Екібастұзда жас өрт сөндірушілердің байқауы өтті

Екібастұзда Құтқарушылар күніне орай бала бақша тәрбиеленушілерінің арасында «Балалар және өрт қауіпсіздігі» атты қалалық байқау ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті.

— Байқау Екібастұз қаласының ТЖ басқармасы, Екібастұз қаласы әкімдігінің білім бөлімі және «Екібастұздың балалар қорының» қолдауымен өткізілді, — деді баспасөз қызметінде. – Аталмыш байқауға Екібастұз қаласының балабақшаларындағы бүлдіршіндер қатысты. Төрт балабақшаның әрқайсысынан алты команда сынға түсіп, барлығы 24 команда бақ сынады.

Екі кезеңнен тұратын сайыс екі күнге жалғасты. Жарыстың бірінші кезеңі – «Өрт қауіпсіздігі балалардың көзқарасымен» шығармашылық жұмыс сайысы. Комиссия ең жақсы деген қолдан жасалған бұйымдар, суреттер, модельдер іріктелді. Екінші кезең – «Жас өрт сөндірушілердің» спорттық жарысы. Әр команда өзін таныстырды. Команданың таныстырылымында өрт қауісіздігінің негізі, алғашқы дәрігерлік көмек, шұғыл жағдайларда дұрыс іс-қимыл қабылдау орындалды.

Бірінші күні өткен сайыстың нәтижесі бойынша төрт команда жеңімпаз атанып, екінші күні жүлделі орындарды өзара сарапқа салды.

Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды №16 балабақшаның «Балдәурен» командасы қанжығасына байлады. 2-орынға №6 балабақшаның «Золотая рыбка» командасы ие болды. 3-орын №10 балабақшаның «Сказка» командасы мен №25 балабақшаның «Ақ бота» командаларына бұйырды.

Барлық қатысушыларға тәттілер, сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы