ЭКСПО-ға қолөнер шеберлерінің қолы жете ме?
Ел мерейін үстем етеді деп ерекше үмітпен күтіп жүрген «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінің ашылуына 295 күн қалыпты. Ойланам дегенше он жыл өте шығатын уақыты зымыран заманда он ай дегенің он күндей-ақ. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, уақыт таяған сайын көрменің өтуіне атсалысатын азаматтардың таза ауаға шығып демалуға да бос уақыты болмай жатыр. Әйтеуір, әркім қолынан келгенінше «ЭКСПО»-ға титтей де болсын жәрдемімді тигізсем деп зыр жүгіріп жүр.
Күні кеше Астанада «ЭКСПО—2017»: қолөнерді дамыту мен кәдесый бұйымдар өндірісінің әлеуеті» атты дөңгелек үстел өтті. Негізгі мақсаты он саусағынан өнер тамған жандардың көрмеге қатысуына қандай жағдайлар жасалып отырғанын айқындап алу болса, екіншіден, осы «ЭКСПО»-ны өткізуде әйелдердің үлесі қандай деңгейде деген сұраққа жауап іздеді. Астана қаласының ішкі саясат басқармасының қаржылай қолдауы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы, «EXPO&WOMEN» Халықаралық ұйымының ресми демеуімен «Қазақстан әйелдері Қауымдастығы» ҚҰ ұйымдастырған бұл шараның басы пікірталаспен басталып, соңы семинар тренингке ұласып, біраз мәселенің басы ашылды. Жиынның әлқиссасын «EXPO&WOMEN» Халықаралық ұйымының төралқа төрайымы Рақымбекова Салтанат бастап берсе, ҚР Парламент мәжілісінің IV, V шақырылымдарының депутаты Айгүл Соловьева, ҚР БҰҰ Даму бағдарламасының тиімді басқару және аймақтық даму департаментінің жобалар үйлестірушісі Малика Қоянбаева, «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ коммерциялау департаменті директорының орынбасары Илья Уразаков және «Қазақстан әйелдері Қауымдастығы» ҚҰ Президенті Гүлнар Баимбетовалар «ЭКСПО»-да әлемді таңқалдыруы тиіс «Этноауыл» туралы өз ойларымен бөлісті.
Естеріңізде болса, Астана күні мерекесі қарсаңында Елордада қазақтың қаймағы бұзылмаған байырғы мәдениеті мен салт-дәстүрін паш еткен аталмыш «Этноауыл» қалашығы қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлаған еді. Жиынның екінші бөлімінде белгілі этнодизайнер, «Алтын Орда» авторлық дизайнының директоры, «Алтын Сапа» жүлдесінің иегері Ырза Тұрсынзада семинар тренинг өткізіп, өзінің тәжірибесімен, ұсыныстарымен де бөліскен болатын. Ал үзіліс кезінде Ырза ханымға бір-екі сұрақ қоюға бізде мүмкіндік алған болатынбыз.
— Ырза Тұрсынқызы, сіздің ойыңызша, «ЭКСПО — 2017» көрмесі қолөнер шеберлеріне қандай мүмкіндік сыйлайды?
— Біріншіден, айтулы «ЭКСПО — 2017» көрмесі — Қазақстанның имиджін бүкіл әлемге таныстыратын интерактивтік бірегей жоба. Ендеше, бұл көрме қолөнер шеберлері үшін де тамаша мүмкіндік. Өйткені қазақ деген ұлттың этномәдениетін, салт-дәстүрін сөзбен емес, іспен, іспен дегенде де музейден емес, қолыңа ұстатып беретін де сол алтын қол абзал жандар. Екіншіден, осы зор мүмкіндікті шеберлеріміздің пайдалануына жол ашуға тиіспіз. Өзің естігендей, көрмеде орындардың өзін жалға береді деп жатыр. Мен бұған қарсымын, бұл орынсыз деп есептеймін. Сондай-ақ, сырмақ болсын, ою-өрнегі бар киіз болсын немесе кішкене ғана кәдесый болсын, оны жасаушылар кемде-кем. Ұланғайыр даламызда алақандай ғана қолөнер иелері бар десем, артық айтпаспын. Себебі мұндай өнер екінің бірінің маңдайына бұйырмаған. Міне, сондықтан олардың өз өнімдерін «ЭКСПО»-ға еркін шығаруына атсалысқанымыз жөн деп санаймын.
