Екібастұзда өрт шыққан мектептен 700 оқушы шығарылды

Оқыс жағдайға мектеп ғимаратында электр есептегіштің жануы себеп болған. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаеваның айтуынша, үш қабатты мектепте балалар бір ауысымда оқиды. Бұл күні сабаққа 700 бала қатысқан.

— Бірінші сабақта сағат 8:40-та вахтер электр қалқанынан шыққан түтінді көріп, бұл туралы мектеп әкімшілігіне және төтенше жағдайлар басқармасына хабарлап, мектеп бойынша дабыл қоңырауын басты. Ашық жану болған жоқ. Жеті минут ішінде 700 бала, 60 педагог және мектептің барлық қызметкерлері эвакуацияланды, — деді Жазира Хамзабаева.

Сынып жетекшілері бастауыш мектептің оқушыларын жақын маңдағы Достық үйінің ғимаратына апарып, қалған балаларды үйлеріне жіберді, ата-аналардың чаттарында қалыптасқан жағдай мен балалардың таратылғандығы туралы хабарлады. Кейінірек педагогтар балалардың үйге жеткені туралы сұрап білген.

— Электр есептегішті  «Қалалық электр желіс» ауыстыруды, дәрігерлердің көмегіне ешкім мұқтаж емес, — деп толықтырды бөлім меңгерушісі. — Бүгін ғимарат түтін иісінен желдетіледі, ал ертең мектеп қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.

Өз тілшіміз.