Екібастұзда пәтер бағасы арзандады

 

Екібастұздың 9-шы шағынауданында бой көтерген тұрғын үйлердегі пәтердің әр шаршы метрі 135 мың теңгеден 100 мың теңгеге арзандады. Пәтер рәсімдеуге өтініш қабылдау 12 қыркүйектен бастап 7 қазанға дейін жүргізіледі. Әзірге 110 адам баспана алуға ниеттеніп отыр.

Десе де олардың барлығы пәтер кілтіне қол жеткізеді деуге болмас. Кімнің бағы жанады, оны компьютер анықтап береді. Салымшылар baspana.kz сайты арқылы өзіне ұнаған пәтерді таңдап, өтініш қалдыра алады. Баспана алу үшін ҚР азаматтығы немесе оралман статусы болуы шарт. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның есепшотында алғашқы жарна ретінде баспананың кепілді құнының 20 пайызы болуы қажет. Қала берді, соңғы алты айда зейнетақы қорына қаражат үздіксіз аударылуы тиіс. Тұрғын үйді үлестіру кезінде ескерілетін тағы бір фактор – балл көрсеткіші. Балл депозиттің ашылу мерзімі мен уақытылы толтырылуына байланысты есептелінеді.

Әлеуметтік желілерде тұрғындар жаңа үйлердің қабырғалары жарылып, әуре-сарсаңға салатынын алға тартуда. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Екібастұз қалалық №1 қызмет көрсету орталығының басшысы Арман Нұрғаламовтың айтуынша, үйді салған мердігер ұйым 2 жыл кепілдік береді. Бұған дейін салынған баспаналарда ондай мәселелер туындамапты. Сондықтан да, тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ.

9-шы шағын ауданда бой көтерген тұрғын үйлерде жалпы саны 30 бір бөлмелі, 90 екі бөлмелі және 60 үш бөлмелі пәтер бар. Әу баста «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы өкілдері 1 бөлмелі пәтердің бағасы 6 021 000 теңге (44,60 шаршы метр) екенін хабарлаған болатын. Баспана бағасы арзандатылғаннан кейін 1 бөлмелі пәтердің бағасы 4 460 000 теңгеге бағаланып отыр. Алғашқы жарна 892 мың теңгені құрайды.2 бөлмелі пәтер 5 420 000 (алғашқы жарна – 1 084 000 теңге) теңгеге, 3 бөлмелі пәтер 7 500 000 (алғашқы жарна – 1 500 000 теңге) теңгеге тең.

-Мәселеге түсіністікпен қарап, тұрғын үй құны арасындағы айырманы өтеу бойынша шығындарды өз мойнына алғаны үшін Екібастұз қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Енді тұрғындарға бастапқы жарнаны төлеуге жеңіл болады. Несие мөлшері де біршама азаяды. Салымшылар 1 бөлмелі пәтерден 1,5 миллион теңге, 3 бөлмелі пәтерден 2,6 миллион теңге үнемдей алады, — дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы Павлодар облыстық филиалы басшысының орынбасары Ботагөз Камарова.

Кезекте тұрғандарға да талап бірдей. Кезегің келсе, банк сұраған алғашқы жарнаны жинақтауың қажет. Қаражатты банкке бірден салуға болады. Қысқасы, үй аламын десең, банкті айналып өте алмайсың.Мамандар баспананы қайталама нарық арқылы сатып алудың айтарлықтай артықшылығы жоқ екенін айтуда. Бір бөлмелі жаңа пәтердің шаршы метрі 100 мың теңге болса, қайталама нарықта 98 мың теңгеге бағаланып отыр.

Жалпы, бүгінде 9 мыңға жуық екібастұздық «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да есепшот ашып, қаражат жинап отыр. Оның барлығы дерлік Екібастұз қаласынан үй аламын деп жоспарлағандар емес. Қомақты қаржы жинақталса, еліміздің кез келген қаласынан баспана алуға мүмкіндік бар.

 

Өз тілшімізден.