Экологиялық мәдениет қалыптастыру басты назарда тұр
20 қыркүйек күні Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен гибридті форматта «Экологиялық мәдениет және халықаралық міндеттемелер: Қазақстандағы сын-қатерлер мен даму жолдары» тақырыбында жыл сайынғы дөңгелек үстел өтті. Жиналысқа ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов, өңірлік Орхус орталықтарының өкілдері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, оқу орындары және тәуелсіз сарапшылар қатысты. Министрліктің ресми сайтында дөңгелек үстелде талқыға түскен тақырыптар туралы қысқаша мәліметтерді келтіре кетіпті.
Қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық білім беру, қалдықтарды басқаруға жұртшылықтың қатысуы және тұрақты дамуға қол жеткізу мәселелерін талқылады. Мектептерден бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейдегі экологиялық білім беру әдістеріне назар аударылды. ЖОО өкілдері экологиялық қағидаттарды білім беру бағдарламаларына интеграциялау жобаларымен бөлісті, ал ҮЕҰ білім беру іс-шараларының тәжірибесін ұсынды.
Сондай-ақ, қалдықтарды басқаруға азаматтық қоғамның қатысуы қарастырылды. ҮЕҰ қалдықтарды қайта өңдеу саласында мемлекеттік мекемелер және бизнеспен ынтымақтастық жөніндегі бастамаларды ұсынды, бұл ластануды азайтуға ықпал етеді. Қазақстанның Орхус конвенциясы бойынша халықаралық міндеттемелері және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тәжірибесі талқыланды.
Іс-шара экологиялық білім беру және қалдықтарды басқару саласындағы сарапшылармен мемлекеттік мекемелердің, халықаралық ұйымдардың және жұртшылықтың өзара іс-қимыл алаңына айналды. Талқылау нәтижелері бойынша экологиялық білім беру мен мәдениетті енгізу, қалдықтарды басқару және мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы күш-жігерді халықаралық тәжірибе негізінде біріктіру бойынша ұсыныстар берілді.
Дайындаған: Ерқазы Сейтқали