ЭКСПО-ны көр де, қазақты таны!
ЭКСПО-ны көр де, қазақты таны!
Әлемде шикізатқа зәру елдердің көбісінің бюджетін туризм саласы құрайды. Туризмге жұмсалған қаржының еселеп қайтатыны және шындық. Осы тұрғыда мемлекетіміздің туризм индустриясының бүгінгі беталысы мен әлем көз тіккен EXPO-2017-ге дайындық барысын білмек ниетте «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ Туризм индустриясы орталығының бас сарапшысы Жәнібекова Дина Жәнібекқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
Дина Жәнібекқызы
Елордамыздың туристік ресурстарына, ту-ризмнің түрлері мен даму факторларына және жалпы бүкіл Қазақстанның экономикасына туризмнің ықпалы жайлы айтсаңыз.
— Ағымдағы дүниежүзі экономикасының даму аясында туризм — алдыңғы қатарлы және қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. ЮНВТО деректеріне сәйкес туризм дүниежүзілік тауарлар мен қызметтер экспорты бойынша төртінші орында.
Қазақстан бай туристік-рекреациондық әлеуетке ие бола тұра, туризм деңгейінің жетерлік деңгейде дамымағанын байқаймыз. Туризм саласының ЖІӨ-ң үлесі 0,3% құрайды, ал Астана қаласы үшін туризм әлі де болса экономиканың маңызды саласына айналған жоқ. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес қаланың экономика құрылымында туризм саласынан түсетін табыс тек 1% құрайды. Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туристік саланы құру бюджетке салық түсімі, халықаралық валюта түсімі, жұмыс орындарының өсуі арқылы Қазақстанның экономикасын дамытуда айтарлықтай үлесін қосады. Сонымен қатар, мәдени және табиғи мұраларды сақтау мен ұтымды қолдануды қамтамасыз етеді. Халықаралық туристік келулер және одан түсетін табыстар Қазақстандағы туризм индустриясын дамыту үшін жалпы жағымды нарықтық негізін қалыптастырады.
Экономиканы әртараптандыру және Қазақстан халқының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының деңгейін арттыру сияқты ұлттық мақсаттарын іске асыру үшін, Қазақстан Республикасының туризм индустриясы туризмнің кәсіби мамандары шұғылданатын, туризмнің ішкі және халықаралық нарықтарында тартымды туристік өнімдерді ұсынатын бәсекеге қабілетті туристік бизнеспен бірге белгіленген туристік кластерлерде әзірленуі тиіс. Осы бағыттағы даму барлық қызығушылық танытқан мүдделі тараптар (мемлекет, бизнес және қызметкер) үшін туристік қызмет табысының қуатты және тұрақты өсуіне ықпал етуі тиіс.
Астана қаласындағы туризмнің қазіргі жағдайы қалай? Қаладағы халықаралық стандарттар-ға сай қонақүйлерге шетелдіктер тарапынан сұраныстар жиі түсе ме? Астана қаласында шетелдік туристерге лайықты қызмет көрсету үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?
— Елордамыздың даму барысында туристік сала айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Он бес жылдың ішінде қонақүйлердегі бөлмелердің саны 5000 және бір уақыттағы толтырымдылық 8000 бірлік көрсеткішіне дейін жетті. Сонымен қатар, туристер саны да өсу үстінде, бұл көрсеткіш соңғы он жылда бес есеге көтеріліп, 2013 жылы 608 мың адамды құрады. Астана қонақтарының 81% қазақстандықтар, ал 19% халықаралық қонақтар. Алайда халықаралық стандарттармен салыстырсақ, қала қонақүйлерінің толтырылымдылығы төмен деңгейде (35%-ға жуық). Астана туризмі шартты түрде екі қауашаға бағытталған. Біріншісі, жоғары бағалы 4* және 5* саралыным (сегмент) – негізінен бұл қонақүйлерде шетелдік келушілер орналасады. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес осы санаттағы қонақүйлердің орташа тәулік құны 25 мың теңгені құрайды және максималды тәулік құны 10 есеге жоғары болуы мүмкін. Сол себепті 5* және 4* қонақүй толтырылымдылығы төмен деңгейде. Екінші қауаша – 2*, 3* және санаты жоқ қонақүйлер саралынымы (сегмент). Бұл саралыным жалпы орналастыру орындары құрылымында 89% үлесін құрайды және салыстырмалы орташа тәулік құны төмен (8000-9000 теңге) болғандықтан, негізінен, қазақстандық қонақтардан сұраныс жиі түседі.
