ЕКПЕ ЕГУ ЖОСПАРЛЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Алғаш рет биылғы жылдың 4 наурызы күні Мойынкұм аудандық орталық ауруханасында ковидке қарсы ресейлік «Гам –Ковид Вак» немесе «Спутник-V» вакцинасын егу басталды. Ең алғашқылардың бірі болып аудан әкімі М.Мұсаев, аудан әкімінің орынбасары А.Нәметқұлов, аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Үсенбаев, емдеу ісі бойынша бас дәрігердің орынбасары Т.Рыстанбаева, оташы бөлімінің меңгерушісі М.Мұқашев, СЭББ басшысы-А.Елеуова, ауыл әкімдері, аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жазықбаев, мектеп директорлары, реаниматологтар, инфекционистер, эпидемиологтар, иммунологтар, қабылдау бөлімі және жедел жәрдем қызметкерлері, дәрігерлер мен орта және кіші медицина қызметкерлері салдырды. Одан соң педагогтар мен мемлекеттік қызметкерлер және студенттер салдыруда. Қазіргі таңда ауданға 3400 доза ресейлік «Гам –Ковид Вак» немесе «Спутник-V» вакцинасы және 55 доза Qaz-Covid-in келіп, 1 тур толық қамтылды. 2 тур -775 адамға салынды. Жылжымалы егу бригадасы Ұланбел, Қарабөгет, Сарыөзек, Құмөзек, Қылышбай, Көкжелек, А. Назарбеков, Бірлік, Шығанақ, Айдарлы, Ақбақай, Мыңарал, Ақсүйек, Хантау, Мирный, Қияқты елді мекендерді аралап екпе жүргізілді. Бүгінде екі жылжымалы егу бригадасы құрылып, әр бригада құрамында 1 дәрігер,1 егу медбикесі,1 тіркеуші бар. Сенбі, жексенбі күндері де егу бөлімі жұмыс жасады. Осы уақытқа дейін егуден кейін жағымсыз әсерлер тіркелмеді. Еске салатын жайт, егу тегін және ерікті түрде кез-келген адам салдырта алады. Ол үшін өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңізді алып келсеңіз болғаны. Вакцина 2 компоненттен тұрады, 1 тур мен 2 тур арасы 45 күн. Вакцинациялаудан кейін организмдегі бірінші иммундық жауап бірінші дозаны салғаннан кейін 12-14 күннен бастап қалыптасады, бірақ тұрақты иммунитет 32-45 күннен кейін, ең көп дегенде 56 күннен кейін қалыптасады. Сондықтан осы инкубациялық кезеңде барлық сақтық шараларын сақтаған жөн, яғни бетперде тағып, арақашықтықтықты сақтау керек.

М.Санақова
Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының иммунолог дәрігері.