Екібастұздықтар қала күнін атап өтті

Екібастұздықтар сүйікті қалаларының 61 жылдығын атап өтті. Кеншілердің Қала күнін тойлауының ресми бөлімі жергілікті «Өнер» ҚМО-да өтті. Қала тұрғындарын сахна төрінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтады.

Foto Valeriy BUGAYEV

Екібастұз – көміршілердің арқасында пайда болған қала, – деді Болат Бақауов. Бүгінгі күні бұл қала Павлодар облысының отын-энергетикалық кешені, ірі өнеркәсіптік орталығы болып табылады. Бірнеше жыл қатарынан қаланың қала құраушы кәсіпорындары аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді. Екібастұз қарқынды даму үстінде. Қалада индустриялық–инновациялық жобалар жүзеге асырылып, қаланың инфрақұрылымы сапалы деңгейде түзіліп келеді. Халыққа әлеуметтік көмек көрсету мен қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Жылдан-жылға қала көркейіп, өмір сүру қолайлы болуда. Оның айтулы тарихы динамикалық болашақпен керемет үйлеседі.

Облыс басшысы кеншілер қаласын көріктендіру бойынша жоспарларымен бөлісті. Осы жылы барлық аулалар жөнделіп, футбол және спорт алаңдары құрылады. Сонымен қатар Болат Бақауов жалпы ауданы 29 гектарды құрайтын бақтың ең әдемі болатыны жөнінде уәде берді.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Қала күні облыс әкімі оның біртуар тұлғаларын атап өтті. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен өмір бойы «Богатырь» көмір разрезі экскаваторында жұмыс істеген еңбек ардагері Манат Сыздықов марапатталды. Оның жалпы жұмыс өтілі 45 жылды құрайды. – Мен Павлодардан Екібастұзға 1955 жылы 18 жаста болғанда көшіп келдім. Келе сала №1 көмір разрезінде жұмыс істей бастадым,- деп әңгімеледі Манат Сыздықов. – Экскаваторға қарап, сонда жұмыс істеуді армандайтынмын. Менің арманым орындалды. Алғашында мені экскаватор машинисінің көмекшісі қызметіне алды, біраз уақыт өткен соң, 1963 жылы өзім машинист болдым. Алты жылдан соң Манат Сыздықовты 1970 жылы іске қосылған алғашқы роторлы экскаваторды құрастырумен айналысқан бригаданың құрамында жұмыс істеуге шақырды. Бұл экскаваторда бүгінгі еңбек ардагері 20 жыл жұмыс істеді. – Ол кездегі Екібастұз бен қазіргі Екібастұздың айырмашылығы жер мен көктей. Ол кездері бұл шағын ғана ауыл болатын, қазір кішігірім Екібастұзымыз ең көрікті қалалардың біріне айналды. Қаланың ішінде де, сыртында да жолдар салынып жатыр, – деді Манат Сыздықов.

Шағын ресми марапаттаудан кейін қала тұрғындары үшін үлкен концерт өтті. Екібастұздың салыну мен даму тарихын әртістер билер мен әндер арқылы жеткізді. Кеншелір қаласына арнап 4 ән шырқалды. Сонымен қатар екібастұздықтарды шетелден келген қонақтар, танымал ресейлік «Земляне» ән тобы өзінің «Трава у дома» хитімен және 1970 жылы танымал болған француздық GibsonBrothers тобы құттықтады.

Тiлеубердi Сахаба