Біздің институт өткен жылы еліміздің туризм саласын дамытуының жүйелік жоспары аясында туризмді дамытудың негізгі орталығы ретінде Астана қаласын туристификациялау бойынша ұсыныстарға сәйкес ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуді ескере отырып, Астана қаласында туризм саласын дамытудың мастер-жоспарын әзірледі. Бұл зерттеу Астана қаласы туризм саласының қазіргі жағдайын жүйелі талдауына негізделе отырып дайындалды және туризмді дамытудың стратегиялық көрінісін, туризм саласын дамыту бойынша негізгі тұжырымдамалар мен әдістемелік ұсыныстарды қамтыды. Нәтижесінде Астананың 6 негізгі туристік өнімдері анықталды. Сонымен қатар, Мастер-жоспарда қаланы туристік аймақтандыру бойынша ұсыныстар берілді, Астананы демалуға арналған танымал орынға айналдыру үшін туризм бойынша 10 негізгі инвестициялық жобалар, 10 негізгі және жеті екінші кезекті қаланың бәсекелестік бағдарламалары, туризмді басқару үлгісі анықталды.
Туризм саласының жағдайын зерттеу жағы кемшін
-Бүгінгі таңда Астана қаласында қаншама фирмалар мен қонақүйлер туристерге қызмет көрсетуге қауқарлы?
— Қазақстан Республикасы-ның Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2013 жылы Астана қаласында барлығы 141 қонақүй тіркелген және бұл көрсеткіш соңғы он жыл ішінде шамамен 5%-ға көтерілді.Санаты жоқ және 2* санатты қонақүйлер ұсыныстың 76%-ын, ал қонақүйлеріндегі барлық бөлмелердің 43%-ын құрайды. Бұл қонақүйлердің сыйымдылығы жоғары емес және ұсынылатын қызметтер жағынан халықаралық стандарттарға сай келмейді. 3* санатты қонақ- үйлер Астанадағы ұсыныстың 13%-ын құрайды және 1 028 бөлме ұсынады. 4* санатты қонақүйлер саны соңғы он жылда 8%-ға дейін көтеріліп, барлық бөлмелердің 21%-ын ұсынады. Ал 5* санатты қонақүйлер тек 4 халықаралық брендті және сыйымдылығы жоғары қонақүйлерден тұрады: Rixos President Hotel, Radisson Blue, Ramada Plaza Astana және Soluxe Hotel Astana. Сонымен қатар, бірқатар жаңа қонақүйлердің құрылысы жүргізілуде: Ritz Carlton 5* қонақүйі, «Абу Даби Плаза» 4* көпфункционалды кешені (290 бөлме), Mariott Astana 4* қонақүйі (283 бөлме), бизнес-орталығы бар IBIS 4* қонақүйі (228 бөлме), Hilton Garden Inn 4* қонақүйі (250 бөлме) және т.б.
Ал туристік фирмаларға келсек, еліміздің Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2012 жылы 270 бірлікті құрады. Турагенттік қызметті көрсететін фирмалар саны 79%, ал туроператорлық қызметті көрсететін фирмалар 19%-ды құрайды. Туристік фирмалардың шамамен 65%-ы шығу туризмі бойынша қызмет көрсетсе, тек 35%-ы келу және ішкі туризмге бағытталған.
-Туристік қызметпен айналысатын туристік фирмалар мен жеке кәсіпкерлердің шетелдік қонақтарға көрсетіп жатқан қызметтеріне көңіліңіз тола ма?
— Мастер-жоспарда туризм саласының ағымдағы жағдайын зерттеу аясында туристік қызмет көрсету тізбегі зерттеліп, бірқатар олқылықтар анықталды. Мәселен, Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда Астанада халықаралық стан-дарттарға сай орналастыру орындарының саны көбірек. Алайда орта деңгейлі халықаралық брендті қонақүйлер жеткіліксіз. Сапалы қызмет көрсететін қонақүйлердің құны басқа елдердің алдыңғы қатарлы туристік дестинацияларындағы ұқсас қонақүйлеріндегі құнынан айтарлықтай жоғары. 5* халықаралық брендтік қонақүйлерінің құны Еуропадан 2-3 есе жоғары.
