Екібастұзда технологиялық кремний өңдеу зауыты ашылады
Екібастұз қаласында технологиялық кремнийді өндіру зауытының ашылуы мамыр айына жоспарланып отыр. Бұл жөнінде «Ansa Silicon» ЖШС өкілдері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен кездесуде мәлімдеді.
Жалпы инвестиция мөлшері 20 миллиард долларды құрайтын жобаны аймақ басшысына өткен жылдың қаңтар айында таныстырған болатын. Бұдан кейін инвесторлар жер учаскелеріне байланысты бірталай мәселелерге тап болды, алайда бүгінгі күні ол мәселелердің барлығы шешімін тапты.
– Алғашында сіздерге 70 гектар жер берілді, қазір оған тағы 54 гектар қосылды. Бұдан бөлек 40 гектар жер тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ұйымдастыру үшін бөлінді. Зауыттың тұрақты түрдегі және уақытша электрмен жабдықтауды ГРЭС-1 қамтамасыз ететін болады. Бүгінгі күні сыртқы электр жабдықтау жобасының әзірленуі аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді, – деді «Ansa Silicon» ЖШС директоры Серғазы Беркінбаев.
Бастапқы кезеңде 4 пеш, екінші кезеңде – 10, одан кейінгісінде 16 пешті пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұдан кейін өндіріс бар күшімен жұмыс істей алатын болады. «Ansa Silicon» ЖШС өкілдері айтып өткендей, құрылыс учаскесіндегі дайындық жұмыстары мамыр айында басталмақ. Павлодар облысының әкімі, өз кезегінде, инвесторларға одан әрі қолдау көрсетуді жалғастыратыны туралы уәде берді және оларды тезірек жобаны жүзеге асыруды бастап, берілген жер учаскесін игеруге шақырды.
Технологиялық кремнийді өндіру жобасы Кәсіпкерлікті қолдау картасына 2016 жылы енгізілген болатын. 135 мың тонна күші бар өндірістің салынуы 51 қазақстандық-қытайлық жобалардың қатарына кіреді.
Өз тілшіміз