Екібастұзда темір жол кластері кәсіпорындарына арналған электр станциясы іске қосылды


Бірнеше зауытты электр қуатымен қамти алатын жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Екібастұзға жасаған жұмыс сапарында жаңа электр станциясында болып қайтты.

Өңір басшысына баяндалғандай қосалқы станция бірден екі Екібастұз МАЭС-1 және Ақсу МАЭС электр станцияларына қосылған. Станцияның өзін салу үшін банктен алынған қарыз жұмсалған болса, электр тасымалдау жүйесін қосу үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаржысы бөлінген.

Екібастұздағы темір жол кластері кәсіпорындарын электрэнергиясымен қамтамасыз етуге қазіргі қосалқы станциялардың күші жетпегендіктен жаңасын салуға шешім шығарылды, — деді жоба жетекшісі Исмаил Мамаев. – Оның күші 40 Мегаваттан тұратын 2 трансформаторды құрайды. Бұл барлық тапсырыс берушілерді қанағаттандыруға жеткілікті. Бүгінгі таңда жаңа станция сынақ жүйесімен жұмыс жасауда. Алдағы уақыттарда зауыттарды қосатын боламыз.

Қазіргі кезде басты мақсат ең ірі тұтынушы – темір жол доңғалақтарын шығаратын кәсіпорынды станцияға қосу. Қыркүйекте энергетиктер зауыт қажетті жұмысына кірісу үшін бұнда күш салуы керек.

Әлихан Рахметоллаұлы