Жалпы, қонақүйлерінде, мейрамханаларда, туристік назар аударарлық орындарда, көлік жүйесінде және басқа да қызмет көрсету орындарында сервис деңгейі мен бағасының сәйкессіздігі байқалады. Ең басты олқылықтар – тілді білмеу кедергісі және қызмет көрсету дағдыларының жеткіліксіздігі.
Соңғы жылдардағы қонақ-үйлердің, мейрамханалар-дың және басқа да қызмет көрсету орындарының өсу қарқынын ескере отырып, ұсынатын қызметтердің сапасын жоғарылату үшін арнайы шаралар жүзеге асырылу керек. Бұл орайда, Мастер-жоспарда қаланы туризм саласында бәсекеге қабілетті дестина-цияға айналдыру үшін «Астананың сапа бағ-дарламасы» ұсынылған. Бұл бағдарлама ЭКСПО көрмесі өтпей тұрып басталуы қажет, себебі сапаны жақсарту — ұзаққа созылатын процесс. Астананың сапа белгісі туристік қызметтерді көрсету тізбегінің барлық компоненттерінде қарастырылуы тиіс – қонақүйлері және туристік назар аударарлық орындары, сондай-ақ туристік фирмалар, мейрамханалар мен барлар, дүкендер, такси қызмет көрсетулері мен туризм бизнесімен байланысты басқа да қызметтер соның ішіне кіреді.
-Астана әлемдік туризм орталығына айналу үшін қандай жұмыстар қолға алынуда?
— Мемлекетіміз тарапынан елордамыздың туризмін дамыту бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Оның бір бағыты — Астана қаласы туризм саласының ағымдағы жағдайын және әлеуметтік дамуын зерттеу нәтижесінде тиісті шараларды жүзеге асыру.
Бұл себептен, мастер-жоспар аясында біздің институт сарапшылары туризмді дамыту барысында жүзеге асырылатын шараларға талдаулар жасады. Астана қаласы туризм, дене шынықтыру және спорт департаменті негізінен қала деңгейінде туризмді дамыту стратегиясын және жергілікті бағдарламасын даярлайды, қаланы халықаралық, ауданаралық туристік көрмелерде ұсынады. Астана қаласы туристік ақпараттық орталығы қазақ, орыс, ағылшын, неміс, түрік тілдерінде жолбасшы шығарумен, маркетингтік қызметтерді орындаумен, қызмет көрсету саласындағы мамандарға кәсіби жоғарылату тренинг-семинарлар ұйымдас-тырумен, әртүрлі туристік жобаларды жүзеге асырумен айналысады («Астана – менің Отаным-ның ел ордасы», «Астана сити-тур» жобалары).
Алайда туристік қызметтер тізбегін зерттеу нәтижесінде маркетинг және басқару жүйесіне бірқатар жақсартулар енгізілу керектігі анықталды. Дүниежүзінің туристік дестинациялары дамыған мемлекеттерінде Дестинацияны басқару ұйымдары (ДБҰ) немесе Конвеншн бюролары жұмыс атқаруда. Олардың негізгі міндеттері мен функциялары: стратегиялық жоспарлау, дестинация шеңберінде мүдделі тараптармен коммуникация жүргізу, туристік нысандардағы қызмет көрсету сапасын басқару, қызмет көрсету саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру, дестинацияның имиджін алға бастыру және маркетингтік шараларды жүзеге асыру және т.б. Бұл себепті туризм саласын бір орталықтан тиімді басқару және ұйымдастыру үшін Астанада Дестинацияны басқару ұйымын құру ұсынылады.
ЭКСПО көрмесі өткеннен кейін ештеңе қаңырап қалмайды
2017 жылы халықаралық «EXPO» көрмесі Астанада 3 айға – 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылады. Көрмеге әлемнің 100-ге тарта елі мен 10-ға тарта халықаралық ұйым және 5 миллион адам келеді деп күтілуде. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуының үлкен қадамы екені даусыз. Бұл көрмені өткізу елорданың да, тұтас республиканың да экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша ынталандыру болмақ. Осы орайда Астанадағы және оның маңындағы кіші және шағын бизнес, ең алдымен қызмет көрсету саласы, қонақүй бизнесі мен ішкі туризмге салмақ түсетіні анық. Дайындық барысына тоқтала кетсеңіз.