— Сөзіңізді бөлейін. Шетелге жиі шығып жүрсіз, әсіресе Еуропа мемлекеттерінде қолөнер бұйымдары, кәдесыйларға деген көзқарас қалай екен?
— Шетелде түсінік мүлдем басқа. Бізде қолөнер шеберлерінің қалтасын қаққысы келсе, оларда керісінше, өнер иелерін ел болып, жұрт болып қолдайды екен. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінің королі жыл сайын Дубай қаласында «Global Village» Халықаралық өнер фестивалін өткізіп тұрады. Оған алдын ала әлемнің барлық елінен ең мықты деген қолөнер шеберлері шақырылып, туындыларын көрмеге қояды. Бүкіл шығынды ұйымдастырушы мемлекеттің өзі көтереді. АҚШ-тың Нью-Мексика штатында өтетін «Санта Фе» фестивалі де дәл сондай. Яғни олар адамның қиялынан туып, ақылымен зерделеніп, қолынан шыққан дүниені жоғары бағалайды. Тарихқа көз салсақ, аты аспан мен жердің ортасын дүрліктірген Ескендір Зұлқарнайын да, Шыңғыс хан да қаншама ел-жұртты басып алса да, ғылыммен айналысатындарды және қолөнер шеберлерінің көзін жоймаған. Осыдан-ақ сабақ алып, бейбіт заманда өз жерімізде өтетін көрмеде өзіміздің отандық өнім, оның ішінде ұлттық нақыштағы бұйымдарымыз көрменің сәнін келтіріп тұрса, ғанибет емес пе?!
— Осы біз аса қатты заманауиланып бара жатқан жоқпыз ба? Өткенімізді жаңғыртудан неге соншалық қашамыз?
— Өте орынды сұрақ. Бір ғана мысал айтайын, Италияда көрме өткізгенімізде Еуропа халқы қазақтың ұлттық этномәдениетін көргенде ауыздарын ашып қалды. Саған өтірік, маған шын, біз шетелді жаңатехнологиялармен еш таңқалдыра алмаймыз. Сондықтан алдағы «ЭКСПО»-да салт-санамыз көрініс тапқан дүниелердің көп болуына жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Ал дүниежүзінде сән индустриясынан, интерьерден, басқа да өнер салаларынан алдына жан салмайтын итальяндардың сол кезде таң-тамаша болуы менің мықтылығымнан емес. Бұл өнер — ата-бабаларымыздан, әжелерімізден, аналарымыздан қалған мирас.
— Бүгінгі жиында талқыға түскен «жасыл экономика» жөнінде не айтасыз? Сондай-ақ, «ЭКСПО — 2017»-ні өткізуде әйелдердің үлесі қандай деп ойлайсыз?
— Мен өзім ылғи айтамын, ананың ақ сүтімен берілетін, бүгіннен ертеңге берілетін ұлттық сана, дәстүрден, тәрбиеден артық экология, жасыл индустрия жоқ. «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» демекші, біз тектілігіміздің өзін әйел затының дұрыс болуымен ғана жүзеге асыра аламыз. Ал сондай ештеңеге айырбастамайтын байлығы бар аруларымыз жоқ па? Бар, тіпті, өте көп. Солардың ішінде аналарымыздан дарыған ісмерлікпен ерекшеленген азаматшаларымыз да жетерлік. Бірақ, бір өкініштісі, қазақ даласындағы қай қолөнер шеберінің өмірін ақтарып қарасаңыз да, тұрмыс жағдайының төмен екеніне, көп балалы аналардың көптігіне көз жеткізесің. Бұл — үлкен трагедия. Өйткені бабалардың ізін жалғастырып отырған алтын қолды бауырларымыз, мейлі олардың басында баспана, қалтасында көк тиыны болмай-ақ қойсын, шын мәніндегі ұлтымыздың түп тамырын жалғап отырған жандар солар. Ал «тамырынан айырылған ағашты өртеу оп-оңай» екенін естен шығарып алмай, уақыт барда осы бейбіт заманда солардың жағдайын жасаудың еш сөкеттігі жоқ деп есептеймін.
— Әңгімеңізге рақмет! Ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегіңізге Алла береке берсін!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы