Ел ағалары Бурабайда келелі кеңес құрды

Республикалық Ардагерлер кеңесі Елбасымыздың жолдауын талқылап, еліміздің көкейтесті мəселелерін көтерді

Көгілдір Көкше өңірінде, əсем де көрікті Бурабайда Республикалық Ардагерлер кеңесінің аймақтардағы төрағалары кезекті алқалы жиынын өткізді. Біздің газетте бірнеше жылдан бері Ардагерлер кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Осы жиынға да газетіміздің бас директоры Сəуле Мешітбайқызы да құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Бұл жолы ел ағалары Бурабайды босқа таңдаған жоқ. Біріншіден Елбасымыздың жолдауын талқылау болса, екіншіден, туризм қазір елімізде кең қанат жайып дамып келеді. Осы мəселе төңірегінде, сондай-ақ ардагер ағаларымыз ел өркендеуіне, тұрақтылығына, халқымыздың əл-ауқатының артуына баса назар аударды. Ел ағаларының алқалы жиыны орталық кеңестің төралқа отырысымен басталды.Төралқа отырысының тізгінін ҚР Парламенті мəжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның төрағасы Бақтықожа Ізмұқанбетов ағамыздың өзі ұстады.

Отырыста шипажайлы өлкенің тұмса табиғатының болашағы да сөз болды

Ақмола облысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Ақмола облысы ардагерлері кеңесінің қалалық, аудандық, бастауыш ардагерлер ұйымдарының басшылары кеңес жанындағы тұрақты комиссия төрағаларының кәсіби біліктілігін жетілдіру тәжірибесі туралы баяндама жасады.


Ғосман Төлеғұлдың айтуынша, облыста 17 аудандық 2 қалалық ұйымда барлығы 111 мыңнан астам зейнеткерлер бар. Оның 68-і соғысқа, 1000-ы соғысқа қатысқанға теңестірілген зейнеткерлер. 2016 жылдан бері облыстық кеңес көшпелі отырыс өткізіп келеміз. Кеңесте тағайындалған 5 тұрақты комиссияның ұсыныс, пікірлерін қараймыз. Комиссияның бекітілген жұмыс кестесі, ережесі бар. Мысалы, денсаулық комиссиясы — қартайған адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап, соны жүзеге асыру үшін жұмыс істейді, ол жағдайды да біз осы кеңесте қарастырамыз. Екінші кезекте Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия. Бұл қазіргі таңда күрделі мәселелердің бірі болғандықтан — күн тәртібінен түспейді. Жастарға патроиттық тәрбие беру комиссиясының да жұмысы күрделі. Бұл жөнінде Көкшетау техникалық институтында жас қызметкерлер слетін өткіздік. Нәтижесінде, ішкі істер органдарында қызмет жасайтын жастардың моральдық, патриоттық сезімдерін оятатын істерге баулып, құқық қорғаушылардың беделін арттыруға себеп болдық. Сондай-ақ, мәдениет және спорт комиссиясы ардагерлердің өнер, көркем шығармашылықтарына әрдайым қолдау көрсетеді.
Ардагерлер арасында өнер фестивальдары мен шахмат, дойбы, бильярдтан облыстық, қалалық жарыстарды тұрақты өткіземіз. Ұлттық спортты жаңарту ұлықтау үшін «Асық ату», «Бес асық» сайыстарын жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдырып келеміз. Өңірлердегі төрағалардың белсенділігін, жауапкершілін арттыру мақсатында қызметтік көлікпен қамтамасыз етуді қолға алдық. Соның арқасында Көкшетау, Степногорск қалаларымен қатар Ақкөл, Біржан сал аудандары қызметтік көлікке ие болды. Облыс ардагерлері Елбасымыздың сындарлы саясатын, жыл сайынғы жолдауларына қолдау білдіріп, халыққа түсіндіруге құлшыныс танытатын белсенді күші десе артық емес. Елбасының 5 қазандағы жолдауымен кеңінен танысып, жүзеге асуына белсенді кірісіп кеттік.
Сөз соңында табиғаты көркем, ауасы таза Бурабайда бас қосқан ел ағалары, шипажайлы өлкенің әсем табиғатын қалпында сақтау жайына алаңдап, арнайы келелі кеңес құруға келген ардагер әріптестеріне ризашылығын білдіріп, көшпелі кеңестен нәтиже күтетінін жеткізді.
Келесі сөз кезегін «Ауыл шаруашылығы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Михаил Васильевич Трошихин жалғастырды. Ол қоғамдық бірлестікте атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Одан кейін кеңес төрағасының орынбасары Б.Мұқышев «Ардагерлер айнасы» газетінің атқарған жұмысы мен келесі жылдың жазылу науқанына дайындық жөнінде баяндап берді.

Ел ағаларын жеті мақсат алға жетелейді

Ардагерлердің алқалы жиынының екінші кезеңі ел ағалары мен Көкшетау, Бурабай ауданының ардагерлері, қоғам белсенділерінің қатысуымен өтті.
Семинарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ-ның төрағасы Б.С.Ізмұхамбетов «Елбасының Жолдауы – халықтың әл-ауқатының артуына негіз» тақырыбында баяндама жасады.
— Соңғы жылдары дәстүрлі түрде өткізіп жүрген республикалық семинарымызды бүгін “Қазақстан Швейцариясы” атанған көрікті Көкше өңірінде, әсем Бурабайдың баурайында ашып отырмыз. Көшпелі семинарды өткізуге қолдау көрсеткен, облыс әкімі М.Мырзалин және басқа да атсалысқан ел азаматтарына өз атымнан, қатысыушылар атынан алғысымды білдіремін, — деп негізгі баяндамасына көшті.


— Жолдаудағы 7 бағыттың біріншісінде халық табысының өсуі туралы айтылған. Сондықтан Елбасының жолдауына қатысты 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни 28-42 мыңға, бюджеттен жалақы алатын 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35%-ға өсетін болады.
2010 жылы іске қосылған «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды және осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша 30 млрд. тг. қарастыруды тапсырды. Бұл 3 жыл ішінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 224 млрд. тг. салық түсіруге, 3 трл. теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымынан және қылмыстық қудалаудан қорғауды арттырып, 2019 жылдың 1 қаңтарынан салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі жауапкершілікті күшейтіп, айыппұлды 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өсіруді, экономикалық тергеу қызметін қайта құруды тапсырды.
Жаңадан кәсіп бастауды қолдау үшін «Салық амнистиясын» жүргізуді тапсырды.
Өңдеу өнеркәсібі, шикізаттық емес тауарларды экспорттау үшін 500 млрд. теңге бөлінетін болды.
Көлік – логистика, басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету және ішкі туризмді дамытуды тапсырды.
Үш аусымды және апат жағдайында тұрған мектептердің мәселесін шешуге 50 млрд. теңге қарастыруын және балалар қауіпсіздігін ескере отырып бүкіл мектеп, балабақшаларды бейнебақылаумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Учаскелік медицина қызметкер-лерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтіп, 100 дене шынықтыру, сауықтыру кешенін салу, 2019 жылы «Ұстаз статусы туралы» заң қабылдауды тапсырды.
Жолдаудағы көрсетілген бағыттар мен тапсырмалардың жүзеге асуына елдегі ардагерлер өз үлесін қосуға міндетті деп ойлаймын.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінде «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» және Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен бірігіп тиісті бағыттарда жұмыс істеу жөніндегі меморандумдар әзірленуде.
1 қыркүйекте қос палатаның бірлескен отырысында Елбасы еліміздің әлеуетін арттыратын «жетістіктерге жетелейтін жеті тапсырманы» қабылдап, маңызды салалар бойынша алдағы міндеттерді айқындап берді.
— Жазда өңірлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысу барысында халықты толғандыратын мәселелер бар екенін көзбен көріп келдік. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін маңызды бағдарламалар өңірлерде біртіндеп жүзеге асып келеді.
Бұл ретте қаралып отырған жеті бағыттың жүзеге асуына ел ардагерлері, яғни біз жүйелі жұмыс жасауымыз керек. Сондықтан бүгін осы жеті бағыттағы жасалатын жұмыстарды нақтылап, талқылағанымыз жөн.
Бірінші: — Елбасымыз айтқан маңызды мәселелердің бірі өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту болып табылады. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді оңайлатуды енгізу ұсынылып отыр. Оларға медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысуға мүмкіндік береді. Парламентке осы өзгерістерді тезірек жыл аяғына дейін қабылдауды тапсырды. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылып, 2 қазан күні заң жобасының тұсаукесері өтті.
Екінші: — Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасында, тұрғын үй иелері арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз ету, басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажеттігіне сай әзірленген заң жобасы Парламент Мәжілісіне еңгізілді.
Үшінші: — Табиғи монополия саласында инфрақұрылымдарды жаңарту, қызмет сапасын, тиімділігін, жариялылығын арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту және ынталандыруды жетілдіретін жоба болып табылады.
Төртінші: — Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу үшін, Үкіметке туризм мен бизнес ортаны дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жасау тапсырылған. Бұл мәселе 24 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің Үкімет сағатында жан-жақты талқыланып, ұсыныстар жолданды.
Бесінші: — Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру тапсырылды. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді агроөнеркәсіп кешенінде автоматтандыру үшін тиісті министрлік заң жобасын әзірлеуде. Бұл жүйе іске қосылса ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер үшін біраз мәселе жеңілдейді.
Алтыншы: — Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалғаса беретініне тоқталды. Тарихи-мәдени мұралар мен киелі нысандарды қорғауда заң қабылдауды тапсырды. Заң Парламентте 1 қазан күні жан-жақты талқыланды.
Ел аумағында көптеген мәдени-тарихи құндылықтарымыз егемендік жылдарында қамқорлыққа алынды.
Рухани жаңғыру бағдарламасы қабыл-данғаннан бері, тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеуде Ардагерлер Ұйымы үлкен жұмыстар атқарып келеді. Өңірлердегі ардагерлер кеңестерінің ұйымдастыруымен өткен еліміздегі мәдени-тарихи мұраларды анықтауда атқарған іс-шаралары көптеп саналады. Бұл жұмыстарды одан әрі де жалғастыра беретін боламыз.
Жетінші: — Маусым айында Түркістан облысы құрылып, Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, мегаполис статусы берілді. Түркістан — еліміздегі ең киелі жерлердің бірі. Осы киелі мекендердің маңыздылығын арттыру мақсатында заң жобасы талқылануда. Бұл заңға біздің ардагерлерде атсалысып, ойларын жеткізуде.
Күні кеше Елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі өтті. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы орнының нығаюының белгісі. Біз ардагерлер еліміздің өркені, ұрпағымыздың болашағы жарқын болатынына сенімдіміз.
Елбасы атап өткен жеті бағыт еліміздің әрі қарай дамуының келесі қадамы. Бұл орайда аталған барлық жұмыстардың түпкі межесін, мән жәйін біліп, оны халық ортасында насихаттап жүру, өз тәжірибемізбен бөлісу ардагерлердің жұмысы», — деп «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ-ның төрағасы Б.С.Ізмұхамбетов қадап айтты.
Ақмола облысы әкімі М.Мырзалин жұмыс барысымен келе алмағандықтан, оның орынбасары А.Мысырәлімова Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ол сөз басында ел ағаларын Ақмола өңіріне келуімен құттықтап, облыс әкімі М.Мырзалиннің сәлемін жеткізді.

А.Мысырәлімова баяндауынша, өңірде 300 млрд. тенге көлемінде 81 жоба іске асып жатыр. Биыл 1300 орынды 4 мектеп және 900 орындық IT-мектеп лицейі жаңадан ашылып, біршама мектептерге күрделі жөндеу, қосалқы нысандар салынды. Салауатты өмір салтын арттыру мақсатында 54 нысан салынса, жалпы өңірде 2355 спорт залы мен алаңдар бар. Жаңадан 3 сауықтыру орталығы іске қосылды. Елді мекендердің 59 пайызы ауызсумен қамтылса, қалған 23 мекен суды тасып ішуге мәжбүр. Облысаралық жолды жөндеу біршама ілгерілеп биыл 426 шақырым, келесі жылы 460 шақырым жол жөнделетін болады. Облыста туризмді қолға алу, әсіресе Бурабай өлкесін дамыту басты мақсаттың бірі болып тұр. Ол үшін Бурабайда айтарлықтай жұмыс атқарылып келеді. Туризм саласы Қазақстанда енді дамып келе жатқандықтан, оған қатысты арнайы маман жоқтың қасы. Туризмді ары қарай дамыту мақсатында Көкшетау өңірінен «Туризм Сербис академиясын» аштық. «Сары арқа» жобасы бойынша өңірді газдандыру мақсатында келесі жылы Аршалы, Целиноград ауданының 20 елді мекені газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
Облыстың экспорттық әлеуеті ілгерілеп, егін орағының бітуге жақын екенін жеткізіп, семинар кеңеске табыс тіледі.
Негізгі баяндамалардан соң өңірдегі филал төрағалары алматылық Е.Шайқұтдінов, қостанайлық К.Укин, солтүстік қазақстандық Е.Елеусізов, көкшетаулық Ш.Шарапұлы сөз алып, өз аймақтарында жасалып жатқан істерімен қатар, алда атқаратын жұмыстары туралы қысқаша таныстырып өтті. Сонымен қатар «Жеті мақсатты» орындауда қажет деген ұсыныстарын жеткізді.


Семинар соңында «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ-ң төрағасы Б.С.Ізмұхамбетов семинар өткізуге қолдау көрсеткен Ақмола облысының басшылығы Ғ.Төлеғұлға ризашылығын білдіріп, сертификат тапсырды.
Сондай-ақ, ұйым қызметіне және қоғамда белсенділік танытып жүрген ардагерлер марапатталды.
Бұл жиында «Қазақстан-Zaman» ЖШС бас директоры С.Мешітбайқызы арнайы шақырумен қатысып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

 

 

 

Түйін:
Біз тағы да ардагерлеріміздің ел тіршілігіне, тынысына бей-жай қарамайтындығын қайта зор қажыр-қайрат, даналық көрсетіп көптеген игі істерге мұрындық болып келе жатқандығын бағамдадық. Келелі жиындағы көтерілген мәселелерді бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Бұл алқалы жиында балаларымыздың, достарымыздың тəрбиесіне қатты алаңдап оны жөндеудің жолдарына тоқталып өтті. Болашақта бұл жөнінде арқаулы үндеу қабылдау қажеттігін де жеткізді. Бурабайды көркейту, туризмді жетілдіруде облыс әкімі М.Мырзалиннің біршама жұмыстардың атқарғанын көріп, біліп, журналистер жазып жүрміз. Атқарылған жұмыстан, атқаратын жұмыс шаш етектен. Оны тізбелесек, тізбек жалғаса береді. Бірақ, елдің ұлтжанды, патриоттары, басшылары Бурабайды әлемге танытпай тынбақ емес. Себебі, Бурабай әлемде жалғыз, ол Қазақстанда. Олай болса, Бурабайды дамытуға үлес қосу әр азаматтың міндеті. Осы міндетімізді нақ түсініп, жұмыла жұмыс істесек Бурабай қазақ елінің бренді болып әлемге танылуыда алыс емес… Жиынның соңында ардагерлер Бурабайдың əсем табиғатын тамашалап Абылайхан алаңында аспан асты мұражайы Ботайда болды. Ерекше ризашылықпен, ардагерлер бір-бірімен қимай қоштасты.

Дахан Шөкшир