— Біздің институт туризм саласының дамуында ЭКСПО-2017 әлеуетті маңызын бағалау мақсатында салыстырмалы талдау жасады. Шанхай, Ганновер, Сарагоса, Йосу және Айтиде өткен ЭКСПО көрмесі зерттелді. Салыстырмалы талдау нәтижесінде ЭКСПО-ны өткізу қаланы жоспарлау және дамытумен қатар жүретіні анық болды. ЭКСПО көрмесі туристік орналастыру орындарын дамытуға немесе жаңартуға ықпалын тигізетіні сөзсіз. ЭКСПО көрмесінің халықаралық келушілер санының жоғары болмауына байланысты (5-7%) туризмге тура әсері айтарлықтай күшті болмай, қаланың имиджі, танымалдығына және маркетингке әсері күшті болады. Мастер-жоспарда жасалған сауалнама және өткен ЭКСПО көрмелеріне салыстырмалы талдау жасау негізінде келушілер саны шамамен 2 миллион адамды және 3,74 миллион келулерді құрайды. Яғни әр қонақ көрмеге орташа 2,44 рет барып шығады.
Мастер-жоспарда Астанада жобаланған қонақүйлерге талдау жасалды. Астана қаласында шамамен 78 жаңа орналастыру орын-дарының құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде 4* және 3* қонақүйлердің үлесі көп.
Мастер-жоспарда жүргізілген зерттеу жұмыстарының түрлері, туроператорлардың кәсіби білімдері және жүйелік жоспар бойынша осының алдындағы ұлттық туристік зерттеулер жүргізу тәжірибесіне сүйене отырып, EXPO және басқа да мақсаттарда келушілерге арналған әлеуетті турпакеттерді анықтау мақсатында турлар ұсынылған. Мәселен, Қорғалжын, Бурабай, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне, Ақсу Жабағылы, Сарыағаш және т.б. аймақтарға жолсапар ұсынады.
-Аталмыш көрмеге бөлінген жер телімі қанша аумақты алып жатыр? Онда қандай нысандар салынбақ? Шетелдік туристерге қандай ұлттық мұраларымыз, экспонаттарымыз көрсетіле-ді? Туристерді қай аумақтарға алып шығу қарастырылған?
— Көрме аясында бөлінетін жер телімі және салынатын нысандармен “АСТАНА ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясы” АҚ айналысуда.
Біздің институт туристік орталықтарды дамытуға қатысты әдістемелік ұсыныстар жасады. Мастер-жоспарда ұсынылған шаралар мен жобалар жүзеге асырылса, Астана қаласының қонақтары келесі туристік орталықтарында серуендеуге және әртүрлі шараларға қатысуға мүмкіндік алады:
- Қонақтар Астананың ескі орталығының атмосферасын сезініп, қаланың динамикалық серпінін сезіне алу мүмкіндіктеріне ие болады. Қаланың бұл аймағында «Пассаж және жабық базар» жобасын дамыту ұсынылған. Пассаж жыл бойы жұмыс жасайтын аймақ үшін тамаша орын болып табылады. Базар – тарих пен қазіргі заман түйісетін қоғамдық орын. Сауда орындары кешкі концерттер, қазақтың дәстүрлі билерін, музыкалық шоулар және басқа да оқиғалар өткізу үшін пайдаланылуы мүмкін.
- Есіл жағалау аймағын демалу, ойын-сауық құру және көңіл көтеру үшін пайдалануға болады. Қосымша объектілердің (барлар, мейрамханалар және т.б.) арқасында осы аудан «түнгі өмір» орталығына айналады. Қысқы уақытта қатып қалған өзенде барлық қызмет түрлері үшін «жылы орталықтар» құратын қоғамдық тамақтану объектілерінің арқасында өзен одан да қол жетімдірек және «жанды» бола түседі.
