Экологиялық педагогиканың негізін қалаушы
Халықтың жақсы сөзі бар: «Таулар алыстаған сайын, олардың асқар шыңы айбынды көрінеді. Тау тұлғаға айналған адамдар өмірден озып, бақилық өмірге кеткен кезде де, олардың бейнесі жүректе өшпейді, көз алдыңнан кетпейді. Сондай адамдардың бірі – елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Акмеология және Қазақ Халық экология Академиясының академигі Нұрғали Сарыбеков. 21 сәуір күні ғалым-ұстаздың өмірден озғанына 25 жыл болады. Уақыт өткен сайын әкемнің артында қалдырған рухани мұрасына ерекше баға беріліп, жаңа көзқарас қалыптасуда.
Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін қалаушы
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтап қалу – бұл қазір әлемдік проблемаға айналды. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Экологиялық кодекс қабылданған болатын. Осы құжатқа сәйкес Аралдың солтүстік бөлігін, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаштың су қорын молайту жұмыстары күшейеді. Алдағы уақытта ірі энергетикалық компаниялардың қоршаған ортаны жауапсыз ластауына тосқауыл қойылатын болады.
«Экологиялық мәселелерді болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыруға болмайды!» – деп профессор Нұрғали Сарыбеков өткен ғасырдың 60 жылдардың басында алғаш рет ашық көтерген болатын.
Экологиялық ғылымның негізін 1866 жылы неміс жаратылыстанушы – ғалым Эрнст Геккель қалады. «Экология – бұл адамның қоршаған ортамен қарым-қатынастарын зерттейтін ғылым» деген анықтама беріп, экологияның 3 негізгі заңын ашты.
Бірінші заң: «Природа знает лучше». Табиғат өзінің даму заңдылықтарына адамнан жақсы біледі. Ал адам соларды зерттеп, табиғатпен қарым- қатынастарында сақтай білу керек.
Екінші заң: «Все связано со всем». Табиғатта барлығы бір-бірімен байланысты. Өлі табиғат тірі табиғатпен байланысты. Табиғаттың бір бөлігінде адам жасаған өзгеріс, басқа жерден «бумеранг» ретінде пайда болады.
Үшінші заң: «Все должно куда-то деваться». Адамның табиғатқа тастаған өндірістік немесе тұрмыстық қалдықтары ізсіз қалмайды, көп жылдардан кейін өзінің қауіпті әсерін береді.
Мінеки, қарап отырсақ, 157 жыл бұрын айтылған экология ғылымының заңдары өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қайта өркениетті әлем елдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көшті. Қоршаған ортаны сақтау үшін әлемдік экологиялық жоғары ст андартт арды экономиканың барлық салаларына енгізу қажеттілігі туды.
Экология – кешенді, бірнеше бағыттары бар ғылым: өнеркәсіптік, экономикалық, құқықтық, санитарлық-гигиеналық, әлеуметтік және т.б. аспектілері дамып келеді. Солардың ішінде экологиялық білім мен тәрбие беру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері, яғни, «экологиялық педагогика» ерекше орын алады.
Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін қалаушы ретінде Нұрғали Сарыбеков саналады. Яғни, экологияның, табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың педагогикалық негіздерін қалаған ғалым.
Әрине, ол бір күнде жасалынған жоқ. 1968- 1998 жылдары әкем Жамбыл педагогикалық институтында қызмет етіп, «Экология және табиғатты қорғау» ғылыми орталығын құрып, оны 30 жыл басқарды. Орталықтың ұйымдастыруымен институтта 10-нан астам республикалық, бүкілодақтық, халықаралық ғылыми форумдар өтті. Осы жұмыстар арқылы ғылыми қауымдастық Жамбыл педагогикалық институтын білетін болды.
Орталықта дәріс алып, көптеген институт оқытушылары кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғады. Еліміздің ғалымдары академик Нұрғали Сарыбековтің ғылыми мектебін мойындап, оған жоғары баға берді.
Орталықтың оқушыларға және студенттерге экологиялық білім мен тәрбие беру тәжірибесі Білім министрлігінде қаралып, оны барлық мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында пайдалану туралы ұсыныстар берілді.
Жалпы, экологиялық педагогика мәселелері бойынша Нұрғали Сарыбеков 360-тан астам ғылыми еңбектер жазып, жарыққа шығарды. Яғни, жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз.
«Айналайын» – әкемнің екінші есімі
2014 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың «Айналайын» деп аталатын кітабы жарық көрді (Насыролла С. «Айналайын». Ғалым – ұстаз, табиғат жанашыры Н.Сарыбеков туралы ой- толғау. – Тараз, «Сенім», 2014.-144 б).
Әкем «Айналайын» деп үлкенді де, кішіні де айналып жүрген адам еді. «Айналайын» деп бастайтын сөзі оның өмірді сүйген, адамдарды қадірлеген дархан жүрегінің сыртқа тепсініп шыққан толқынысы тәрізді. Табиғаттың бір бөлшегі болып дүниеге келіп, ғұмыр бойы табиғатты сүйіп, оны қорғауды бүкіл мәнді тіршілігінің өзегіне айналдырған адамның «Айналайын» деген лебізі оның замандастарының есінде мәңгі сақталды.
