Ел басына күн туғанда етігімен су кешкендер…

биыл әйгілі Желтоқсандағы жастар көтерілісіне 30 жыл

       Жыл сайын күз ортасынан асқанда кеңінен талқыланып жататын бір мәселе бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуына зор ықпалы болған 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі. Бұл тақырыптың өзектілігін жоғалтпауы заңдылық. Десе де, әсіресе, сол кезеңге жастық дәурені дөп келіп, бүгінде ел басында немесе зиялы қауым арасында жүрген арда азаматтардың жанын жейтін екі дүние бар. Бірі – Желтоқсаншылар өз деңгейінде қадірленбей келеді, яғни, ол күнді «қаралы күн» деп елдің есіне сала беруге мемлекет құлық танытпайды, есесіне Григориан күнтізбесі бойынша жаңа жыл тойлауды одан ерте бастап кетеді. Екіншісі – 86-ның шындығы әлі толық ашылмады…

      Бұған дейін ел басшылығына Парламент депуттары мен әртүрлі этнос өкілдері тарапынан көтерілістің мерейтойларына (2006, 2011, 2016) байланысты ғылыми форум өткізу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Сөйтіп, оның сәті биыл туып, Астана қаласында күні кеше Қазақстан Тарихшылар қауымдастығы мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен халықаралық «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Елімізден бөлек, алыс-жақын жеті бірдей шетел мемлекеттерінен келген елшілер, саяси және қоғам қайраткерлері, ғалымдар қатысқан ауқымды жиынды белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді ашып, аталмыш конференцияның мақсатына тоқталды. Сонымен, көбіне ұрандап кететін желтоқсаншылардың бұл жолғы халықаралық деңгейдегі конференциясының мақсаты мен негізгі бағыттары мүлдем  патриоттық көтерілістің шынайы мәні мен жаппай ерлікті жоғары ғылыми-теориялық деңгейде ашу, ЖЕЛТОҚСАН-86 феноменінің тарихи және халықаралық маңызын бағалау, оның Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрестегі рөлі мен орнын анықтау, сондай-ақ осы оқиғалармен байланысты басқа да маңызды мәселелерді халықаралық ғылыми және саяси стандарттар негізінде талқылау болды.

86

     Алғашқылардың бірі болып ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков жиналғандарды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, егемендік үшін сын сағатында етігімен су кешкен жастардың ерлігін тілге тиек етті. Ал, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани 86-дағы қазақ жастарының жасындай жарқылдап, бостандық таңының атуына өлшеусіз үлес қосуын 1956 жылы мажар халқының егемендікке қол жеткізуімен салыстыра отырып сөз сөйледі.

 -Сіздердің осы бір айтулы күндеріңізге 30 жыл толса, Венгрия Республикасының да тәуелсіздік үшін жасаған революциясына биыл 60 жыл. Екі ел бүгінде дипломатиялық қарым-қатынаста, бауырлас мемлекет ретінде даму жолына түссе де, біздің өзара ынтымағымыз, тұтастығымыздың тарихы тереңде жатыр. Араларына отыз жыл сала болған бір мақсаттағы қос оқиғаның өзі мажар және қазақ халқының әуелден еркіндікке деген ұмтылысы жағынан да ұқсастығын ерекше атай кеткен жөн,-дейді ол.

      Сонымен қатар, конференцияға ҚР Парламентінің депутаттары да қатысып, бірі құттықтау сөз сөйлесе, бірі баяндама жасап,  Желтоқсан жайлы көпке жария болмаған сырларымен бөліскен болатын. ҚР Парлмаенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов сол кезеңді қайта бір еске алып:

-Қай ұлттың, халықтың болмасын тарихында айтулы оқиғалар болып тұрады. Олардың мақсат-мұраты әртүрлі болса да олар халықтың санасына қозғау салып, тек сол мемлекетке ғана емес, айналасындағы көрші елдерге әсер етпей қоймайтыны белгілі. Яғни, мен көпшілік арасында «Желтоқсан көтерілісі» аталып, әлемге әйгілі болған осынау оқиғаның жыл өткен сайын өзектілігін арттырмаса, жоймайтынын баса айтқым келеді. Жақында менің қолыма бұрындары Ресейдің Премьер-министрі болған Евгений Примаковтың ашық ойлары енген «Мысли вслух» кітабы түсті. Соның ішінде автордың Кеңес Одағының неліктен ыдырағаны туралы айтылған мақаласы бар. Онда Орталық пен Республикалар арасындағы қарама-қайшылықтың жылдан-жылға өрши түсуі негізгі фактор деп қарастырады. Яғни, Орталықтың республикалардың ішкі және кадр саясатына араласып және өрескел қателік жіберуі КСРО-ның құлауына әкеліп соққан,-деген ол құттықтау сөзін сөйлеуге шықса да ғылыми конференцияның тақырыбына тұздық ретінде осындай дәлел де келтіре кетті. Бір қызығы, байланыстың дамымаған, бүгінгідей интернет жоқ заманда Атырау қаласында (сол кездегі атауы Гурьев) оқып жүрген студент С.Еңсегенов және оның замандастары Алматыдағы көтерілістен хабардар болады. Сөйтіп, кезекті бір дәрісте оқытушымен пікірталасқа түсіп қалып, кейін оны ішкі істер қызметіндегілер жауапқа тарқан екен.

РЫСҚҰЛБЕКОВ ҮШІН РАҚЫМШЫЛЫҚ СҰРАҒАН ПОЛЬША

     Конференцияға Польшадан арнайы келген тарихшы әрі белді саясаткер Владыслав Соколовски 86-дағы оқиғаның поляктарға да тез жеткенін айтып қалды. Тіпті поляк оппозициясы Қайрат Рысқұлбеков үшін арнайы пошта маркасын жасап, оған араша түскен.

%d0%b2%d0%bb%d0%b0%d0%b4%d0%b8%d1%81%d0%bb%d0%b0%d0%b2-%d1%81%d0%be%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b2%d1%81%d0%ba%d0%b8

 -Аталған маркада етпетінен жатқан адамның суреті мен «Солидарность», және «Рысқұлбековке рақымшылық жасалсын!»  деген сөздер мен Горбачевтың суреті мен «Гласность» деген жазу бар. Сондай-ақ, онда сатылымнан түскен қаражат «Свобода и мир» қозғалысының жұмысына жұмсалады деп те жазылған,-дейді поляк ғалымы.

     Ал, Желтоқсаншы Сайфолда Бейсенбай Алматыдағы музей мұрағатынан тұтқындалған азаматтардың еш жерде жарияланбаған 800-ге жуық суретін тапқан. Көпшілік үшін тың дүниені қолға түсіру оңай болмаған, әрине.

%d1%81%d0%b0%d0%b9%d1%84%d0%be%d0%bb%d0%b4%d0%b0-%d0%b1%d0%b5%d0%b9%d1%81%d0%b5%d0%bd%d0%b1%d0%b0%d0%b9

 -Музей директорына хат жазып жүріп, сондай қиындықтармен мінеки, отыз жылдан кейін ғана суреттерді жария етуге мүмкіндік алып отырмыз. Әзірге бұл суреттердің ішінде он шақты азамат белгілі болып отыр. Ендігі мақсатым – қалғандарының да кім екенін анықтап, өмірде бар ма, жоқ па соған көз жеткізу,-дейді С.Бейсенбай.

     Жиынға қатысушы саясаткерлер де, ғалымдар да жоғарыда айтылғандай деректердің шеті көрінгенімен әлі де болса Желтоқсан көтерілісі жөнінде ақтаңдақтар ақиқаты жүз пайыз анықталып, жария етілмей отыр деп налиды. Жігіт ағасы жасына жеткен Желтоқсаншылардың да жатса-тұрса армандайтыны осы болып тұр. Ал, тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген бүгінгі қазақ жастарының алдындағы міндет – есіл ерлер мен батырға тән мінез танытқан асыл аруларымызды ұмытпай, 86-ның Желтоқсанын қаралы күн деп қарамай, толықтай шындыққа жанасатын қолда бар деректерді кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбаған күйінде жеткізу ғана.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