- Өсімдіктердің және табиғи элементтердің арқасында орталық саябақ спортқа, демалуға және көңіл көтеруге арналған маңызды аймақ болып табылады. Мастер-жоспарда орталық саябақты түрлендіру жоспары ұсынылған. Кешкі уақытта орталық саябақ ашық аспан астындағы театрмен іс-шаралар аймағына түрленеді. Астананың «ескі» бөлігін байланыстыру және жағалауды қайта құру үшін белгілері бар жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салу қажет. Осылайша, Орталық саябақ Астананың «ескі» және «жаңа» бөліктері арасындағы жасыл жолға айналады.
- Есілдің оң жағалауында орналасқан мұражай орамы Бейбітшілік және келісім сарайы, Хазірет Сұлтан мешіті, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Тәуелсіздік сарайы мен Қазақстан тарихы мұражайы маңындағы ауданда орналасады. Заманауи және тарихи мәдени бағыттар ұсынатын жергілікті суретшілердің қатысуымен көрмелер өтуі тиіс. Мазмұнының қызықты болуының арқасында осы аймақ бірнеше сағаттан бір күнге дейін немесе одан да ұзақ уақыт бойы өнерді, мәдениетті сүюшілерді өзіне тартатын толыққанды мұражай орамы болуы мүмкін.
- Далалық дәстүрлі қазақ тарихын жеткізу үшін үш жоба жоспарлануда: Максимовка эко-этно ауылы, дала өркениеті және үлкен далалық шоу. Бұл жобалар еуразия және қазақ халқының қызықты ерекшеліктерін көрсетеді. Жобалар киіз үй қалашығы, көлдегі мейрамхана, бүркіттер шоуы, Ұлы жібек жолы мұрасын қамтиды.
Сонымен қатар, қонақтар Астана маңайының атап өтуге тұрарлық сұлулығымен ерекшеленетін аймақтарды тамашалай алады, яғни Бурабай, Қорғалжын және Баянауылға сапар шегуі мүмкін.
-Қаншама миллиардтаған қаржыға салынған нысандар мен қонақүйлер көрме өткен соң қаңырап бос қалмауы үшін қандай шаралар жоспарлануда?
— Біздің институт Мастер-жоспарда көрмеден кейінгі қолдануды ескере отырып, нысандарды тұрақты қолдану бойынша ұсыныстар жасады.
Айтып кеткенімдей, көрмеге келушілер саны шамамен 2 миллион адамды және 3,74 миллион келулерді құрайды. Оның шамамен 87% қазақстандық келушілер және 13% халықаралық қонақтар болады деп есептелінді. Келушілердің біраз бөлігі Астанаға жақын орналасқан аймақтардан келетіні болжануда. Бұл себептен және көрмеге барып шығатын Астана тұрғындары келушілерін ескере отырып, көрменің шамамен 39% күндік келушілері болады деп күтілуде.
Көрмеге келушілердің шамамен 61%, яғни 2,3 миллиондайы Астана қаласында түнейді. Алдын ала жүргізілген сауалнамаға сәйкес қазақстандық қонақтардың 17 %-ы достары мен туыстарының үйлеріне тоқталатыны анықталды. Барлық шетелдік қонақтар Астанада ұсынылған коммерциялық орындарға орналаса алады, яғни бұл барлық болжанып отырған түнеушілердің шамамен 26%-ы. Ал қалған коммерциялық орындарда қазақстандықтар (шамамен 9%) орналасады. Сонымен қатар, жасалған сауалнама мен салыстырмалы зерттеулер нәтижесінде көрмеге келушілердің 10-20%-ы студенттер болмақ. Яғни келушілердің бұл тобы түнеулердің шамамен 17%-ын құрап, Астанада қазіргі кезде бар 2 500 және келешекте жоспарланған жатақханаларда орналастырылуы мүмкін. Қалған қазақстандықтармен жасалатын түнеулер (31%) үшін жаңа орналастыру орындары қажеттілігі туындайды. Қонақүйлер салудың орнына бос тұрған тұрғын үйлерді келісім жасау арқылы қазақстандық келушілерге жалға ұсынуға болады. Біздің институт сарапшыларының пікірінше, бұл ЭКСПО көрмесі өткеннен кейін орналастыру орындарының қаңырап қалуына жол бермейді.
Cұхбаттасқан — Нағашыбай Қабылбек