Мысалы, әкемнің бірінші шәкірті, аспиранты, ұстаз жолын қуушы ғалым Өміртай Танабайұлы былай деп жазады: «Табиғат соншалықты үйле стіріп мөлдірете құя салған сұлу, сымбатты, сөйлескен адамның жан дүниесіне ерекше бір жылылық құйып тұратын кіршіксіз адал қатынасы кез келген шәкіртті ерекше табындырып алатын. Ол құдірет ұстаз жиі қайталап айтатын «Айналайын» деген сөздің өн бойында жата ма, әлде басқа сыр бар ма, ол жағы бізге жұмбақ еді. Осы бір «Айналайын» деген сөзден ағайдың сүйкімді үні ғана емес, бүкіл адамгершілік бітімі, ұстаздың болмысы танылып тұратын. Осы қасиетті сөзді айтқан сәтте мейірімге толы мөлдіреген қос жанарынан жанға жайлы шуақ шашылып, балғын шәкірт жүрегін билеп алып, еріксіз өзіне баурап алатын. Оның досы әрі сырласына, рухани жетекшісіне, ақырында шәкірт жүрегіне берік орнаған нұрлы бейнеге айналып кете баратын».
Әкем ұл-қыздарын «Жақсылық жаса – жақсылықпен қайтады» деген ұстаныммен тәрбиеледі. Сол себептен де болар – «Айналайын» деген мейірімге толы сөздің әкемнің екінші есіміне айналуы.
Академиктің өмірлік ұстанымдары
Әкемнің қалдырған рухани мұрасында қағазға түсірген ой-толғамдары ерекше орын алады. Осы өмір толғамдарын оқысақ, ҰСТАЗДЫҢ ішкі әлемі, жан сыры, бар болмыс- бітімі, дүниетанымы мен алдына қойған мақсат- мұрасы ашылады.
«Жаным арымның садағасы» демекші, әкем ар мен намысты өмір бойы ту еткен тұлға. Осыған байланысты мынандай ой- толғанымдары бар:
«Менің өмір сүру принципім:
Алдымда – арым, артымда (соңымда) – намысым,
Бойымда (болмысымда) – ата-анамның әруағы жүреді,
Осы үш асылға сүйеніп, Жаратқанға жалбарынып,
Еңбек етіп табысқа жетемін.
Бұл принцип мені өмір бойы алға жетектеп келеді.
Осы принцип – менің туым!».
Әкем өзінің өмір сүру принциптерін тек айтып қана қоймай, тіршілікте оны жүзеге асыра білгенін бүкіл ұстаздық, ғалымдық қызметімен жақсы дәлелдеді. Ешкімнің алдында жалтақтаған жоқ, көпе-көрнеу біреуге жағымпазданбады, тек өзінің адал еңбегіне, өмір бойғы ізденісіне сенді. Сондықтан да ол кейде етектен тартып, аяқтан шалғысы келгендердің алдында батыл да, өткір сөйледі.
«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам…» демекші, әкемнің өмірінде қиын кезеңдер де болды. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!». Сол сияқты әкемнің сағын сындырамын дегендерде болды. Өмірдің осындай қиын сәттерінен ол үлкен абыроймен өте білді. Осы жылдары әкемнің адалдық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұстанымдары айқын көрінді.
Өзінің ой-толғамдарының қорытындысы ретінде профессор Нұрғали Сарыбеков «өмір формуласын» былай таратады:
«Өмір формуласы: Адам болу + маман болу + аман болу = өмір».
Бір қарағанда қарапайым ұғымдар сияқты, айтыла салған кезекті ой тәрізді. Ал шындығында, мұндағы әрбір сөздің астарында терең мән бар деп білеміз. Бұл долбармен көлденеңдете тартқан ет пен терінің арасындағы желікпе сөз емес екенін ойлана қарап зер салсақ, байқаймыз.
Әкемнің өмірлік ой-толғанымдарын тұжырымдай келе, ақын, прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет «Өмір формуласы» деп аталатын поэмасын жазды. Бұл поэма 2016 жылы жарық көрген менің «Әке жолымен» деген кітабымда жарияланды (Әке жолымен. – Тараз: Тараз университеті, 2016.-332 б). Поэмада негізінен кез келген азаматтың адам, маман, аман болу тұжырымдамасы әдемі түйінделген. Жекелеген адамдарға, белгілі топ өкілдеріне арналған емес, көпшілікке бағытталған, тіршіліктің басты мәні еңбекті әспеттеген, адамдық құндылықтарды ардақтаған, деннің саулығын, елдің амандығын жақтаған өмір формуласына айналған.
Бұл формуланың нәтижесі: адамның толық бақытты болуы үшін үш түрлі шарттың орындалуы қажет. Адам болу, маман болу, аман болу. Бұл, ғалым-ұстаздың пікірінше, шынайы, мәнді өмірдің басты белгілері. Қалғанның бәрі осының туындысы.
«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам,
Мейлі қиын болсын жолым бұралаң.
Асылдарым сендерді алып тірекке,
Аттарыңды ұрпақтарға қалдырам, –
дейді ғалым-ұстаз.
Бүкіл саналы ғұмырын табиғатты қорғауға арнаған әкемнің өмір жолы, ғылыми еңбектері, азаматтық ұстанымы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Халықтың келешегіне бағытталған жақсы істер, игі ойлар ешуақытта көнермейді. Уақыт өткен сайын қажеттілігі артады. Ғалым- ұстаздың қалдырған рухани мұрасының барынша маңыздылығы, өміршеңдігі, әсіресе, қазіргі уақытта айқын сезілуде. Сол себепті де табиғат жанашыры, педагогика ғылымындағы жаңа бағыттың негізін қалаушы, жүздеген шәкірттер мен ғалымдар тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Нұрғали Сарыбековтің есімі халқымен бірге жасай бермек.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор.