Екібастұзға елордадан тағы 35 отбасы қоныс аударды
Nurly Ertis бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері өңірге 137 отбасы қоныс аударды. Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қоныс аударушылардың жағдайын көрді.
— Бүгін біз елордадан көшіп келген 35 отбасыны қарсы алдық. Бұл Nurly Ertis бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға қоныс аударушылардың жетінші легі. Бұрын келген барлық отбасылардың балаларын мектепке және балабақшаларға ресімдеуге көмек көрсетілді. Жұмыс қажет болған адамдарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алдыңғы келген 103 отбасының ішінде 57-і адам жұмысқа орналасты, – деді облыс әкімі.
Ол қоныс аударушылардың бір бөлігі Екібастұз МАЭС-2, Green Ноuѕе-Каzтомат ЖШС, “Қарағанды Би-Энерджи”, Екібастұз мотор-вагон депосында, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында еңбек етіп жатқанын атап өтті. Қалған 188 адамның 51-і бала күтіміне байланысты демалыста, ал қырық қоныс аударушыларға жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді. Қалған қырық адам бойынша жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Қоныс аударушылардың бірі — Рүстем Оразбаев «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-ің жылыжайында көкөніс өсіруші болып жұмыс істейді.
– Мен осында келгеннен кейін бірден жұмыс таптым, – дейді бес баланың әкесі. – Мұнда маған бәрі ұнайды, жалақы лайықты. Менің барлық балаларым қазірдің өзінде балабақша мен мектепке орналастырылған. Екібастұзда бізді жылы қарсы алғаны қуантады.
Қоныс аударушылардың барлық отбасылары тіркеуден өтіп, Екібастұзда мекен-жай тіркеуін алды. Сонымен қатар, олардың барлығы атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылады. Жыл соңына дейін қоныс аударушылар санын 200 отбасыға жеткізу жоспарланып отыр.
Әлихан Рахметоллаұлы