Екібастұз қаласының спортшысы ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті

 

Екібастұздық Дәурен Мұқышев самбодан ардагерлер арасындағы әлем біріншілігінде 100 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Кипр Республикасының Лимассол қаласында өткен жарысқа әлемнің 25 елінен бес жүзден аса спортшы қатысқан еді. 

Дәурен алғашқы беледсуін украиндық самбошы Иван Сенковпен өткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ақтық сайысқа шығу үшін ол жартылай финалда өзбек спортшысы Пирмат Джамоловтың жамбасын кілемге тигізді. Ақтық белдесуде біздің жерлесіміз тағы да бір украиндік самбошы Анатолий Волошиновты ұтты.

— Әрине, қарсыластарымның бәрі де жеңіске жеткісі келді, — дейді

Дәурен Мұқышев. — Мен Екібастұздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғадым. Өз-өзімді қайрап, жеңіске деген құлшынысымның арқасында еліміздің мерейін үстем еттім.

Мұқышев Дәурен қазақша күрестен Екібастұз қаласының құрама командасының мүшесі. Ол бірнеше мәрте облыстық спартакиадалар мен қалалық чемпионаттарда жеңісті орындардан көрінді. 2013 жылы Болгарияның Бургас қаласында ардагерлер арасында өткен самбодан әлем чемпионатында үшінші орынға және Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында өткен ардагерлер арасындағы дзюдодан әлем біріншілігінде қола медальге ие болды. Дәурен елімізде өткен ардагерлер арасындағы чемпионаттардың төрт дүркін жеңімпазы және джиу-джитсудан Азия чемионы атанған еді.

Әлихан Рахметоллаұлы