахметоллаұлы